Берері мол
Біздің қатарымыз газет-журнал, кітап оқуға жас кезімізден қалыптасып өскендіктен, оған деген ықыласымыз ерекше. Сонау Советтік дәуірде бұл басылымдарға уақытында қолымыз жете бермейтін еді.Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімізде қолымызға бір кітап түссе болды, қолдан-қолға тигізбей оқитынбыз. Кітапты бұрын оқыған балалардан мазмұнын сұрап, талқыға салатын едік. Ал журнал кездесе бермейтін еді. Газеттің өзі сирек келеді. Ондайда басымызды алмай өзіміз бір оқып шығып, ауыл үлкендеріне бар жаңалықты айтып беруді парыз санайтынбыз.
Мен өзім 1966 жылдан бастап «Коммунизм таңынан» бүгінгі облысымыздың айнасы «Қостанай таңы» газетін үзбей зер сала оқып келемін – деп айтсам артық болмас. Облыстық газеттің әр жылдары жазған жаңалықтарының өз ерекшеліктері бар. Бірін жақсы, бірін нашар деп баға беруден аулақпын. Сайып келгенде уақыттың, заманның ілгері құлаш ұрып алға басуы, газетті жақсарта түсуі заңдылық емес пе?!
Облыстық «Қостанай таңы» газеті сан алуан тақырыпты қамтиды. Оның әр нөмірі келген сайын асығып бетін ашып оқуға құмарта түсеміз. Жақсы жаңалық көңіліңді көтеріп тастаса, жағымсыз нәрсені оқығанда неге бұлай болды деп көңілің құлазып қалатыны тағы бар.
Өткенге зер салып, бағаламай, ілгері басу мүмкін емес. Анығын айтқанда газет кейінгі кезде көпшілікті өзіне баурап алды. Сонау Советтік дәуір кезінде аянбай халық үшін еңбек еткен азаматтар баршылық болатын. Ол кезде олардың еңбегі бағаланбай грамотамен ғана шектелетін. Оның еңбек жолы, мамандығы білімі, іс тәжірибесі, халыққа деген адалдық жолы газет бетінде айқышталып бағаланбайтын еді. Бұл жағдай газет бетінде кейінгі кезде жарық көре бастағаны қуанышқа бөлеп, ризашылығымызды тудырғандай.Сол сияқты облыс бойынша ақын-жазушы, өнер тапқыштардың газет бетінен жиі көрінуі де қуантады.
Арқа жері – Қостанайда өткен ғасырлардан белгілі от ауызды, қызыл тілдің шешендері жайлы тереңірек жазылып тұрса кейінгі ұрпақ үшін өте қажет-ақ.
Жер-су атаулары туралы Шөптібай Байділдиннің жазғаны өте дұрыс болған деп білемін. Бұл тақырып көпшілікке таптырмас дүние. Ел мен жердің тарихын таныстыру келешектің еншісіне қала бермек деп ойлаймын.
Біздің елде атақты ақиық ақын, жерлесіміз, 1950 жылы мұғалім болып жұмыс істеген Ғафу Қайырбеков «Қызбел» жайлы бірнеше өлеңдер жазып қалдырған болатын.
Қатын-қазған,
Төре-түскен, Шара-бас,
Қыз-емшектің
найза тасы жалаңаш,
Терістіктен
Теке-діңі теңбіл көк,
Сипатына кім
қызығып қарамас, – деген өлеңі жер аттарын сипаттап, тарихтың қилы кезеңдерін беріп тұрған жоқ па.
Сонау Мойылды, Дәмді өзендерінен бастау алатын Қоңыраулы өзені төргі ауылды, 60 шақырымға созылып жатқан Сарықопаны суландырып тұрғаны ғажап көрініс бір ғанибет.
Осы Қоңыраулы өзенін Ғафу ақын сол жылдары былай суреттеген еді:
Жаз болғанда
қоңыраулатып ағады,
Күйдің шегін
әр уақытта қағады,
Жалғыз жатқан
Қоңыраулының өзені,
Бүкіл аймақ жер суына
қанады.
Қоңыраулы өзені туралы бірнеше аңыз бар. Қоңырау – құлынның мойнына ит-құстан аман болсын деп тағып және де қай жерде жүргенін дыбысынан анықтау үшін тағылады екен. Аңызда қоңыраулатқан күйме жеккен татар байы, тасып жатқан өзеннен өтем дегенде суға кеткен көрінеді. Содан өзен аты «Қоңыраулы» болып қалған деседі.
Ал Сарықопа тарихы Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романына негіз болған оқиғаның нақты екені рас. Оқиға осы Қызбелде болған ұрпақтары сонда қазір де өсіп-өніп жатыр.
Қазақ даласы тұңған тарих, оны біле жүрген ләзім. Газет осыған жете көңіл бөліп жүр. Ризамын! Тек менің бүгінгі «Қостанай таңынан» көргім келетін дүние – дін тақырыбы. Осы елдің тумасы, Алаштың ардақтысы М.Дулатұлы «Оян, Қазақ» деген өлеңінде:
Көзіңді аш оян қазақ,
көтер басты,
Өткізбей қараңғыда
бекер жасты,
Жер кетті, дін нашарлап,
қал қарам боп,
Қазағым енді жату
жарамасты. – дейді. Бұл әлі де өзекті. Сол себепті Алланы еске алып құрметтеу, кейінгі жастар үшін мағыналы бет бұрыс болары сөзсіз. Осы орайда ақын Жұма-Назар Сомжүректің «Алланың 99 көркем есіміне, 99 көркем жыр» кітабы ойымның өрісін арттырып дем берген сияқты:
Патша Құдай мықты,
әрі өте берік,
Адам боп, жаралмасақ
нетер едік.
Ой берген, ақыл берген,
сана берген,
Алла атын асқақтатып
көтерелік.
Алланы құрметтеу, дінді бекем ұстау, ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, имандылыққа бастайтын нақты жол болмақ деген ойдамын.
Өтеш ЖҮСІПҰЛЫ,
зейнеткер.