Бабадан қалған мол мұра
2004 жылы елімізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғалы халқымыздың байырғы тарихынан бастап, этнография, әдебиетімізді түгендеу, археологиялық, тарихи-мәдени ескерткіштерді түбегейлі зерттеп, қалпына келтіріп, қорғауға алу науқаны қолға алынған болатын. Одан бері талай дүниеміз жаңғырып, өшкеніміз жанып, кеткеніміз келіп, кемдігіміз толып жатыр. Сол бір рухани серпіліс әкелген бағдарлама 100 томдық «Бабалар сөзі» фольклорлық жинағының өмірге келуіне мұрындық болды. Қазақ халқының көне заманнан бергі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бай ауыз әдебиетін жинастырып, жүз кітаптан тұратын топтама етіп шығару М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына жүктелді. Талай жылғы табанды еңбекке Астана қаласындағы «Фолиант» баспасының да тікелей атсалысқанын айта кету керек.Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұзақ жылдардың еңбегі, талай ғұламаның маңдай терімен жинақталған кітаптар сериясының тұсаукесері өтті. Шараға жоғары оқу орындарының тіл-әдебиет ғалымдары, діни саланың өкілдері мен студент жастар қатысты.Тіліміздің, әдебиетіміздің бай екені соншалықты, батырлар жырының өзі 20 томнан тұрады. Бұлардан бөлек новеллалық, эпостық, діни, лирикалық, тарихи дастандар, мақалдар мен мәтелдер, шежіре мен аңыздар, ертегілер, тарихи аңыздар, ауызша әңгімелер, салт-дәстүрге қатысты фольклор бірнеше томдардан құралған. Жұмбақтар, балалар фольклоры, Моңғол қазақтарының фольклоры, жер атауларына қатысты аңыздар, халық әндері, аңыз күйлер де кеңінен қамтылыпты. Көне түркі, шағатай, араб, парсы тілдеріне қатысты сөздік бар. Кітапхана ұжымы баға жетпес мұра оқырман қауым үшін таптырмас дүниеге айналады дейді.Қазақ фольклорына қатысты құнды деректер еліміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдердің мұрағаттарынан жинастырылған екен. Филология ғылымының докторы Алмасбек Әбсадық та аталған жүз томдыққа арнап бірнеше шығарма ұсыныпты.– Әлемде бабадан қалған мұншама сөзді теріп-жинастырып жатқан ел кемде-кем. Бүгінгі тұсаукесерге келген кітаптар сериясының келер ұрпақ үшін берері мол. Расымен де тарихымызды, ауыз әдебиетімізді жатқа білетін құймақұлақ қариялар азайып жатқан заманда барымызды түгендеп, қағаз бетіне түсіріп алудың өзі үлкен еңбек дер едім, – деді ғалым.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.