Гүлжібек
1997 жылы Қостанай облыстық телеарнасынан сол телерадиокомпанияның журналисі Гүлжібек Бекмұхамедованың «Әке аманаты» деген деректі фильмі экранға шығарылды. Сол фильмнің тұсаукесеріне қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті баспасөз қызметінің сол кездегі сектор меңгерушісі Аяған Сандыбай: «Республикамызда 20 мыңнан астам журналист бар, бірақ, әзірге солардың бірде-бірі өзінің әкесі туралы фильм түсірген жоқ. Ондай іс Гүлжібектің қолынан келгені көңілге қуаныш ұялатады…», – деген еді.
– Әкем туралы кино түсіру идеясы менің ойыма бірден келе қойған жоқ, – деп еді аталмыш фильмнің авторы Гүлжібек Бекмұхамедова, – 1995 жылы Әулиекөлде осыдан қырық жыл бұрын менің әкем Бәйеке Бекмұхамедов директоры болған қазақ мектебінің үлкен мерейтойы атап өтілді. Сонда кеш салтанатын жүргізушілер бұл шараға оның қызы – менің де қатысып отырғанымды хабарлаған сәтте мені кезінде әкемнің шәкірті болған азаматтар қоршап алды. Олар әкем туралы көптеген естеліктер айтты. Өзім оның қызмет істеп жүрген жастау кезін аса жақсы біле қоймаймын, өйткені жасым ондардан енді асып, есімді жиған кезімде ол зейнеткерлік демалыста болатын. Бірақ, әкемнің қарап отырмай, көп жазатыны есімде, оның сол еңбектері, мақалалары сақталып қалған. Ол жаратылысынан философ адам еді. Әкемнің достары мен оқушыларының «Сен адамдар туралы көптеген телеочерктер шығарып жүрсің ғой, Бәйеке туралы да бір тұщымды дүние жасасаң етті» деп қамшылауы, өзімнің оның еңбектерімен тереңірек танысуым мені осындай іске итермелей берді. Оны білетін көптеген адамдармен кездесіп, ол болған жерлерге де бардым. Қайда барсам да достары мен оқушылары мені фамилиямнан-ақ танып, әкемнің өмірбаянының кейбір кезеңдерінен көптеген естеліктер айтты. Сөйтіп, ол туралы өзім біле бермейтін тың деректер жинап алдым. Қалай болғанда да, бұл фильмді түсіруді ол әкем болғандығынан ғана емес, оның еліне еңбегі сіңген, нағыз қайраткер азамат болғандығына көзім жеткен соң қолға алдым…
Ал Бәкең болса, өз дәуірінің өр тұлғаларының бірі еді, кезінде Павлодар облысында басшылық қызметте болды. Ертіс аудандық, Май аудандық партия комитеттерін басқарды. Баянауыл ауданын басқарғанда академик Қаныш Сәтпаевпен танысып, сырласып, достасып кетіп еді. Қанекең алғыр, дүниетанымы кең, шешімді, іскер Бәкеңді ерекше жоғары бағалады.
Білетіндер Гүлжібекті де әкесіне тартқан қабілетті де қайсар қыз деп бағалайды. Ол мектеп бітірісімен журналистік мамандықты қалап, сол кездегі қазақтың маңдайына біткен жалғыз университеті – С.М. Киров атындағы білім ордасының журналистика факультетіне түсті. Оны ойдағыдай аяқтап, Қамысты аудандық «Новый путь» газетінде редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Оның қаламынан шыққан туындыларға кезінде «Партийная жизнь Казахстана» журналы ерекше жоғары баға берген-ді.
Кейін Алматы жоғары партия мектебін қызыл дипломмен бітіріп, тележурналистикаға келді. Келді де осы саланың ең бір жарық жұлдыздарының бірі болды. Олай дейтініміз 1995 жылы ол түсірген Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетов туралы телеочерк республикалық телефестивальдің жеңімпазы атанды. Телепортрет жанрында түсірілген материалдары бірінен соң бірі «Қазақстан», «Хабар», «Астана», «Мир» мемлекетаралық телекомпаниялары арқылы беріліп жатты.
Гүлжібек бүгінде қырықтан астам деректі тележобалардың авторы. Олардың кейбіреулерінің тұсаукесерінде болып, жұртшылықтың жоғары бағасына куә болған жанның бірі де өзіміз. Ілияс Омаровтың 100 жылдығына орай түсірліген туындыны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жоғары бағалап, авторды Ілекеңнің Астанада өтетін мерейтойына құрметті қонақ ретінде шақырып, ерекше сый-сияпат жасап еді. Ал мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Оразалы Қозыбаев туралы туындыны көріп болған бетте, тоқсандағы тарланбоз, Қостанай облысының құрметті азаматы Бертран Рубинштейн:
– Біздің Гүлжібек ерекше талант, туындың мені қатты толқытты, – деп ағынан жарылып еді.
Біздің әріптестің Мемлекеттік рәміздер, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ыбырай ашқан мектептің 150 жылдығы туралы және басқа телефильмдері еліміздің мәдениеті мен тележурналистикасына қосылған сүбелі үлес.
Гүлжібек Бәйекеқызының шебер қолынан шыққан Мұстафа Шоқай, Қаныш Сәтбаев, Бейімбет Майлин, Нұралы Садуақасов, Кенжебек Укин, Гүлбану Абдулина, Мырзағали Ғабдуллин, Омар Баймағамбетов және басқа тұлғалар туралы туындылары да журналистің ерекше табысы.
Біздің Гүлжібек Қостанай меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының , облыс әкімі сыйлығының, тағы да басқа мәртебелі марапаттардың иегері. Ол сүйікті жар, абзал ана, мейірбан әже, өз кәсібінің майталман шебері..
Енді, міне, осы айдың 20 күні сағат 15.00-де Ілияс Омаров атындағы Қазақ театрында оның шығармашылық кеші өткелі отыр.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕ: республикалық және облыстық шығармашылық конкурстардың лауреаты Гүлжібек Бекмұхамедова