“ҚАЛАМГЕР”

Қостанай облысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға байланысты шаралар легі басталды. Соның бірі – І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрында «Қаламгер» спектаклі қойылды. Жазушы Бейімбет Майлиннің өмірін арқау еткен қойылымда өткен ғасырдың 30-жылдарындағы Кеңес Одағындағы содыр саясат, саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры туралы айтылады.
– Қазақ даласындағы тұңғыш дыбыстық «Амангелді» фильмінің сценарийін жазып, сол көркем туындының түсірілімін енді аяқтап келген Би-аға «үштіктің» құрығына ілініп, қамауға алынғаны аян. Тергеу өкілдері де Би-ағаның шыққан тегінен ештеңе таба алмады – бай тұқымынан емес. Қызмет бабында да кілтипан жоқ, ол мансап қуған жан емес. Тек бір ғана сылтау – шығармаларында жарлы-жақыбайлар өмірін суреттегені. Шолақ белсенділердің ойынша кедейлер тағдырын дәріптеуге болмайды – келешек кеңестік жастардың санасына кері әсерін тигізеді. Майлиннің 58 – баппен ату жазасына кесілуіндегі негізгі айып та осы. Мұндай сұмдықты Би-аға ғана емес, оның қанша замандастары бастан кешіп, құрбан болды. Бұл халқымыздың қанша айтса да ескірмейтін жан жарасы, – дейді театр актері Нұрлан Байшин.
Айта кетейік, спектакльде Бейімбет рөлін Нұрлан Байшин сомдаса, Күнжамал образын Қымбат Әуезханова алып шықты.
Қостанайлық өнер ұжымдары мен оқу орындары осы аптада қуғын-сүргін мәселелерін жанжақты көтеріп, тұрғындардың қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырмақ. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте "Тар заман" атты дөңгелек үстел өтті. Онда ашаршылық құрбандары туралы мәліметтер айтылып, бір топ зиялы қауым сол бір кезеңнің ел тарихындағы маңызды рөлі туралы сөз етті.
Айта кетейік, бүгін Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей тарихшыларының қатысушыларымен "Аштық босқындары: жаңа деректер мен зерт-теулер" тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылмақ.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓