Жанділдә МАҚАНОВ: Тіршіліктегі тірегің – пейілің мен жүрегің Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, әлеуметтану ғылымының кандидаты Жанділдә Мақановпен сыр-сұхбат

Нұрсұлтан Назарбаев:
"Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік берекесі. Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз".
IMG_3978Журналист: Жанділдә Қожахметұлы, біздің еліміз, Тәуелсіз Қазақстан бүгіндер талай ұлт өкілдерінің құт мекені, ыстық ұясы, ортақ Отаны. Түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір жүздеген ұлттар мен ұлыстардың бақытын тапқан, шаңырақ көтеріп, ұрпақ жайған алтын бесігі. Ата-бабаларымыз найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған қазақ жері бай, өзін осы қасиетті жердің жалғыз түйір дәнімін деп санаған жандар үшін оның құшағы ашық, көңілі кең, ықылас-пейілі ерекше. Дархандықты даласынан дарытқан қазақ халқының төрі әрдайым дайын, дастарқаны жаюлы. Ал бүйректен сирақ, қитықтан  ситық  шығарып,  құрыққа сырық жалғап, тәуелсіздігімізге көз алартып, ағайын арасына іріткі салып, көсемсіген келімсектермен сөз басқа. Дегенмен Қазақстанда бейбітшілік пен өзара түсіністік, азаматтық келісім рухын сақтау, оны дамыту, Қазақ елінің гүлденуі үшін жаппай жұмылдыру республикадағы басты этнос ретінде қазақ халқына ерекше жауапкершілік жүктері хақ. Біз өз елімізде отырып, өзгені өзекке теуіп жатсақ не болғаны. Осы орайда Сіз ішкі саясат мәселесімен  көптен бері айналысып жүрген маман, әлеуметтанушы ғалым ретінде не айтар едіңіз?
Ғалым: Бұл ретте Елбасы айтқан бір пәтуалы сөз еске оралып тұр. Ол кісі «…қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады. Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Ашу емес, бәрін ақыл шешуі керек. Елдің тыныштығын бұзу ұлтымыздың болашағына балта шапқанмен бірдей. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды», – деген еді.
Бүгіндер әлемдік кеңістікте Қазақстанның өзіндік орны бар. Қазақ елін бүкіл әлем таныды, онымен санасатын болды. Жыл өткен сайын Қазақстанның  беделі де, экономикалық күш-қуаты да, рухани әлеуеті де жоғарлап келеді. Соның бәрі елдегі тұрақтылықтың, ұлтаралық келісім мен бірліктің арқасы. Осындай үрдіске жетіп, Қазақстанды әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың ортақ Отанына айналдыруда  Қазақстан  халқы Ассамблеясының рөлі тым ерекше, сондықтан да болар биылғы  жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды.
Облыста оның тұсаукесері 6 ақпан күні салтанатты жағдайда өтті.
IMG_39791995 жылы 1 наурызда Ассамблеяның алғашқы сессиясы өтті. Содан бергі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық, конфессияаралық татулық пен ел бірлігінің пәрменді құралына айналды. Өзара түсіністіктің ешкімге ұқсамайтын Қазақстан жолы дүниеге келді. Бұл  орайдағы  Қазақстан  тәжірибесі  жалғанның жалпағына тарап, бүкіл адамзат мүддесіне  қызмет етуде.
Журналист: Жәке, осы орайда Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтің сол Ассамблеяның алғашқы сессиясында сөйлеген сөзі еске оралып отыр. «Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты  міндетім санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған  қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан  шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын», – деді ол.
Ғалым: Расында да, бұл көріпкел дана басшының жүрегін жарып шыққан жан сыры еді. Оның қаншалықты маңызды болғанын соңғы жылдар тәжірибесі анық аңғартты. Бұрынғы кейбір одақтас республикалардағы қантөгіс, балаларын жоқтаған шашы ағарған аналар, мүгедек болған сәбилер, қасірет шеккен қариялар… Жаның түршігеді. Осындайда дана халқымыздың «Бірлік барда тірлік бар» деген дана пайымы еске оралады.
Міне, сол бірлік, оны нығайту, татулық пен ұлтаралық келісімді көздің қарашығындай сақтау біздің ең басты  парызымыз, күнделікті айналысар ісіміз болса керек. Мамыражай тіршілікте өмір сүріп жатқан ұрпақ өмір бойы  осылай болды,  бола да береді деп ойлауы әбден мүмкін. Әлбетте, солай болсын! Бірақ сақтықта қорлық жоқ. Ұлтаралық, конфессияаралық мәселеде ешқашан ұсақ-түйек болған жоқ, болмайды да, міне, сондықтан да бұл бағыттағы жұмысты күн сайын, сағат сайын назардан шығармау бүкіл елдің, соның ішінде ішкі саясатпен айналысатын құрылымдардың да басты міндеті болса керек.
IMG_3991Қазір қай облыста болмасын «Достық үйі» бар, ұлттық-мәдени орталықтар өз қандастарының тілі мен салт-дәстүрін ізденіспен насихаттайды, Қазақстан Парламентінің Мәжілісінде Ассамблеядан сайланған тоғыз депутат сол ұлыстардың мүддесіне де қызмет істейді.
Оның үстінде Қазақстанда этносаралық қатынастарды реттеудің заңнамалық базасы жасалды. «Ел бірлігі доктринасы» ұлтаралық келісім сияқты аса бір нәзік мәселенің қиюын қиыстыратын бүкіл әлем тарапынан қолдау тапқан құжат болды.
Журналист: Жанділдә Қожахметұлы, біздің қазақта өз ұлтының төлқұжаты дерлік талай таутұлғалар бар: Абай, Шоқан, Ыбырай, Мұхтар, Қаныш, Әлкей… Осы шоғырдың жалғасындай жарқ еткен Олжасты кім білмейді? Оның «АЗиЯ»-сы кешегі алып империя – Кеңес Одағының өзін селт еткізіп еді. Сол кітабы өзіне пәле болып жабысты, Қазақ елін сол тұста басқарған Дінмұхамед Қонаев ағамыздың беделі мен ықпалы болмағанда Олжас Омарұлының тағдыры не боларын кім білсін?
Олжекеңнің «Земля, поклонись человеку!» атты дастаны өршіл рухымыз бен достық пиғылымыздың одасы ғой, шіркін! Сол таутұлғаның «Тауларды аласартпай даланы асқақтатайық!» деген тауып айт-қан тіркесі нақыл болып кеткелі қашан?!
Дегенмен де, «тауларды аласартпаймыз» деп жүргенде даламыз жұтаң тартып қалмай ма?
Ғалым: Олжас дәуір тудырған дана дарын. Қазақ десе  ойда Олжас тұрады. Бой қандай, ой қандай, дауыс қандай… Егер ол өлеңін орысша жазбаса, орыстардың да жер бетіндегі халықтардың бәрімен бірдей екенін қалай дәлелдер еді. Дәлелдегені емес пе, «АЗиЯ»-ға айтар дәлелді уәжі болмаған Мәскеу академиктері мен Саяси Бюроның да селт ете қалғаны. Сөйтіп, сезікті секірді.
Бүгіндер Қазақ елінде қанша Олжас бар, білмеймін. Бірақ адуынды ақынның атын алған ұлдарымыз аз емес.
Менің ұлымның аты да Олжас. Достарым Жомарт Нұрғалиев пен Сағындық Сүлейменовтың ұлдары да Олжас. Біз кезінде Саяси Бюроның тепкісіне түскен ақынымызға қолдауды солай білдірдік. Сағындықтың баласы – Олжас Сүлейменов, сол інісіне үлкен Олжас «Определение берега» деген кітабына «Олжасику от Олжасище» деп қолтаңба беріп, сыйлапты. Өз кітапханамда да ақынның сыйға тартқан кітабы бар. Ол – әйгілі «АЗиЯ»-сы.
Олжас Омарұлының «Алла тағала маған ұл берген жоқ. Бірақ Қазақстанда қанша Олжас болса, соның бәрі менің ұлым» деген сөзі бар. Шындығы да солай.
IMG_6166Шынайы патриот Олжекең бір өлеңін «Бисмилла!» деп бастап, «Я родился в седле, умераю в цепях» деуі де тегіннен тегін емес-ау… Бұл баяғы «Оян, қазақ!» деп жар салған Міржақып Дулатовтың «Тұлпар болып тусам да, тулақ құрлы құным жоқ» деген өктем үнімен астасып жатқан жоқ па?
Біз бұдан бұрынғы бір сұхбатымызда Міржақып Дулатовтың әйгілі «Оян, қазағын» айта келіп, бүгінгінің ұраны «Ойлан, қазақ!» дегеніміз бар еді. Олжастың да бүкіл шығармашылық әлеуеті, бүкіл ақындық, азаматтық, қайраткерлік қызметі де сол ойлануға, толғануға, зерделеуге бастайды.
Адамзат өркениеті бір ұлттың немесе бір ғасырдың жемісі емес. Жер бетінде адамзат пайда болғалы олар бір-бірімен етене араласып, бір-біріне кірігіп, бір-біріне бауыр басып келеді. Соның бір жарқын мысалы, дәлелі де Олжастың «АзиЯ»-сы. Оған Иштван Қоңырдың,Мұрат Аджидің, Лев Гумилевтің, тағы басқа тарихшылар мен зерттеушілердің еңбегін қосыңыз.
Қазақ тілі – бай тіл. Оны әлем мойындады. Ал сол ана тілімізге өзге ұлт сөздері де табиғи кірігіп, төл ұғымымызға айналды ғой, мысалы, самауырын, бөкебай, кітап,  дәптер,  қалам, мұғалім, тағы басқалары. Ал, салт-дәстүрлеріміздің де бір-біріне сіңісті болып, жарасым тапқалы қашан.
Қазақ халқы кешегі зұлмат, қиын-қыстау кездері көптеген қуғын көрген халыққа  құшағын  ашты. Сөйтіп, осы дархан далаға корейлер, шешен-ингуштар, немістер, поляктар, қарашай-балкарлар, тағы басқа ұлт өкілдері бауыр басты. Сондай  жандардың  бірі  кеше  ғана  дүниеден өткен жазушы, гуманист Герольд Бельгер ағамыз еді.  Марқұм бүкіл саналы ғұмырында қазақтың мұңын мұңдады, жоғын жоқтады, қазақтың жырын жырлады, қазақтың мүддесін қорғады. Алматыдағы қазақ зираты – Кеңсайға, Асқар Сүлейменов досының жанына жерлеуді өсиет етті…
Ал енді қазақ халқының шынайы достары әзірбайжан Асылы Османованы, орыс Надежда Лушникованы кім білмейді. Қазақ тілін қазағынан жақсы білетін, сол тілде ғылыми зерттеулер мен өлең жазатын, айтысқа да түсетін бұл кісілерді мемлекеттік тілдің нағыз жанашырлары десек жарасар…
Сіз атап кеткен біртуар тұлғалар шыңның басындағылар. Қарапайым қоғамда екінің бірі ол кісілердей бола бермейді, әрине. Оларды тудырып, шыңға шығаратын да қарапайым халық қой. Мәселе  бұл  жерде оларды танып, түсінуде.  Бір  кісінің айтқаны бар «Үлкен басқарушыны мақтағаннан гөрі, түсінген абзал».
Қандай халық  болса да, қандай қоғам болса да  соны алға тартатын адам болу керек. Оған біздің Елбасымызды да қосуға болады. Ол өзі ғана жетістікке жетпей өзінің жан жағындағыларды идеямен қамтамасыз етіп, соған ұйымдастырып, соған тартты. Біздің дамыған 30 ел қатарына қосыламыз деген идеямыз – бұл да үлкен міндет, үлкен абырой. Мысалы Ахаңдарды алып қарасаңыз, алға қойған мақсаты қандай, сол кездегі қазақ халқы сауатсыз, надан болды. Бүгінгі күн биігінен қарағанда надандық деген сөзді әртүрлі мағынада қолдануға болады. Хат танымаған адам надан деп айтсаң, ол бір түсінік, одан бөлек рухани надандық бар. Қалтасында күректей дипломы бар, бірақ рухани таяз адамдар бар қазір. Бәрінен жаманы  сол.
«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болам», – деді Сұлтанмахмұт. Міне, сол заман зиялыларының алға қойған басты міндеті халқының сауатын ашу, білімді жұрт қатарына қосу еді.
Қаныш Сәтбаев сол кездің өзінде «Алгебра» оқулығын жазды. Өйткені  ол өз елінің өркениетке жететінін, сол жолда бір қажетіне жарайтын оқулықтың керек екенін жүрегімен, бар болмысымен түсінді. Мұндай іргелі іске өз халқын құлай сүйген таутұлғалар ғана бара алады. Бірақ сол Қанекеңдер қанша биікке самғаса да өзін халқының қарапайым ұлы санады, өз халқының ұлылығына табынды.
Сол халық үшін қызмет етті. Ол түбінде қазақ тәуелсіз мемлекет болады, сонда тақыр болып қалмайық деген ойдан ұлан-ғайыр істер туындатты. Бүгіндер құдайға шүкір, сол алгебраны түсініп, оқитын жастар бар. Қазір бір жылда елімізде 250000-ға жуық бала мектеп бітіреді. Оның ішінде қазақ елінде тұрып жатқан әр түрлі ұлттың ұл-қызы бар. Олар қазақы тәрбие алып, тарих пен әдебиетті оқыған ұландар. Яғни Тәуелсіз Қазақстанның болашағы да солар. Төрт жылда – миллион. Біздің егемен еліміздің тұтқасын  болашақта сол сенімді ұрпақ ұстайды. Дархан даламызды асқақтататын да, міне, осы буын.
IMG_6325Бүгіндер Назарбаев зияткерлік мектептері жұмыс істейді. Еліміздің элитасы сонда даярланады. Олар осы заманғы техниканы, компьютерді жетік меңгерген жандар болады. Ал рухани элита генетикалық кодқа байланысты. Оны заман тудырады, оларға жол ашу биліктің де, бәріміздің де міндетіміз.
Журналист: Осы арада мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның қолданыс аясы, болашағы туралы толығырақ тоқталып, тарқатып айта кетсеңіз…
Ғалым: Мемлекеттік тіл-дің мәртебесі  Ата заңымызда көрсетілген. Ол жылма-жыл дамып, қолданыс аясы кеңіп, еліміздегі барлық халықты  топтастырушы  факторға айналып келеді. Тәуел-сіздік алғалы қаншама қазақ мектебі ашылды, қаншама балабақшада бүлдіршіндер қазақ тілінде тәрбиеленеді. Бір айта кетерлігі, өзге ұлт өкілдері де қазақ балабақшасына барып, қазақ мектептерінде оқи бастады. Орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға ерекше маңыз беріледі.
Әлбетте, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы әлі де болса тар, біздің билік, банк, сот және басқа құрылымдар жұмысты ресми тілде жүргізуге бейім. Дегенмен сең қозғалды, уақыт өткен сайын мемлекеттік тіл өз тұғырына көтеріліп келеді. Оны көзсіз адам ғана көрмейді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, тіл саясаты – аса бір нәзік, әркімнің де мүддесіне қатысты дүние. Сондықтан да мұндай мәселеде белінен басу, асығыстық жараспайды.
Біз бұл мәселені екі деңгейде қарастырар болсақ, біріншісінде ұлттық деңгей, яғни, Қазақстанда болып жатқан жағдай. Кезінде облыстық партия комитетінде  қызмет  атқарып  жүргенде Торғайдың бір алыс "Родник" деген совхозында болдық. Сонда «Улица  строительный» деп жазулы тұр екен, сосын директордың кабинетінде «приемный» деп жазылып тұр екен. Сонда мен олардан сұрадым, осы сіздерге қажет пе?  Екеуі де қате жазылған. Орыс тілінде жаз деп, осыны сұрап жатқан адам бар ма? Жанкелдин ауданында 14 000-ға жуық адам тұрса, соның 97-і ғана өзге ұлт өкілдерінен. Сондықтан орыс тіліне қажеттік бар ма деген сұрақ туындайды. Бірақ ол кезде саясат солай болды.  Енді сол күн мен қазіргі күнді салыстырсақ жер мен көктей. Тіл деген ғылымның бір бөлек саласы. Тілді саясаттандыруға болмайды. Тіл өте тереңде жатқан дүние. Өйткені тіл халықтың руханиятының ең басты белгілерінің бірі.  Оны дамытып, келесі ұрпаққа жеткізу керек. Ал бұл процесс әртүрлі дамиды.  Өйткені адамды үндемей де тәрбиелеуге болады. Мүмкін адам үндемей-ақ көп ақпар беретін шығар. Үндемегенмен өзінің көзқарасын білдіруі мүмкін болып жатқан жайт та бар. Дүниежүзінің картасын қарасаңыз екі тілде сөйлейтін елдер аз. Бірақ олардың бәрі де өте жақсы дамыған елдер. Швейцарияны, Канаданы алыңыз. Ауқымды жері бар, миллиардтқа тақау халқы бар Үндістанның өзін алып қарасақ екі тілді. Сондықтан оны кемістік деп есептеуге болмайды. Екі тілді бір-біріне қарама-қарсы қоюға болмайды. Қазақ халқының екі тілділігі оның кемістігі деп емес, артықшылығы деп қарастырғанымыз абзал. Қазақтың екі тілді игергені, жеті  атасын  білгені  кемшілігі  емес, алғырлығы мен ел болғанының көрсеткіші. Мұхтар Әуезов: «халық – халықтан, адам – адамнан озуы – білімде», деген екен. Сондықтан бұл жерде айтқым келгені, бірнеше тіл білген адам ешқашан кем болған емес, болмайды да.
Қазір тележурналистер арасында екі тілді жетік меңгерген қыздар мен жігіттер аз емес. Қазір оған көзіміз де, өзіміз де үйрендік. Ежелден солай болған сияқты.
Қос тілділіктің бір мысалы да осы.
Журналист: Қазақстан көп ұлтты ел, ішкі саясатта, күнделікті өмірде сол жүзден астам ұлт пен ұлыстың мүддесі ескеріледі, олардың мұң-мұқтажы толығымен шешілді деуге бола ма?
Ғалым: Этносаралық қарым-қатынас әрдайым даму үстінде. Дәл осы тұста мәселенің бәрі шешілген, ешқандай проблема жоқ десек ағаттық болар. Мәселе сол проблемаларды айқындап, уақытында оған көңіл бөлу, шаралар белгілеп, жүзеге асыру. Қазақстан халқы Ассамблеясының да басты бағыты осы. Біз ұлы Абай айтқан «Заман өзгергенде қағидалар да өзгеретінін» естен  шығармауға тиіспіз. Бүгінгі Қазақстан, Елбасы әртүрлі этнос өкілдерін бірлікте ұстап, жарастырып, келістіріп отыр. Бұл біздің саясатымыздың жемісі. Сондықтан  да өз басым «Тіршіліктегі тірегің – пейілің мен жүрегің» дегім келеді.
Журналист: Осы пәтуалы түйінмен әңгімемізді  аяқтайық.  Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!
Сәлім
     МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕРДЕ: Облыс әкімі Н.Садуақасов облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылу салтанатында; облыстағы ұлттық мәдени орталықтар мүшелері.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓