Ел перзенті

Өңірімізде елге адал қызмет еткен, халқына қамқор, артына өшпес із қалдырған жампоз тұлғаларға кенде емес. Ұрпақтары оларды жиі еске алып, ізгі істерін, өшпес өнегесін мақтан етіп, құрметтейді.
Бүгінгі біз сөз еткелі отырған абзал кісі Қуаныш Ақыбайұлы Шәмшиев те өз уақытында ұлы бабалары Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы, Барақ Жанұзақұлы, Шоқай Балқанұлы, Жазы Жаңұлы, Тұрлығұл қажы Шынтемірұлы, Ілияс Омаров, т.б., аға-аталарын келер ұрпаққа үлгі етіп таныстыруға ат салысып, "Өмір өткелдері"  деген  естелік  кітап жазған адам.
Қуаныш пен Ермек ШәмшиевтерҚуаныш Ақыбайұлы өз заманының өнегелі тұлғасы, өмірге дүние  жинау  үшін емес, адамдарға тек қана жақсылық жасау үшін келген перзент еді. Ол кісі: "жұмыста да, өмірде де, барлық істе де өзгелерге үлгі болу керек. Сонда ғана басқалар сенің кім екеніңді білетін болады", – дейтін.
"Ел бағатын жігіттің етек-жеңі кең болатынын, жалғыз жігіттің қол болмайтынын, досың жүз болса да аз екенін, жауың біреу болса да көп екенін", – аузынан тастамай айтып отыратын еді.
Қуаныш Ақыбайұлы Аманкелді ауданындағы Нарөлген деген жерде 1932 жылы 1 қаңтарда  туды.  Нарөлген Мойылды өзені мен Дәмді өзенінің құйылысына жақын жерде орналасқан шағын ауыл. Бұл жерге Тұрлығұл қажы атамыз інілері Мінәс, Иман, Жаман, балалары Сүлеймен, Тайшыбай, Сарыбайды алып, шамамен 1856 жылы Обаған болысынан көшіп келіпті. Нарөл-генді інісі Жаман мен балалары Тайшыбай мен Сарыбайға берген. Сол жерге қыстайтын көң сал-ған. "Жаман көңі",  "Сарыбай көңі" Мойылды өзенінің аралдарына салынған. Екі ауылдың арасында "Тас өткел" деген өзеннен өтетін өткел болған. Осы өткелден оңтүстіктен "Боқырау" базарына баратын барлық кірешілер өтетін болған. Сол кірешілердің біреуінің түйесі өткелден өте алмай құлап өлген. Содан бұл жер "Нарөлген" аталып кеткен. Екі  ауылдың зираты "Тамды-Қарасу" деген жерде.
Қуаныштың шын, азан шақырып қойған аты Қуанышбай. Қызметтес азаматтары Қуаныш деп атап кеткен. Жалпы жасын кіші-рейтіп жазу қазақ жұртында бұ-рыннан бар. Ағамыздікі өзінің айтуы бойынша – 1931 жыл.
Ол оқуға, білімге құмар еді. Ол Дәмді мектебінде 7 жылдықты  бітіріп, Қостанайдың ауыл шаруашылығы  техникумын,  Москваның  Тимирязев   Академиясын 1957 жылы өте жақсы бітіріп, Қостанай облысы Аманкелді ауданы, Қайыңды совхозының бас зоотехнигі болып істеді. 1960 жылы "Қазақстанның 40 жылдығы" совхозына директор болып тағайындалды. Осылай дәрежесі жыл санап өсе берді. 1967 жылы Әулиекөл аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1976 жылы осы ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Әулиекөл ауданының өмірін-дегі елеулі өзгерістер осы уақытта болды. Жаңа мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер, мәдениет ошақтары көптеп бой көтерді. Қуаныштың елге сіңірген еңбегін жоғары бағалаған Әулиекөл ауданның мәслихаты "Әулиекөл ауданының құрметті азаматы" атағын берді. Мемлекеттік наградаларды иемденді. "Қазақстанға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері" атағын алды.
Қуаныш Ақыбайұлының өмір жолдары біз жазғандай оп-оңай өткен жоқ. Бұл кісі қызмет істеген алғашқы жылдары халықтың жағдайы ауыр болды. Қанша төзімді халық болсақ та, көптің ішінен көре алмайтындар да, әдейі аяқ-тан шалатындар да шығып жатады. Қайым Мұхаммедханұлының сөзімен айтсақ: "Жай жүрсем табалайды ұтылды деп, қатты жүр-сем күндейді құтырды деп. Орта жүрсем онда да көре алмайды, бұл өзі ақылды адам сықылды деп".
Қуаныш аға билік жайында әңгіме болғанда, Конфуцийдің: "Басшы жел, халық шөп. Жел қа-лай соқса, шөп солай қарай бұ-рылады", – билік адамды бұзады дегенмен келіспейтін. "Билік адамды бұзбайды, билікті адамның өзі бұзады", – деген Б.Шоуды қолдайтын. Ол кісі қазіргі уақыттағы  көп  айтылатын  жемқорлық туралы сөздерді естігенде қатты ұялатын. "Ұлтқа жасаған жақсылығың үшін сол ұлттан бірдеңе дәмету – өте ұят", – деген Ататүріктің сөзін жиі қайталайтын.
Адам мәңгілік емес. Сондықтан артында ұрпақ қалдырып, оларды тәрбиелеу әр адамның парызы. "Бір жылын ойлаған адам астық өсіреді, он жылын ой-лаған адам ағаш егеді, келешегін ойлаған адам ұрпақ өсіреді", – депті дана халқымыз. Ұрпақ тәрбиелеп өсіру ұлылардың ісі деген қанатты сөз де бар. Ағамыз 1956 жылы Ермек Бимағамбет-қызына үйленді. Ермек 1958 жылы Алматының медицина инс-титутын бітірді. Ермектің туған жері мол сулы, қалың тоғайлы, мөлдір бұлақты Мойылды өзені-нің бойындағы Бүйректал деген жер. Өзіміздің ауылдың қызы.
Қуаныш пен Ермек дүниеге Алмабек, Батырбек, Гүлжиан атты балаларды әкелді. Тұңғыштары Алмабек әке жолын қуды. Ол ақырын жүріп, анық басып, қандай мадақ сөз естісе де сыпайы қалпынан айнымай, асып- тасымай, күйіп-піспей, Алла берген мінезінен ешқашан өзгермей қаланы да, ауданды да, совхозды да басқарды. Қазір облысымыздың Қарасу ауданының әкімі. Батырбек Киевтің авиация институтын бітіріп, Торғай облысында үлкен лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарды. Оның болашағынан зор үміт күтетін едік. Бі-рақ 33 жасында өмірден жасындай жарқылдап өтіп кетті. Құдай-ға шүкір, артында өмірін жалғастыратын Сапар, Сәкен, Сәруәр атты балалары қалды. Батырбектің жанұясының ырысы Алма балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсі-ріп, ата-енесінің айтқандарынан шықпай, сол әулеттің ырысы да, өрісі де, тынысы да болып келе-ді. Қуаныш пен Ермектің кенжесі Гүлжиан да жоғары білім алып, өмірден өз орнын тауып, әке-шешесін жоқтатпай келеді. Қуаныштың өз сөзімен айтар болсақ: "Қартайған шағымызда Ермек екеуміздің қолымызда тұрып, әлпештеп күтіп бақты. Оған деген ата-аналық ризашылығымыздың шегі жоқ. Күнде батамызды беріп, айналып-толғанып отырамыз", – дейтін. Алмабек, Гүлжиан, немересі Сапар Қуа-ныштан тараған ұрпақты ортақ ниетке біріктіріп, адамгершілігі мол, ибалы, иманды тәрбие беруге жандарын салып жүр. Осы әулеттің қазіргі жүрегі де, тірегі де, абыройы да осылар. Қарақалпақтық ақын Бердақтың: "Жұ-мыс істе ағызып тер, жақсы адамның соңынан ер. Көпті қасыңнан қалдырма, барыңды жоқ деп жасырма. Ата-анаңды қадыр тұт-қын, қамын ойла қалың жұрттың", – деген сөзі осындай туған-туыстың қамын ойлайтын адамдарға арнап айтылғандай.
Қуаныш Ақыбайұлы көпке үлгі, ақыл-парасатына біліктілігі сай, азаматтығы мол, кісілігі зор, тереңнен ойлап, байыппен сөй-лейтін, табиғатына тән қажырлығы мен қайсарлылығы бойды баурайтын, өр мінезді, бетке ұстасаң беделің, арқаңа тоссаң панаң  болатын  халықтың   қамқоршысы еді. Қарапайымдылы-ғы, бауырмалдығы, адамға деген ерекше ілтипаты бір көргеннен баурап алатын еді. Мінезге бай, ісі мен сөзінде алшақтық болмайтын. Адами құндылықтарды өмі-рінің берік арқауы еткен жан еді. Артық дәулеті болмаса да, қанағатшылдығы басым болатын. Ол кісі өз білгенін өзгеден қызғанбайтын. Қайта басқалар білсе екен, сөйтіп адам деген ардақты атқа кір келтірмей өмір сүрсе екен деген қағиданы өмірінің соңына дейін ұстанып келді. Б.Момышұлы: "Дүниенің рақатын надан кө-реді. Азабы – ердің сыбағасы", – деп дұрыс айтқан.
Мұндай азаматтар халыққа өзін таныта алады және өз бақытын өзі жасайды. Қуаныш үлкен-ді сыйлап, кішіні бауырына тартып, алысты жақындатып, жақынын туғанындай көріп, баршаға ұнамды мінез-құлқымен сәнді де мәнді өмір сүрді. Қайтыс болғанына  бес жыл толып отырғанда марқұмның жарқын бейнесі ойға оралып, өмірде атқарған жақсы істері жанымызды толқытты. Қуа-ныш  қайтыс болғанменен жүре-гін еліне қалдырып кетті. Сондықтан да ол әрдайым бізбен бірге. Қазақта: "Жақсылыққа ортақтассаң көбейеді,  қайғыны  бөліссең азаяды", – деген мақал өмірден алынған. Оны қайғыны басынан өткізгендер жақсы түсінеді.
Елдің ерен перзенті дүниеден озғанда Қостанай, Арқалық, Әу-лиекөл, Аманкелді, Жарқайың елді мекендерінен халық жиналып мәңгілік сапарына шығарып салды. Қаралы жиында сөз сөй-легендердің бірі С.Досмағанбетов: "Бір рудың ғана емес, елдің ағасы, басқарушысы болған Қуа-ныш Ақыбайұлы артына өшпей-тін іс пен із қалдырған абзал азамат еді. Қуаныш Ақыбайұлының кісілігінен кішілігі басым, адамгершілігі мен парасаты қатар жү-ретін. Адамға деген қамқорлығы ерекше еді. Ағамыз халық үшін құрметті, туған жер үшін тұғырлы, айналасына құшағы кең, үлкен-кішіге бірдей қамқор, ақжарқын мінезі мен дос та, аға да тұлға да, туған елдің перзенті де бола алатын", – деген сөзі көптің көңілін-дегі ықылас-пейілді дөп басқан еді.
Кіршіксіз тазалықтың символы болған  Қуаныш  Ақыбайұлы  сияқты асылдарымызды ардақтай білейік. Біздің шоқтығы биік, іргелі ел болуымыз осы асылдарымызды ұмытпай, мәңгі есте сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыруымызға тікелей байланысты. Өйткені, "өлі разы болмай, тірі байымайды".
Әкімбек қажы Қабденұлы
Әулиекөл ауданы

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓