Ұрпақтар сабақтастығы

Изображение 2 274Кітапхана қазіргі кезде ақпараттық, ағартушылық орталық қана емес, сондай-ақ кездесулер мен пікір алмасулардың және әркімнің өз ойын ашық айтар азат алаңына да айналып отыр.
Облыстық кітапхананың қонақжай бөлмесінде бұл жолы екі дәуірдің ұрпағы бас қосты. Баршаға ортақ болған тақырып "Бұл – біздің заманымыз". Ұрпақтар арасындағы пікір алмасу еркін әрі ойды ашық, жеңіл жеткі-зумен ерекшеленді. Кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ж.Мақанов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары В.Семенова, ақын, аудармашы, баспагер А.Тарасенко, өлкетанушы, публицист, отставкадағы подполковник, ҰҚКД Қостанай облысы бойынша мұражайының директоры А.Қаратаев секілді аға ұрпақтың өкілдері шақырылды. Ал жастар атынан облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысының м.а. Д.Қарымсақова, қалалық мәслихат депутаты Т.Антонинова, "Жас Отан" жастар қанатының өкілі Е.Төлетаев, аймақтық КТК жетекшісі М.Бәкір қатысты. Сондай-ақ көрермен ретінде студент жастар да келді.
Алдымен сөз алған аға буын, өз заманы жайында ашық та қызықты әңгіме өрбітті. Адами қасиет, патриоттық сезім, Отанға деген адалдық тақырыбында ойларын ортаға салды. Жастар жағы да қысылмады, олар да өз пікірлерін білдіріп отырды. Динара Қарымсақова: "Жастарға сену керек" десе, Татьяна Новикова "Жаңалықтан артта қалмай қашанда алдында жүру керек" деген ойын қосты. Әрине, жас болғанға не жетсін. Жалындап, уақытты еншісіне бағындыра білетін жастар елдің келешегі болатыны шындық.
Ақыр аяғында Отаныңды қаншалықты сүйсең, патриот болсаң, сенің еңбек етуің, еліңнің дамуы мен гүлденуіне қосар үлесің де соншалықты маңызды  деген  ортақ  пікірге тоқтау жасады. Отырыста Жанділдә Мақанов "Оқитын өлке" жобасы жайында автор ретінде кеңінен әңгімелей кетті. Кітап  оқудың  пайдасын тереңірек түсіну керек жастарға. Ол үшін осындай жобалардың маңызы жоғары.
Қазақстанның болашағы жайындағы бейнеролик пен Қазақстанның бүгінгі жағдайы туралы кітаптар қойылған "Бұл – біздің заманымыз" тақырыптық сөресі де кездесуге келгендердің қызығушылығын тудырды. Кездесуді жүргізген Д.Дәуренбекова келгендердің барлығын кітапхананың бай қорын пайдалануға, дәстүрлі және сандық нұсқадағы әдебиеттерді, ақпараттарды көбірек оқуға шақырды.
Айтолқын
        АЙҚАДАМОВА
Суретте: пікір алмасқан екі ұрпақ өкілдері.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓