Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран

«Қостанай таңы» бүгін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңындағы «Жеңімпаздар жүздесуін» одан әрі жалғастырады. Сөзді майдангерлер – Қабден Ыбыраев пен Телғара Әбенов алып отыр
Қабден ЫБЫРАЕВ:
«Бір үйден аттанған үшеу едік»
Кабден Ыбыраев1– Мен Ұзынкөл ауданының тумасы, Уақ Қамбар батырдың ұрпағымын. Әкеден жеті жаста жетім қалып, анам Ережептің жанкештілігі арқасында үйдегі төрт ұл бір-бірімізге көмектесе жүріп, ержеттік. Ағам Қали 1939 жылы әскер қатарына алынды. Қызмет мерзімі аяқталып, елге оралады деп күтіп отырған 1941 жылы маусымда соғыс басталды. Сол жылдың күзінде қайран бауыр Ұлы Отан соғысының құрбаны болды, Харьков маңындағы кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапты деген хабар алдық. Ал екінші ағам Қапыш ауылда мұғалім болып жүрген кезінде майданға аттанып, Ленинград үшін болған шай-қаста хабар-ошарсыз кетті.
1942 жылдың көктемінде кезек маған да  келді. Челябі маңындағы бір бөлімде әскери-тактикалық дайындықтан өткеннен кейін, шаңғышылар бригадасына алынып, 82 мм батальондық минометтің көздеушісі болдым.
1943 жылы ақпанда Сталинград қаласы жау қолынан азат етілген кезде 4-ші гвардиялық механикаландырылған корпустың құрамын толықтырып, ұрыс зардаптарын жою науқанына қа-тыстым. Себебі, бұл гвардия осыған дейін сат-қын Власовтың соққысына ұшыраған екен. 1943 жылдың наурыз айында Сталинград түбінен Дондағы Ростовқа жаяу аттанған екі батальонның құрамында болып, діттеген жерге 700 шақырым жаяу жүріп жеттік.
Жолшыбай немістердің қоршауында да қалдық. Талай қиыншылық көрдік, бірақ жасымадық, Жеңіске деген сенімді бір сәтке де жо-ғалтпадық. Тіпті қоршаудағы біздің үстімізден жау ұшақтары ұшып, листовкалар тастап, бомбалап жатқанда да селт еткен бір солдат болған жоқ. Бұл туған елге, Отанға деген нағыз патриоттық сезімнің шынайы белгісі еді.
Таганрог қаласын азат ету операциясында  батальон командирінің адъютанты едім. Талай рет командирге қалқан болып, ажалдан аман алып қалған кездерім де болды.
1943 жылы 5 қыркүйекте Азов теңізі маңындағы ұрыстардың бірінде ауыр жаралы болдым, жаудың көздеп атқан оғы иектен тиіп жақ сүйегін күл-талқан етті. Содан Кисловодск қаласында, кейін Тбилисиде емделдім. Бірақ жарақат жазылмады, содан дәрігерлер мені әскер қатарынан босатып, елге жіберді.
Ол кезде ауылда туған-туыстардан анам Ережеп пен 14 жасар інім Қабдуәли ғана қалған еді. Тіршіліктің ауыр жүгі енді маған түсті. Соғыс салған жара қалай сыздаса да отбасын асырау үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей қаракеттендік.
Соғыс салған жараның тауқыметін 18 жыл бойы тартып, талай қиналған сәт те болды. Ақыры Құдай сәтін салып, 1962 жылы Омбы қаласында ресейлік дәрігерлер ота жасап, сынған сүйектерді орнына салып, бір ай бойы ауруханада емдеп, қалпына келтірді.
Ал еңбек жолыма келсем 1953 жылы аудандық жол салу және жөндеу бөлімінің басшысы болып тағайындалып, осы қызметте табаны күректей отыз бес жыл бойы тер төгіп, абыройға бөлендім.
Соғыстан кейін Зейнеп атты Обағанның қызына үйленіп, екі ұл, бес қыз өсірдік. Енді сол өсіп-өнген ұрпағымның ортасында бейқуат өмір кешіп, Қостанай қаласында тұрып жатырмын.
Ұлы Жеңістің 70 жылдық тамаша тойына аман-есен жетіп, елімнің өсіп-дамығанын, ұрпағымның өріс жайғанын көру мен үшін зор бақыт.
Сол бақыт баянды болсын деймін! Тәуелсіз Қазақстанның майдангерлерге жасап отырған шынайы қамқорлығына шын жүректен мың  алғыс!
 
Телғара ӘБЕНОВ:
«Достыққа берік  ұрпақпыз»
IMG_6576Абенов Телгара1– Мен 1943 жылы Меңдіқара ауданы  Жарқайың ауылынан әскерге шақырылып, Түмен қаласына көшіп келген Таллин жаяу әскер училищесінде оқыдым. Бір жылдан кейін арнайы комиссия іріктеп, бір топ жасты сол жылдары жаңадан құрылып жатқан әуе десанты бригадасына жіберді. Қазір қатарымызда жүрген майдангер, қаламгер дос Қасымхан Алдабергенұлы да сол бригадада болды. Екеуіміздің достығымыз, қарым-қатынасымыз күні бүгінге дейін үзілген жоқ, қайта жыл өткен сайын ол нығая түскендей. Өткенде осы өзіміздің «Қостанай таңы» газетінен «Қасымхан ағам – қас батыр» атты мақаланы оқып, алыста қалған майдан өмірін, жастық шағымды тебірене, толқи еске алдым. Қасымханның майдандас досы Әшірбаймен достығы, олардың бір-біріне жазған хаттары, арнау өлеңдері жан тебірентеді.
Иә, майдангерлер әрқашан да достыққа берік болды. «Өзің өл, бірақ жолдасыңды жауға берме!» – майдан өмірінің басты ұраны осы еді.
Әскери дайындықтан өткен біздің бригада 1943 жылы Бас қолбасшының резервіне жіберілді. 1944 жылы бригада 345-інші гвардиялық полк болып қайта құрылып, Беларуссияға, Лапичи бекінісіне аттандырылды. Одан әрі  Венгрия, Австрия түбіндегі шайқастарға қатысып, Кеңес Армиясының даңқын еселей түстік.
Құрамында біздің гвардиялық полк бар 105-ші әуе десантшылары дивизиясы бір аптаның ішінде Австрияның 103 елді мекені мен жеті бірдей қаласын азат етіп, Ұлы Отан соғысы тарихында өзіндік ізін қалдырды. Сол кескілескен ұрыстарда екі мыңға жуық майдандас жолдастарымыздан айырылдық, солардың көбі менің көз алдымда жан тапсырды. Таңертең ғана бірге жер басып жүрген жолдас-достан айырылудың қаншалықты қиын екенін тек майдангер ғана білер. Жасым тоқсаннан асқан қазіргі шақта да сол боздақтар бейнесі жиі еске түседі. Олар бүгінгі мына шат тіршілік, жер бетіндегі бейбітшілік, тәуелсіз еліміз үшін  қан төкті. Олардың ерлігі, күнделікті жанқиярлық жауынгерлік ауыр еңбегі болмаса, Жеңіс те болмас еді. Міне, сондықтан да біз сол Отан үшін опат болған боздақтарды бір сәт те естен шығармауға тиіспіз. Бұл ретте біздің Елбасы, ардагерлер  кеңесі, басқа да қоғамдық ұйымдар атқарып жатқан шаралар көңілге қуаныш ұялатады. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды». Кейінгі жастарға ерлік дәстүрді насихаттау үшін облыста өріс алған «Ерлік эстафетасы» да ерекше ғанибет дүние.
Австриядағы жан беріп, жан алысқан  ұрыстардың бірінде сол жамбасымнан жараланып, госпитальға түстім. Емделіп шыққан соң қайта сапқа тұрдық.
Мен әскери борышымды жеті жыл бойы адал атқарған ардагерлердің бірімін. Қан майданға он сегіз жасымда кіріп, туған жер топырағын жиырма бес жасымда бастым. Бейбіт өмірде де абыройсыз болған жоқпын, зайыбыммен бірге алты бала тәрбиелеп, өсірдік. Олар өмірден өз орындарын тапқан азаматтар болды. Солардан туып, өскен немере-шөберелерім ерекше өрісім, қуанышым, өмірімнің жалғасы. Ендігі тілек – жаңа буын – жас ұрпақ ешқашан да соғыс өртін көрмесін!
 
Сәлім МЕҢДІБАЙ
 
Отты жылдар: дерек пен дәйек
° Біз, қостанайлықтар, 151-жеке атқыштар бригадасын ерекше мақтан етеміз. Ол кейін 150-атқыштар дивизиясының негізі болды. Берлинге дейін жетіп, Жеңіс туын желбіретті.
° Ұлы Отан соғысына барлығы 73500 қостанайлық қатысты. Оның 24 мыңнан астамы ұрыс даласында қаза тапты, 3,5 мыңы алған жараларынан госпитальдарда қайтыс болды, 16 мыңға жуығы хабарсыз кетті.
° Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған төрт адамның екеуі – біздің жерлесіміз. Олар Иван Фомич Павлов пен Леонид Игнатьевич Беда.
° Біздің 31 жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 9 адам Даңқ орденінің толық иегері болды.
° Соғыс басталған 1941 жылы 22 маусымда Қостанайда жалпы қалалық митинг өтті. Оған 10 мыңдай адам қатысып, басқыншы жауды қатаң айыптады.
° Әскери тарихшылардың деректері бойынша, соғыстың алғашқы күндері 31 мың өнеркәсіп кәсіпорны, 100 мыңдай колхоз бен МТС, ондаған мың километр темір жол жау қолында қалған.
° Стратегиялық шикізат шығаратын маңызды аудандар жау қолына өтті, 750 машина жасайтын, 60 станок жасайтын, энергетикалық, көліктік, тамақ кәсіпорындары мен жеңіл өнеркәсіп нысандары қирады.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓