Көп балалы кәсіпкер
Аманкелді ауданында өз ісін бастап, жеке кәсібін ашқан кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Солардың бірі Ғалия Әлменова аудан орталығынан арнайы орынды жалға алып, сұлулық салонын ашқан. Ол бір отбасының келіні, бес баланың анасы. Екі жоғары білімі болғанына қарамастан, жеке кәсіп ашуға бет бұрған.
– Мемлекеттің жас кәсіпкерлерге көрсетіп жатқан қолдауы зор. Шексіз қолдаудың игілігін көрген жандардың бірі ретінде өзімді айтар едім. Биылғы жылы мемлекеттен қайтарымсыз 1 млн 225 мың теңге көлемінде несие берілді. Оған арнайы құжаттар дайындап, бизнес жоспар құрып ие болдым. «АТАМЕКЕН» арнайы курсын оқып, грантқа өтініш бердім. Өтінішім оң шешім тауып кәсібіме жол ашылды. Нәтижесі жаман емес. Сұлулық салонын ашу көптен бері арманым болатын. Бұған дейін «Атамекен» ҰКП-да үш жылдай, он бес жылға жуық уақыт аудандағы салық органында мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Содан тәуекелге бел буып, жұмысты тапсырдым, сүйікті салама ойыстым, – дейді Ғ. Бақытжанқызы.
Сұлулық салонын ашу Ғалияның бала кезден бергі арманы. Бірде қызметі кедергі жасаса, енді бірде уақыт тапшы. Тіпті, осы іспен үй жағдайында айналысқан сәттері де болған. Көкейінде қайтсем де осы салаға түбегейлі бет бұрам деген ой маза бермепті. Осы жылы тәуекелге барып, өз арманын орындады. Шыққан қорытынды жаман емес. Елдің ықыласына бөленіп, алғысын иеленді. Аудан да бұрын соңды болмаған, болса да ара-тұра төбе көрсететін істі жаңашыл бағытта жасады. Мемлекеттің көмегін пайдаланып, өз ісін дөңгелентті.
– Қазір менің қызметіме бірқатар жұмыстар кіреді. Олардың ішінде маникюр, визажист, шаш үлгісін жасау, жіп блефаропластикасы бар. Қаладағы сұлулық салондары секілді қажетті құрылғылармен қамтылғанбыз. Қайтарымсыз несиенің тиімділігінің арқасында керек заттың барлығы алынды. Сондай-ақ, өзім секілді сұлулықты жаны сүйетін үш адамды жұмыспен қамтамасыз еттім. Олар да өзінің сүйікті ісімен айналысқандарына дән риза, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде сұлулық салонына барушылардың қарасы қалың. Алдын ала жазылып қоятындар да бар. Сондай адамдардың бірі әрі тұрақты сән салонының қызметін пайдаланушы Зирегүл Исмағұлова. Оның айтуынша, салонның берер пайдасы мол.
– Өмір болғасын түрлі жағдайлар кездесіп жатады. Тойға, өзге де отырыстарға жанталасып жүргенде, тырнақты сындырып алу, өзге де оқыс жағдайға тап боламыз. Ондай кезде бас ауыртпаймыз, бірден Ғалияға қарай алып-ұшамыз. Әп-сәтте, өзінің білікті маман ретінде көмегін көрсетеді. Жалпы, салонның болашағы жарқын. Ауданның сұлуларына қуаныш сыйлап отыр, – дейді тұрақты келуші.