Қостанайлықтар көмегі – 11 млн теңге
Қарағанды облысы Шахан кентінде үйдің бөлігі құлаған кезде зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілері 11 миллион теңгеден астам қаражат жинады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Жиналған қаражат «Шахтинск қаласы Шахан кентінде орын алған төтенше оқиға салдарынан зардап шеккен тұлғаларға көмек қоры» жеке қайырымдылық қорына аударылды. Қаржы жинауға жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері, барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық басқармалар мен ведомстволық бағынысты мекемелер қызметкерлері қатысты. Соңғы дерекке сәйкес жиналған қаржы 41 млн теңгені құраған.
Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әсия Аймағамбетованың айтуынша, қазір өңірде барлық жылыту көздері толықтай тексерілуде. Бұған облыс әкімі бастамашылық етті. «Жылыту маусымы басталарда барлық жылумен жабдықтау нысандары тексерілгеніне қарамастан, облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдау қажет», – деп атап өтті өңір басшысы. Әлеуетті тәуекелдер анықталған жағдайда оларды жою шаралары қабылданатын болады. Еске салсақ, 1 қаңтарда сағат 22.40 минутта Шахан кентінде көп қабатты үйдің бөлігі құлады. 9 адам қаза тапты, олардың 3-еуі бала. Оқиға себебін арнайы комиссия тексеруде. Алдын ала дерек бойынша апат автоматты жылу жүйесінің ақауынан болған. Тұрғындар пәтерлеріне оралуда. Сарапшылар үш кіреберісті жарамды деп таныды, жылу жүйесі қалпына келтірілді. Бұл үшін модульдік қазандық орнатылды.