Мәуліттен мәулітке дейін
Ұлы Мұхаммед Пайғамбарымыздың туған күні – Мәуліт мерекесін қостанайлықтар жоғары деңгейде атап өтіп келеді. Биыл да Тобыл өңіріндегі барша мұсылмандар қауымы оны асыға күткен болатын. Облыстық Марал ишан мешітінің ұжымы бұл мейрамға үлкен дайындықпен келді.
Мәуліт мерекесін елге сыйлы азамат Дүйсен Дайыр Құран оқу рәсімімен бастады. Қазақы дәстүрмен шашу шашылған соң, жиналған барша жұртшылықты облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Есщанов құттықтап, кештің танымдық-тәрбиелік мәні зор екендігіне тоқталды.
Одан кейін сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы, дін қайраткері Асылхан қажы Түсіпбектің ой-толғамдары мен ізгі тілектері де көпшіліктің жадында ұзақ сақталатындығы даусыз.
Өйткені оның Мәуліт мейрамының күллі мұсылманның өмірінде алатын орны жайлы толғаныстары жерлестеріміздің көңілінен шығып, ұмытылмастай әсер қалдырды.
Мұндай үлкен мерекелер ән-күйсіз, терме және театрландырылған көріністерсіз өтпейтіндігі белгілі. Сондықтан көпшілік Әсел Жұмақұлованың орындауындағы «Иман келтіру» әнін ерекше ұйып тыңдады.
Ал дін тақырыбына қалам тартып жүрген көрнекті ақын, «Мінәжат» кітабының авторы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет өзіне тән шеберлікпен сөз сөйледі.
Белгілі композитор Қалибек Деріпсалдиннің Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс» күйі де жұртшылықтың назарын аударды. Мәуліт мерекесінде І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері «Ауыл мешітінің имамы» деп аталатын сахналық қойылымды көпшіліктің назарына ұсынды. Жұмағаным қажы Толыбаеваның орындауындағы «Бір құдайдан тілеймін иман» толғауы, Боранқұл Құрманқұлұлының «Толғауы», Абзал Алпысовтың «Әуелі Алла жаратты» термесі бас қосудың ажарын барынша аша түсті.
Айтыс десе елеңдемейтін әрі делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Осы мәртебелі мейрамға арнайы шақырылған аса дарынды айтыс ақындары Айбек Қалиев пен Айнұр Тұрсынбаеваның өнері де көпшілікті дән риза етті.
Кештің соңында ұлы Пайғамбарымыздың «Қоштасу хұтпасы» да оқылды. Мешіт жұмысының жанданып және Мәуліт мерекесінің жылдағы қалыптасқан дәстүрі бойынша тиісті деңгейде өтуіне өздерінің қомақты үлестерін қосып жүрген ардақты ақсақалдар мен зиялы азаматтарға көпшіліктің алдында сый-құрмет көрсетілді.
Облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек сахнаға көтеріліп, осы күнгі мейрамның мән-мазмұнының арта түсуіне септігін тигізген бірқатар жерлестеріміздің аты-жөндерін атай келіп, нағыз дін жанашыры Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің доценті, ұстаз Хайша Мылтықбайқызының 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Сондай-ақ оған кілем сыйлап, алдағы уақытта да ғылымның қия жолында және оқытушылық қызметінде тың табыстар тіледі. Сондай-ақ күллі қазақ еліне есімі кеңінен танымал ақын, көптеген республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Ақылбек Шаяхметке, Қостанай қаласының құрметті азаматы Жолбарыс қажы Баязид пен ел құрметіне бөленген Мырзағали қажы Ғабдуллинге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мақтау грамотасы салтанатты түрде тапсырылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі