Үкіметтік емес ұйымдардың қатары көбейген
ҮЕҰ-ның қоғамдағы алар орны маңызды. Аталмыш құрылымның қызметі мемлекеттің, халықтың мүддесімен үндес. Билік пен бұқараның арасын жалғайтын көпір десек болатындай. Бүгіндері Қостанай облысында 768 ҮЕҰ бар. Үкіметтік емес секторға сенім білдірушілердің саны да көбейген. Бұл туралы дүйсенбілік дәстүрлі аппарат мәжілісінде айтылды.
Соңғы үш жылда облыстағы ҮЕҰ-дың қатары 14%-ға артқан. Соның ішінде әлеуметтік қорғау, салауатты өмір салты мен спортты насихаттау, балалар мен жастарға бағытталған ҮЕҰды ерекше атауға болады. Аталған құрылым санының өсуіне әлеуметтік маңызды жобалар байқауы, форум, көрмелердің септігі мол.
– Облыста санымен қатар сапасы жағынан да басқа өңірлерден басым түсетін ҮЕҰ-дар шоғырланған. Олардың қоғам алдындағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге деген ынтасы, белсенділігі ерекше. Бір қуа-ныштысы, қоғамның сол ҮЕҰ-ға деген сенімі жыл сайын артып келеді. Мұны тәуелсіз құрылымдар жүргізетін әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы дәлелдеп отыр, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов.
Әлеуметтік сауалнамалардың қорытындысы бойынша, үкіметтік емес секторға сенім білдірген респонденттердің үлесі 2010 жылы 45%, 2014 жылы 68%-ға дейін артқан. ҮЕҰ-дар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде маңызды мәселелердің оң шешімін табуына үлес қосуда. Биыл Қостанай облысы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі бойынша республикада 11 орында. Өткен жылдың қорытындысында 14 орында болған.
Шалағайда орналасқан ауылдармен салыстырғанда қала, аудандарда ақпараттық коммуникация технологиялары дамыған. Сондықтан, ауылдағы ҮЕҰ-ға ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл ретте Жітіқара, Қарабалық, Қостанай, Ұзынкөл аудандарындағы ҮЕҰ-дың жұмысы жоғары бағаланып отыр. Алтынсарин, Аманкелді, Денисов, Жанкелдин, Қамысты аудандарында ҮЕҰ-дың дамуы баяу.
– Облыс аумағындағы үкіметтік емес ұйымдардың бәрі жоғары деңгейде жұмыс істейді деп айту қиын. Бірінің белсенділігі жоғары, ал бірінікі төмен. Ауылдардағы ҮЕҰ-дың саны өскенімен, жұмыс сапасына көңіл бөлу қажет. Үкіметтік емес сектордың белсенділігін арттыруды қолға алған жөн. Өзге облыстардан тәжірибе алу үшін форум ұйымдастыру керек шығар. Осы уақытқа дейін бір де бір ҮЕҰ-ның жетекшісі облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылмапты, – деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Қымбат
ДОСЖАНОВА