Өмірді өлеңмен өрнектеген

АплайтитулЖақында Қостанайдағы "Қарлығаш" баспасынан жерлесіміз, халықаралық  "Шабыт" фестивалінің Бас жүлдегері, облыстық меценаттар сыйлығының иегері Абылай Маудановтың "Сары дәптер"   атты жаңа жыр жинағы жарық көрді.
"Алғаш Абылайдың өзімен емес, сары дәптерімен таныс-тым. 2002 жыл ғой деймін. Оқытушымын. Студенттер арасында мүшәйра өткіздім. Біраз өлеңдер жиналды. Сол сайыста жеңіп шыққан Абылайдың өлеңі бүгінде жалпақ жұртқа жайылды. Жоғалып кеткен өлеңдері де көп. Барының басын құрап, бір жинақ етіп бастырудың сәті енді түсіп отыр.
– Жинақтың атын өзің қоя сал, – дейді. Ары-бері ойланып, қазір ғана таптым. Сол баяғы "Сары дәптер" болсын тұңғыш жинақтың атауы", – дедім.  Бұл  кітапқа  алғысөз жазған Нұрқанат Құлабаевтың пікірі.
Шыны керек, қазір ақыннан көп адам жоқ. Бірер шумақтың басын құрап,  том-том кітап шығару "сәнге" айналған заманда өлеңнен қадір кетті. Ішінен іліп алатын дүние таппай , қолыңа енді ғана алған кітапты қайта парақтауға дәтің бармайды. "Шөп те өлең, шөңге де өлең болған" бүгінгі кезде  өлең оқылмайды деп байбалам салу да бекер ме деп қаласыз.
Қазақтың көрнекті ақыны  Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: "Классикаға кеткен қағазды обалсынбайық, қаншама мың халтура бар", – деген сөзі осындайда еріксіз ойға оралады.  Шамасы, әлгіндейлерге арналып айтылған болуы керек.
Ал Абылай поэзия әлеміндегі қадамы  нық, аяғын тең басқан тайпалас жорға іспетті. "Сары дәптер" осы сөзімізге дәлел. Себебі, ақын жазбаларында өзіндік стиль қалыптасқан, әр өлеңдері сырға тұнған  әрі өзіндік өрнек басым. Жыр сүйер қауым боямасыз, осындай туындыларды ғана шын бағалайды.  
Жоғарыда айтқанымыздай, Абылай Мауданов халықаралық, республикалық жыр додаларында оза шауып, бәйге алған ақын. Оның өлеңдерінің шынайылығы, әр шумағы бір-бірімен әдемі үндестік тауып, тұтас бір суретті көз алдыңа жайып салатын құдіреті шын ақынға ғана тән құбылыс.
Заңғар жазушымыз Мұх-тар Әуезовтің "Сын шын болсын, шын сын болсын" дейтіні бар, әрине, ақын өлеңдеріне сын айту біздің құзырымызға жатпайды .  Дегенмен, Әбекеңнің өлеңдері талай әдеби сындардан, адуыны мықты деген ардалардың алдынан өткен. Оның жұртшылыққа жақсы таныс "Құлын-ғұмыр", "Құді-ретім – қанымда екен бір тамшы!", "Міржақыптың ақырғы сөзі" сияқты бірқатар өлеңдері тұңғыш кітабынан ойып тұ-рып орын алған. Мысалы, же-лісі ұзақ "Аманат" өлеңін оқы-ңыз. Мұндағы басты кейіпкер – Мағжан Жұмабаев. Өлеңде қазақ қоғамындағы қатып қалған қағида – әмеңгерлік салт жырланады. Қысқаша мазмұнына тоқталсақ, ел-елді аралап жүретін ақын жігіт Арқаның бір ауылына келіп, ат басын тірейді де қонған үйінің жесір қызына ессіз ғашық болады.  Ол жесірді жылатпауға уәдесін беріп,  екеуі кездеспекке серт етіседі. Бірақ тар заманның тарпаң қылығы, сол кездегі солақай саясаттың кесірінен жастар қосыла алмайды.
Ұлт үшін құрбан қылған басын Мағжан,
Өр Мағжан, дауыл Мағжан, жасын Мағжан!
Жете алмай уәде берген сүйгеніне,
Аһ ұрды абақтыда асыл Мағжан ,
– дейді автор. Абақтыдан шыққан соң ақын уәделескен сұлуын іздеп келеді. Сүйгенге емес, салтқа бағынышты қызды әмеңгері алып кеткен-ді. Қос ғашықтың жыры осылай аяқталады.
Абылай – лирик ақын. "Сары дәптердегі" "Бес теңгені"  аса шеберлікпен жазылған туынды деп бағалауымызға болады. Ол құдіретті музыканың биік бағасын, рухани байлық – адамдықты және бес күндік ғұмырдың қадірін он шумаққа сыйдыра білген. Тақырып қоюға да талғаммен қарайды.
– Ол әсерлі жазады. Қай туындысы болмасын, оқырман жүрегіне жол тауып жатады. Өзгеше өріліп, оқырманға ой салатын шығармалары жетіп артылады. Абылай әлеуеті мықты ақын, – дейді әріптес ағасы Нұрқанат Құлабаев.
Әлімсақтан сөз қадірін ұғынған қазақ үшін поэзия қоғамда маңызды орын алады. Бойына қонған дарынын ұлтының мүддесіне жаратып, халықтың өз сөзін өзіне шекпен етіп қайтаратын ақындар қашанда қоғамның бел ортасынан табыла білуімен ерекшеленеді. Мына "Сары дәптер де" сонысымен құнды.
Болсаң да қанша марқасқа, әркімнің жолы әр басқа бұйырмаған олжаға
жаныңды салып жармаспа! –  деп жырлаған Абылай Мауданов бұйырған дүниесі-не қол жеткізді. Оқырман талғамынан шыққан отты жырларды өндірте жазып жүрген ақын келешекте де поэзия әлемінің жаңа биіктерін бағындыра берері даусыз.
Қасқырбай Қойшыманов.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓