«ГАУХАР» асыл тұқымды мал өсіруде

С.МОЛДАТАЕВАманкелділіктер асыл тұқымды ірі қара мал өсіруде облысымыз бойынша алғы шептен көрінуде. Атап айтқанда: былтырғы жылы ауданда "Сыбаға" бағдарламасын игеру жоғары деңгейге жеткізілді. Жыл  ішінде бағдарламаға қатысқан 6 шаруа қожалығы 182 ірі қара сатып алып, тапсырманы 256,3 пайызға орындап шықты. Солардың бірі – ауданның ең шал-ғайында орналасқан Ақсай ауылдық округіндегі "Гаухар" шаруа қожалығы. Бұл қожалық осыған дейін ірі қара өсірумен айналысып келсе, былтырғы жылдың  аяғынан бастап жылқы шаруашылығын дамытуды  да қолға алды.
Шаруашылық төрағасы Сағындық Молдатаев – кезінде совхоз директоры болып қызмет жасаған, ұйымдастыру қабілеті мол азамат. Ол соңғы екі жылға дейін Қостанайдың маңында тұрып келді. Ау-дан басшылығы Сағындыққа елге оралып, мал шаруашылығымен айналысуға ұсыныс жасады. Ол отбасымен және ағайын-туыстарымен ақылдаса келе, өзі және ата-бабасы туып-өскен Ақсайға қайта оралды. Келген бетте "Сыбаға" бағдарламасына қатысып, несиемен 100 ірі қара сатып алды. Олардың бәрі қазақтың ақбас тұ-қымды сиырлары. Былтыр "Әулие-көл" асыл тұқымды 2 бұқа әкелді.
Өткен жылдың аяғында "Құлан" бағдарламасына қатысып, 4 асыл тұқымды айғыр сатып әкелді. Бұлардың 2-уі – "Мұғалжар", 2-уі – "Көшім" асыл тұқымды жылқылары. Осы 4 айғырды Ақтөбе облысының Атырау облысымен шектесіп жатқан өңірінен арнайы техникамен барып алып келді. Оларды сатып алғаннан, жеткізу қиынға түсті. Техника жалдауына тура келді. Желтоқсанның аяғында, қақаған қыс ішінде 1300 километр жерден алып келген осы 4 айғырды қазір арнайы қорада ерекше күтімге алып, бағып отыр. Бұл айғырлардың әрқайсысының салмағы 500 килограмм тартады.
Аз уақыттың ішінде мұндай жұмыстарды жасау – әрине, іскер адамның қолынан келетіні белгілі. Қазіргі таңда Сағындықтың меншігіндегі биелер тебінде бағылуда. Ал ірі қаралары арнайы орында күтілуде. Малдарының күйлері жақсы.
– Амандық болса, таяу жылдарда жылқыны 300-ге, ірі қараны 400-ге жеткізуді жоспарлап отырмын. Қазірдің өзінде қолдағы малдың өнімдерін Шымкент және Қостанай қалаларында сатқызудамын. Біздің өңірдің малының етіне деген сұраныс жоғары. Себебі, жеріміз құнарлы шөпке бай, өзендеріміздің суы таза. Біздегі Мойылды өзені – атына сай мойылды десе мойылдай. Қазіргі таңда 5 адамға жұмыс беріп отырмын. Олардың екеуі жылқыны тебінде бақса, үшеуі ірі қараны жайлайды. Жем-шөп жеткілікті. Қора-қопсыларым жайлы. Былтырғы жазда бұрынғы "Бүйректал"  совхозының бос қалған бірқатар құрылыстарын алып, оларды жөндеуден өткізіп, игілігін көріп отырмын. Жем-шөпті құнарлы қалпында ерте шауып, жинап алдық. Төрт түлік малымыз таза су ішсін деп қорамның жанынан құдық қаздырып алдым. Оның суы мол. Қысы-жазы игілігін көрудеміз. Әрине, жан қиналмай, тән рахат таппайды. Мал өсіруге саналы түрде келдім. Жоспарым көп. Бірақ оны алдын-ала айтпай-ақ қояйын. Орындалуын уақыт көрсетеді ғой. Маған аудан басшылығы тарапынан болсын, ауыл басшылығы тарапынан болсын тиісті көмек болып тұр. Менің де мақсатым – өзім сияқты мал өсірушілермен бірге туған ауылым Ақсайды дамытып, өркендетуге үлес қосу. Баяғыдай емес, қазір мал аз ғой. Сондықтан, жайылым жетеді. Су байлығы да аз емес. Бізге тек нәтижелі жұмыс жасасақ, жетіп жатыр, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Сағындық нық сеніммен.
Біз онымен бірге шаруашылығын аралап көрдік. Қоралары өзі айтқандай жақсы жасалыпты. Ал алыстан әкелген асыл тұқымды айғырлары жабық қараңғы қорада бос жүр екен. Сондықтан оларды суретке түсірудің орайы келмеді. Бірақ, асыл тұқымның аты – асыл тұқым ғой. Жылқылардың күйі өте жақсы екен. Біздің Торғайдың жыл-қыларына қарағанда еңселі де ірі, шомбалдай зор. Денелері тұтас біткен. Бұл айғырлар үйірге түссе, әрине, жылқы тұқымының асылданары сөзсіз.
– Біз Сағындықтың өмірбаянымен жете танысып шықтық. Ол мал шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен азамат. Кезінде Қостанай облысында совхоз директоры да болып істеген. Оның елге келіп, мал өсірумен айналысуына кеңес бергенімізде, ұсынысымызды қабыл алғанына қуандық. Азаматқа Қазақстанның қай жері де болсын атамекен ғой. Бірақ, болсада мал шаруашылығымен айналыс-қаннан кейін шалғайда жатқан өз ауылын түлеткенге не жетсін?! Сағындық аз уақыт ішінде асыл тұқымды ірі қара мен жылқы өсіруді сәтті бастап отыр. Болашақта біз оның осы салада жақсы нәтижеге жететініне сенеміз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Талғат Тойшыбекұлы Карбозов.
– Мен де кезінде Сағындық секілді совхоз директоры болып қызмет істедім. Өмірлік тәжірибеден байқағаным – мал тұқымын асылдандырмай болмайды. Көп нәрсе тұқымға байланысты. Сағындықтың сатып әкелген айғырлары жергілікті жылқыларды асылдандыруда оң нәтижесін береді деп есептейтін. Мұның үстіне бұл айғырлар атақты "Көшім" және "Мұғалжар" асыл тұқымдарынан. Әсіресе, "Көшім" жылқысының тиімділігі мол. Бұл ретте Сағындық ауданымыз бойынша асыл тұқымды жылқы өсірудің бастамашысы болып отыр. Оған  осы  істе әріптесі ретінде тек қана табыс тілейміз, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ерлібек Қасымбекұлы Ещанов.
Иә, батыр атындағы ауданда асыл тұқымды жылқы өсіру ісі осылайша қолға алынып отыр. Бастама жаман емес. Сағындықты қолдаған "Жұман" шаруа қожалығының  төрағасы Жақсылық Мырзекеев те таяуда асыл тұқымды жылқылар сатып әкелмек. "Көз – қорқақ, қол – батыр" деген ғой. Тәуекел етіп, сол "батырлықты" танытқан Сағындыққа ақсайлықтар да және барша аманкелділіктер де тілектес болып отыр.
Хамитбек
      МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суретте: асыл тұқымды мал өсіріп отырған "Гаухар" шаруа қожалығының төрағасы Сағындық Молдатаев.
Суретті түсірген автор.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓