Ел бірлігі – ең асыл қасиет

фото 014Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Ол ортақ құндылығымыз – тәуелсіздік, егемендік, бірлік, бейбітшілік пен  келісімді сақтауға арналған.
Биыл қазақстан халқы Ассамблеясының жылы. Осыған орай, 6 ақпан күні еліміздің түкпір-түкпірінде осы мерекенің ашылуына арналған салтанатты рәсім өткізілген болатын. Айтулы күнге орай Әулиекөл аудандық мәдениет үйінде де арнайы салтанатты жиын өтті. Сахна шымылдығы Б.Жүнісов атындағы ұлт аспаптар ансамблінің «Мереке» күйімен ашылды. Еліміздің әнұраны орындалды.
Мерекелік іс-шара барысында мәслихат хатшысы Александр Бондаренко, Н.Островский атындағы Аманқарағай орта мектебінің әлеуметтік педагогы Елена Кунц, С.Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназияның тәлімгері Анастасия Жукова сөз алып, Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқандығын, көпұлтты Қазақ елінде бейбітшілік пен татулықтың, береке-бірліктің орнап отырғандығын ерекше атап өтті. Әрі осы бейбітшілік пен келісімнің біздің еліміз үшін ең басты байлық екендігін де тілге тиек етті.
Үстіміздегі жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады. Қазақ халқы талай нәубатты бастан өткерді. Бірақ, мың өліп, мың тірілген қазақ ақыры азаттығын алды. Ал, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – сол азаттықты сыйлаған ата-бабаға деген құрмет. Салтанатты шарада осы айтулы дата да ескерілмей қалған жоқ. Сахнада Ш.Уәлиханов орта мектебінің ұстаздары қойған «Жәнібек-Керей» атты сахналанған көрінісі жиналғандарды тәнті етті. Сондай-ақ, өнер мектебінің және мәдениет үйінің өнерпаздары да Отан, туған ел, достық, бірлік туралы жүрекжарды әсем әндерін ортаға салып, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА.
Әулиекөл ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓