Қойылым көңілден шықты
Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай, Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің театр әртістері Е.Домбаевтың "Жоғалған адам" спектаклін аудан жұртшылығының назарына ұсынды.
Қойылымда қарапайым отбасының соғыстан кейінгі тірлігі мен отбасылық өмірі бейнеленген. Отағасы соғыста ерлікпен қаза тап-қаннан кейін отанасы шиеттей балаларын бір өзі тәрбиелеп жеткізіп, өмірдің қиын-қыстау тауқыметін тартса да, еш мойымаған. Ел қатарлы өмір сүрген ананың рөлін сомдаған мәдениет үйінің театр әртісі Арай Ерсары өзіне міндеттелген жауапкершілікті аса шеберлікпен орындап, көрермендер ықыласына бөленді. Қыз бала болса да техниканың тілін толық меңгерген, "Соцалистік" совхоздың белді механизаторының рөлін ойнаған Қымбат Әуезхан да әртістік қабілетінің арқасында өнер сүйер қауымның алғысын арқалады. Қара бастың қамы үшін қулық-сұмдықты ұйымдастырып, жалған жолмен үлкен олжаға кенелем деп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасының шырқын бұзған орыс жігітінің өтірікке толы өмірін бейнелеген Нағашыбай Сейілхан да шынайы өмірде жалғандыққа жаны қас болса да режиссердің берген рөлінен бас тартпай, нақышына келтіріп ойнап шықты. Бұл рөл өзіне ерсіз көрінгенімен, көрермендер тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Ал, Оңғар Жоламанов, Базар Әлімбай, Сапура Әлібекова, Жаңажыл Кемелтаевалар да аталмыш қойылымның мазмұнын көркемдеп, сахна шырайын аша түсті.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ.
Жанкелдин ауданы.