Юрген МАУРЕР: «Шарадан үлкен нәтиже күтемін»

Изображение 2 393Өткен жетіде өңірімізде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «IRZ» Герман халықаралық құқықтық қатынастар жөніндегі қорымен бірлесіп ұйымдастырған халықаралық конференция мәресіне жетті. 
 «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы шет елдердің құқықтық механизмі» атауымен өткен ауқымды шараға елімізбен қатар, алыс-жақын шетелдерден келген қатысушылар аз болған жоқ. Солардың бірі – германиялық Юрген Маурер. Бұған дейін федералдық криминалдық мекеменің вице-президенті қызметін атқарып келген ол қазір отставкада. Кейінгі екі жыл аталған ведомство басшылығының кеңесшісі әрі «IRZ» Герман халықаралық құқықтық қатынастар жөніндегі қорында кеңесшілік етуде. Ұзақ жылдар заң, құқық саласында еңбек еткен тәжірибелі маман. Қазақстанға алғаш келген әрі маңызы зор шараға қатысып отырған Маурер мырзаны үзіліс кезінде аз-кем әңгімеге тарттық.
– Юрген мырза, бүгінгі конференцияға қандай баяндамамен келдіңіз?
– Екі тақырып алып келдім. Бірі – Германияның жемқорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу, екіншісі, Германияның жемқорлықпен күрес стратегиясы тақырыптарында.
– Германияның жемқорлықпен күрес стратегиясы жөнінде айтып берсеңіз?
– Біздің елімізде парақорлықпен күрес стратегиясы 4 жолмен жүзеге асырылады: біріншіден, жағдайды сараптау, екіншіден, заңнамалық негізді әзірлеу, үшінші жолы – жемқорлықпен күресті ұйымдастыруды қалыптастыру, төртіншіден, жемқорлықпен күрес жөніндегі ішкі ведомстволық шараларды әзірлеу.
– Жалпы тәжірибеңіздегі парақорлықпен күресу тәсілінің оңтайлы жолдарымен бөлісе отырсаңыз.
– Жемқорлықпен күрес кез келген мемлекеттің басты мәселелерінің біріне айналды. Біз алдымен аз уақыттың ішінде жемқорлық деңгейі азайып бара жатқан елдердің тәжірибесіне үңілуіміз керек. Демек, ол мемлекеттер жемқорлықпен кешенді әрі табанды күрес жүргізіп келе жатыр деген сөз. Бүгінгі конференциядан байқағаным, Қазақстанда жемқорлықтың алдын алып, оны жоюдың түрлі жолдары қарастырылып қана қоймай, ол тәжірибеге енгізіліп жатыр екен. Демек, сіздерде бағдар айқын. Осы жағы мені таңқалдырды.
– Енді парақорлық қылмысы бойынша айыптыларды қалай жазалауды ұсынасыз, соттау жазасы оңтайлы ма әлде ірі мөлшерде айыппұл салған дұрыс па?
– Бұл әрбір мемлекеттің ішкі мәселесі. Кез келген жаза сол елдің азаматтарының құқықтық санасының деңгейіне қарай жүзеге асырылады. Ал жазалау жасалған қылмыс пен одан келген шығынға қарай жүргізіледі. Германияда да соттау жазасын айыппұл төлеу жазасына алмастырған кездер болды.
– Бүгінгідей тақырыпқа арналған конференцияларға жиі қатысасыз ба? Жалпы, осы шараға қандай баға бересіз?
– Шынын айтсам, жемқорлықпен күрес саласына бағытталған конференциялар жиі өткізіле бермейді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шараның ауқымы кең әрі тақырыптары да жан-жақты қамтылған екен. Өзім бұған таң қалып отырмын және осыдан үлкен нәтиже шығады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбат жүргізген Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓