Таза ауа – жанға дауа

Изображение 2 444цвТаяуда мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі қалалық спартакиада жалауын көтеріп, бұл додаға барлық жан атсалысып, бір-біріне қызу қолдау көрсетті. №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шаңғы базасында қарақұрым халық, дүйім ел жиналып бір мәре-сәре күй кешті.
Мұнда тек шаңғымен жүгіру ғана емес, арқан тартыстан да жарыс өткізіліп, спартакиаданың көрігі қыза түсті.
Соның бел ортасында жүріп, командасына қолдау көрсетіп  жүрген шаһар әкімі Ахметбек Ахметжановты да байқап қалдық.
– Бұл жарысқа қатысуды әу бастан ниет еткен едім. Қазір шұғыл жиналысқа кетуім керек боп тұрғанын қарашы, –  деді Ахметбек Масақбайұлы. –  Бірақ біздің команданың әзірге аяқалысы жаман емес. Былтыр біздің құрама облыстық спартакиадада алтыншы орынды місе тұтқан еді. Енді биыл осы қалалық біріншіліктен жинаған бар күш-жігерлерін салып облыстық бәйгеде бірінші орынға таласамыз деген ынталы ойда.
Оны өздеріңіз де бүгін көріп отырсыздар.
Осылай қысқа-нұсқа жауап берген Ахметбек Масақбайұлы 3 шақырымға шаңғымен жүгіргелі жатқан командаластарына дем бермекші боп со жаққа қарай беттеді. Біз де соңынан қалмай шаңғы спортының стайерлеріне тұра шаптық.
Сүт пісірім уақыттан кейін шаңғышылардың қарасы көрінді. Әп дегеннен ытқып ала жөнелген «Қостанай-Су» МҚК директорының орынбасары Игорь Киселев ешкімді алға түсірместен алғаш мәре сызығын қиды. Содан соң іле-шала қалалық спорт бөлімінің басшысы Нұржан Ермағамбетов жетті.
– Бұл бір керемет жарыс болды, – деді бізге әлі алқынғанын баса алмай риза болған Игорь Киселев.  – Өзім де үздік үштікке ілінетінімді жорамалдағанмын. Ал міне, қараңыз, тактикаға жүгініп, бірінші орынды жеңіп алдым. Шаңғы спортымен бұрыннан айналысамын. Сосын ғой оң жамбасыма келгені.
Спартакиада спорттың 6 түрін қамтыды. Шағын футбол, шахмат, үстел теннисінен өткен жарыстар бұған дейін өтіп, қорытындыланғаны бұған дейін хабарлағанбыз. Волейболдан жарыс әлі жалғасуда. Ал, спартакиаданың жалпы командалық есебінің қорытындысы наурыз айында жарияланбақ.
Шағын футбол
1 орын – Ішкі істер департаменті;
2 орын – Білім бөлімі;
3 орын – Қала әкімінің аппараты.
Шахмат
1 орын – Білім бөлімі;
2 орын – Қала әкімінің аппараты;
3 орын – Прокуратура.
Үстел теннисі
1 орын – Қала әкімінің аппараты
2 орын – «ҚЖЭК» МҚК;
3 орын – Білім бөлімі.
Нұрболат
        МЕШІТБАЕВ
Суретте:  шараға қатысушылар.
Суретті түсірген  Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓