Меморандумға қол қойды
Әлемдік дағдарысқа орай, Елбасы үкіметтің кеңейтілген отырысында кәсіпорындарда өндіріс көлемі төмендесе де, жұмыс орындарының қысқаруына жол берілмеуі қажеттігін қадап тапсырған болатын. Осыған орай, біздің облыстың аудан, қалаларында да жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған тиісті жұмыстар қолға алына бастады.
Алтынсарин ауданында да орта және шағын бизнесті өркендету аясында халықты жұмыспен қамту мәселесі өз шешімін тауып отыр. Бүгінде ауданда үш мыңға жуық адамды еңбекпен қамтып отырған осындай 505 орта және шағын бизнес субъектілері жұмыс істеуде. Өткен жылдың өзінде ауданда жаңадан жиырма кәсіпкерлік субъектісі ашылған көрінеді. Сондай-ақ, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы шеңберінде төрт кәсіпкерге 1 млн. 402 мың теңгеге инвестициялық қолдау көрсетілген. Қазіргі таңда әлемдік дағдарысқа байланысты ауданда жұмыссыздыққа жол бермеу аясында орта және шағын бизнесті дамытып отырған кәсіпкерлермен меморандумға қол қою басталды. Мәселен, жақында ғана жергілікті билік осы жұмыссыздықты болдырмау, еңбеккерлердің жалақысын қысқартпау мақсатында "Зуевка", "Темте", "Парасат", "Айдала", "МельАгроПром", "Сосновый бор" тәрізді ірі серіктестік басшыларымен меморандумға отырды. Аудан әкімі Б.Ахметовтың айтуынша, Елбасының жұмыс орындарын қысқартпау туралы тапсырмасына орай, мұндай меморандумға қол қою жұмыстары тек ірі серіктестіктермен ғана шектелмейді, әріқарай жеке шаруа қожалықтарымен де жалғасын табатын болады.
Қарлығаш
ОСПАНОВА
Алтынсарин ауданы.