Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…
ҚР «Тіл туралы» Заңы 21-бап. Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi
«…Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi».
Көшедегі сауатсыз жарнамалар мен түсініксіз аудармаларға жиі куә боламыз. Көрнекі ақпараттардың мәтіндері мемлекеттік тілге келгенде қате-қате жазылады. Оған не себеп? Жауапсыздық па әлде немқұрайлылық па? Осынау сауалдарға жауап беру үшін Қостанай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Тілдің тазалығы» атты мониторинг жүргізді.
Іс-шара аясында арнайы құрылған комиссия шаһардың Алтынсарин және Гоголь көшелерін бойлап, қате жазылған жарнамаларды анықтады. Комиссияның құрамында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары және «Жас Отан» ЖҚ ҚОФ-ның мүшелері бар. Тіл жанашырлары жарнама иелері мен дүкен қожайындарына ұсыныс хат жазып, жіберілген қателіктерді түсіндірді. Аталған кемшіліктер он немесе он бес күннің ішінде жойылуы тиіс.
– Сауатсыз деп танылған жарнамалардың мәтіндері орыс тілінен қазақшаға аударылмаған және грамматикалық, стилистикалық қателер кездеседі. Оның туындау себебі аудармаға деген салғырттық. Сауда-саттық нысандарының иелері кәсіби аудармашылардың көмегіне жүгінбейді. Аударманы мемлекеттік тілді жетік меңгерген адам жасауы керек, – деді облыстық тілдерді дамыту басқарамысының бөлім басшысы Жарасхан Наурызбаев.
Елімізде былтырғы жылдан бері шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге уақытша мораторий жарияланған болатын. Сондықтан қостанайлық тіл жанашырлары қате жарнама иелеріне ұсыныс хат жазумен шектеліп отыр.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
СУРЕТТЕРДЕ: Алтынсарин-Гоголь көшелерінде ілулі тұрған қате жарнамалар.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.