Мұрағат сыр шертеді
Сарғайған газет беттерінен
4. Аға буын тілшілер белсенділік танытқан
Газет тігіндісін ақтарып отырып, аға буын тілшілердің есімдерін оқыдым. Солардың бірі – Ғұбай Әбілов.
Бұл кісіні "Коммунизм таңы" газетіне, 1975 жылы қызметке орналасқанда редакцияда кездестірдім. Ауылдың тұрғыны бола жүріп, газетті жаздырып алып, оқығанда Ғұбай Әбіловтың мақалаларына назар аударатынмын. Ағалы, інілі болып, қызметті он жылдай бірге атқардық.
"Болшевиктік жол" газетінің 1947 жылғы бірінші январьдағы Ғұбай Әбіловтың "Жаңа жыл жыры" өлеңі жыр сүйер қауымды қуантқан.
Елуінші жылдарда Ғұбай – Ғұбекеңнің белсенді журналист екенін дәлелдейтін "Совет халқының ынтымағы нығая берсін" мақаласы көзіме ілікті. Онда автор Қостанай қаласындағы "Большевичка " тігін фабрикасы жұмысшылары мен қызметкерлері жиналысында ұжымның алға қой-ған мақсатын баяндайды.
19 февраль күнгі сандағы Ғұбай Әбіловтың "Дала капитаны" атты суреттемесі де мазмұнды. Мұнда Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, орденді тракторшы Қожақмет Игіліковтың ерен еңбегі суреттемеге арқау етілген. Урицкий ауданындағы Шевченко атындағы колхоздың механизаторы Игіліковтың ортақ істер жолындағы ізденісі басқаларға үлгі болған.
Тағы бір қаламгер ағамыз Молдахмет Ғалымжанов қазіргі Денисов ауданында жауапты қызметтер атқарды. Жетпісінші жылдары біздің газеттің Орджоникидзе ауданы бойынша меншікті тілшісі болды. Ғалымжанов ізденгіш журналист ретінде танылды.
1950 жылғы 5 майдағы, № 89 санда "Мал өскен колхозда" деген Н.Саналинмен бірле-сіп жазған Молдахмет Ғалымжановтың мақаласы жарияланған.
Хамит Жансарин де елуінші жылдары газетте қызмет істей бастапты. 1950 жылғы 11 июнь күнгі санда Хамит Жансариннің "Озат бригададағы жаздың бір кеші" мақаласы тартымды екен. Бұл кісімен де жетпісінші жылдары қызметтес болдым. Қаламы ұшқыр журналист жетпіс жасқа таяғанға дейін газеттен қол үзбей, еңбек етті.
1954 жылдың 1 январьдағы ( 4850 ) № 257 санында Хамит Жансариннің "Өміріміз гүлденер күннен күнге" атты көлемді мақаласы газеттің бірінші бетінен басталады.
Сафаржан Хайдаров елуінші жылдары "Коммунизм жолы" газетінің редакторы міндетін атқарған. Соған дейін Хайдаров Семиозер аудандық газетінде секретарь болған екен. С.Хайдаров облыстық газетке мақала жазып тұрған.
Журналистік қызметте маған ұстаздық жасағандардың бірі – Бексұлтан Бекентаев. Жітіқарадағы меншікті тілші Бекеңнің жазған мақаласы көзіме оттай басылды.
Газеттің 1951 жылғы 10 апрельдегі № 71 ( 5085 ) санында Бекең "Жітіқарада тұқым егіске әлі де дайын емес" деген мақаласын сынға құ-растырған.
Сол кездегі тілші Ш.Бисенбаев та сын мақала жазыпты. "Семиозерда ырғалып, жырғалушылық күшті" мақаласы соның дәлелі.
Әнуар Меңдібаев та белсенді тілші болған. Оның мақалалары Таран ауданынан жазылған. Құрметті демалысқа "Коммунизм таңы" газетінен кеткен Әнуар ағайдың уақытпен санаспай еңбек еткенін мен де байқадым.
Әлі есімде, Қуаныш Шәмшиев газетке студент кезінен қарым-қатынас жасағанын маған айтқан-тын. Қостанай ауыл шаруашылығы техникумында оқығанда тамақ ішуге ақша жетпегенін Қуаныш Ағыбайұлы тілге тиек еткен болатын. Торғай даласында өскен жас жігіт тілге бай. Сабақтан қолы босағанда мақала жазады. Газетке жарияланған материалдарына қомақты қаламақы алыпты.
Қуаныш Шәмшиевтің бұл оқиға жайлы әңгімелегеніне көп уақыт өтті. Газет тігіндісін ақтарып отырып, оның мақаласын тапқанда, қарияның айт-қанын есіме алдым.
Студент қаламгер материалына "Мал шаруашылығы" айдарын арқау еткен. "Төл алуға басшылық жоқ" атты кеңейтілген хабарда кінәлілерді сынапты.
Ермекбай
Хасенов