“Ауғанның отты жылдары”
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына – 26 жыл. Осыған орай қаладағы "Жасұлан" жасөспірімдер орталығының мәжіліс залында арнайы іс-шара өткізілді. Салтанатты жиында қала әкімі Ғазиз Бекмұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, ауған соғысының ардагерлеріне жылы лебізін жеткізді.
Бүгінгі таңда қалада отыздан астам ауған соғысының ардагері тұрады. Үш жауынгер ұрыста мерт болды. Олар: Марат Галиев, Талғат Баймағанбетов, Николай Фирсович.
Жауынгерлік борышын адал атқарып, жат жерде жас ғұмырын қиған боздақтар бір минуттық үнсіздікпен еске алынды.
Ауған соғысының ардагері Марат Бәлдіков қаладағы "Жастар" саябағынан ауған соғысы жауынгерлерінің құрметіне тұрғызылып жатқан ескерткіштің ағымдағы жылы аяқталатынына үміттенетіндіктерін айтты. Өткен жылы Торғай боксит кен басқармасының көмегімен ескерткіштің қаңқасы тұрғызылған. Енді, оны аяқтауға қаржының тапшылығы қолбайлау болып отыр.
Ескерткіш – ерліктің, елдіктің үлгісі. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәки Ақан ардагерлер армандаған ескерткіш биылғыдай "Ұлы жеңістің 70 жылдығы" аталып өтілетін мерейлі жылда аяқталып жатса нұр үстіне нұр болатынын алға тартты.
Тағылымды шарада қала және ауыл өнерпаздары ән мен жырдың тиегін ағытты.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
Суретте: М. Бәлдіков ауған соғысының ардагері.