Құтты өлке – Қарабалық
Облыстың көркем де құтты өңірі, сан ұлысқа несіп, кесек тұлғаларға бесік болған мекен – Қарабалық ауданының 90 жылдық тойы өтті.
Қарабалық – алқабында астық ырғалып, өрісінде малы мыңғырған, өндірісі өркендеп, ырысы шалқыған қазақтың құйқалы қоныстарының бірі. Серпінді даму жолындағы өңір тарихи, рухани, экономикалық тұрғыда дәйім алғы сапта. 28 мыңға жуық тұрғыны бар еңбекші, елгезек ауданның атап өтіп отырған бұл мерекесі айтулы жетістіктер мен айнымас мақсаттардың нышаны тәрізді болды.
Торқалы той Қарабалық батыр ескерткішінің ашылу рәсімімен басталды. Нысан аудан орталығының кіреберісінен орын тепкен. Асқақ та айбарлы баһадүр мүсіні өңірдің тамырлы тарихын әспеттеп, тағылым мен рух сыйлап тұрғандай. Бұл еңселі ескерткіштің бой түзеуіне ақсақалдар алқасы бастамашы болып, жергілікті билік қолдау көрсеткен. Қалталы, қайырымды азаматтардың да қосқан үлесі зор.
Айта кету керек, бұл – қалпының нашарлығына байланысты өткен жолы құлатылған ескерткіштің орнына орнатылған қола мүсін. Бұрынғысынан әлдеқайда сапалы әрі сәнді, анағұрлым биіктігі де көзге ұрады. Арнайы тапсырыспен Алматы қаласында жасалды. Ашылу салтанатында елдің игі-жақсылары мен қазынакеуде қариялары батыр жайында деректі әңгімелер қозғады, атқамінерлер мұның аудан тарихындағы маңызды оқиға екенін сөз етті.
"Ауданның тарихи жолы үшін 90 жыл аз уақыт емес, әрине. Осы күнге дейін бұл мекен әлеуметтік, экономикалық, мәдени тұрғыда қарыштап дамып, оң өзгерістерді бастан өткерді. Әртүрлі ұлт өкілдерінің біртұтас болып ұйысуына ортақ тағдыр мен оқиғалар себепші болып келеді. Соның бірі, мінекей, 90 жылдық қарсаңында орнатылған батыр ескерткіші. Әрдайым осындай ізгі шараларда басымыз қосыла бергей", – деді өз құттықтауында аудан әкімі Нұржан Өтегенов.
"Қарабалық батыр атындағы қордың барын естідік. Олар біздің пікірді қолдап, қомақты қаржы бөлуге келісім берді. Мақсатымызды мақұлдай кеткен аудан басшылығына да алғыс айтамыз. Ескерткіш айналасының абаттануы осы жергілікті биліктің ықпалының арқасы. Кім не десе, о десін – Қарабалықтың батыр бабамыз екенін мақтан тұтамыз", – деп ақжарма лебізін білдірді аудан тұрғыны Ердәулет Ыбыраев.
Ақын-жазушылар тарихи тұлғаны өлең-жырға өзек етіп, өнерпаздар жиылған жұртқа рухты ән-күйден тарту жасады. Ізін ала 90 жылдық той аудан тарихынан сыр шертетін көрмелермен жалғасты. Орталық алаңды айнала қонған этноауыл, түрлі ұлттың асханасы, мерекелік концерт тұрғындар мен қонақтардың көңіл қошын келтірді. Сауда-саттық жәрмеңкелері төңірегінен адам аяғы арылмады. Енді бір жерде балаларға арналған іс-шаралар салтанат құрып жатты.
Ал спортсүйер қауым Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде басталған қазақ күресінің ашық турниріне жиналды. Боз кілем бәсекесіне балуандар облыстың әр түкпірінен арнайы келіпті. Араларында аймаққа ғана емес, тұтас елге есімі танымал Ерлан Омаров, Азамат Ерәділов, Берік Таласов, Ғабит Балғынбаев секілді апайтөстер бар. Күреске еңбек сіңірген жаттықтырушылар – Олжабай Сәрсенбаев, Жұмақан Қасымханов келіп қатысып, төрелік жасады.
Құрыш білек, сом балтыр 16 балуан бабы мен бағын қатар сынға салды. Шаршы кілемде шарболаттай шыңдалған шымыр жігіттер Қарабалықта бұрын-соңды болмаған күрес өнерін паш етті.
90 келіге дейінгі спортшылардың ішінде арқалықтық Азамат Ерәділов қарсылас шақ келтірмей, 1-орын иеленді. Қанжығасында – 300 мың теңге. 2-тұғырдан көрінген жітіқаралық Мереке Рыздықов қоржынын 150 мың теңгемен майлады. 3-орын амангелділік Бекболат Мұқановқа бұйырды (100 мың теңге). Ал 90 келіден жоғары салмақта белдескен балуандар арасында арқалықтық Ғабит Балғынбаев бәсекелестерінің бәрінен басым түсіп, 500 мың теңге бұйымшылады. Күрестің басынан бері басты фаворит саналған науырзымдық Ерлан Омаров 2-орынды місе тұтты (250 мың теңге). Әбжілдік танытып, тегеурінді қарсыластарынан айласын асырып кеткен қостанайлық Серік Дәрменбаев үздік үштікке ілікті (150 мың теңге).
Ұлттық спорттың жанкүйерлері үшін көрер қызық мұнымен аяқталған жоқ. Көпшілігі ауыл шетінде басталған ат бәйгесіне асыға тартты. Жүйрігін қосқандай "жандарын шүберекке түйген" жұрт жарыс алаңын жағалай қаумалаған. Күліктер облыстың күллі аймағынан және Астана, Көкшетау сынды қалалардан әкелініпті.
Әуелі әлеумет "тай жарысты" тамашалады. 4 шақырым қашықтықта ауыздықпен арпалысқан қылқұйрықтар ішінде "Дерзкий" лақап аты бар жүйрік қара үзіп келді. Шабандозға 500 мың теңге жүлде тағайындалды. Ал 12 шақырымдық "Тоқ бәйгеде" астаналық "Бастау" бәсекелестерін шаң қаптырды. Жұрттың асыға күткені 20 шақырым, 10 айналымдық "Аламан бәйге" еді. Алаңға 9 сәйгүлік шықты. Мәреге дейін бір-ақ шоғыр болып шапқан жүйріктер арасынан ақырғы сәтте Көкшетаудан келген аққу мойын арғымақ ( иесі – У.Н. Османов) суырылып алға шықты. 1-орынға тігілген жүлде – 1 млн теңге!
Аудан мерекесі орталық стадиондағы мотофристайлмен жарасымды жалғасын тапты. Экстрималды спорттың бұл аса күрделі түрін көрген де, көрмеген де арманда қалды десе болатындай. Әуеде сан түрлі акробатика жасаған мотошабандоздардың ерекше сыйын қарабалықтықтар тәнтілікпен қабыл алды.
Шаралар тізбегі Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның және аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарламамен қорытындыланып, мерекелік отшашумен аяқталды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев