Көңілдің тербеп тұнығын
Әлі күнге дейін көз алдымда төргі бөлме толы адам. Бикен жеңешем тек дастарқанды жайып үстіне қант-кәмпиті араласқан бір табақ бауырсақ төкті. Сол кезде аяғын апыл-тұпыл басып жүрген кішкентай бала дастарқанның үстіндегі қант-кәмпитті көріп «мыналар шашылып қалыпты ғой» деп бір-бірден алып кісілердің қолына ұстата бастады. Қонақтар сәбидің бұл қылығына мәз-мәйрам болып күлгендері бар. Үйге кіргенмен бірге кіріп, шыққанмен бірге шығып томпаң қағып жүрген қылығы тәтті бұл кішкентай бала Орал еді.
Күнделікті әдетіммен балаларды таңертең жұмыстарына шығарып салып, үйді жинастырып жүргенмін. Бір уақытта телефон шырылдады. Телефонды көтерсем қызым Зере екен.
– Мама, қайырлы таң. Жақсы демалып тұрдыңыз ба? Қалайсыз? деп сұрап жатыр.
– Жақсымын. Өздеріңде не жаңалық бар?
– Бәрі жақсы. Мама, сіз, Орал нағашыммен сөйлесіп пе едіңіз, бүгін түнде түсіме кірді. Қайсын аласың деп ұялы телефоны мен сағатын ұсынды. Мен сағатын алып жатыр екенмін. Телефонын ұсынғаны хабарласпадыңдар ғой деп жатқаны шығар, – деді.
Жүрегім шымыр ете қалды. «Жаратқан ием, өзің жар бола гөр» деп ішімнен қайталай бердім.
Сол екі арада сыртқы есік ашылғандай болды. Қарасам жаңа ғана жұмысқа кеткен балам Гаухар кіріп келе жатыр.
– Бір затыңды ұмытып кеттің бе?
– Жоқ, мама, бүгін үйде боламын. Жұмыстан сұранып келдім, – деді.
Сол күні бауырымнан мәңгілікке айырылғанымды естідім. «Кеше ауыр науқастан соң белгілі мемлекеттік саяси қайраткер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің 3-4 шақырылымдарының төрағасы, Мемлекет басшысының сенімді серіктерінің бірі Орал Мұхамеджанов дүниеден озды» деп телевизордан үздіксіз айтып жатты.
Мен әңгімемді әріден бастайын. Мұхамеджанның төрт ұлы болды Шайынғазы, Кәкімжан, Кәкімбек, Байғоныс. Қазақта «құдайдан жасырмағанды адамнан жасыра алмайсың» деген қанатты сөз бар. Мен Кәкімжан мен Ханшадан тудым, бірақ кішкентайымнан бастап ес біліп, етек жапқанша Мұхамеджан атаммен Дина әжемнің тәрбиесінде болдым, сол шаңырақта бой жеттім, тұрмысқа шықтым.
Мұхамеджанның әулеті жайлы сөз қозғалған жерде ішкен асын жерге қойып, елең етіп құлақ түрмейтін жан жоқтың қасы десем де болады. Тіл-көз тимесін, бірақ жаратушы құдыреттің иесі бұл шаңыраққа шешендікті де, ақындықты да, әншілікті де, күйшілікті де үйіп-төгіп берген. Біздің әулетіміздегі ақындық, сазгерлік өнердің тамыры тереңде екені жайлы, ұлы атамыз Өтеулі ақыннан бастау алып тарағаны туралы әр жерлерде айтылып та, жазылып та жүр. Соғысқа дейінгі жылдары Байғоныс ағаның Қостанай облыстық филармониясында әнші болғанын айтпағанда, қалған ешқайсы өнер жолын қуған жоқ, тек қана жандарына серік етті. Олар елдің өркендеуіне үлес қосатын, халықтың игілігі үшін тер төгіп жемісін көретін еңбек жолын таңдады. Кезінде Торғай боксит-кен рудасында қарапайым кен қазушыдан бастап, сол мекемеде бірқатар жетекші қызмет атқарған бауырым Сейден Кәкімжанұлы партия мүшесі, Еңбек Ері болды, елде отырып Шопан атаның таяғын ұстаған інім Таңатқан Кәкімжанұлы да ащы тердің арқасында талай марапаттарға ие болды, екеуіне де партия сенім артып, халық қолдап аудан, облыс көлемінде депутаттыққа сайланды. Ораз Байғонысұлы Арқалық педагогика институтында математика, информатика және қолданбалды математика пәнінен дәріс беріп, шәкірт тәрбиеледі, КазГУ-дың аспирантурасын бітірді, диссертация қорғап, ғылым кандидаты атанды, оның соңғы жұмыс істеген ортасы Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы университет болды. Өзі әке, өзі ана болып аялап өсірген қыздарына жоғары білім беріп, аяқтандырып, өмірдің сүрлеу жолында Гүлнарды жолықтырып, шаңырақ көтеріп, отбасының рахатын енді көріп, көңілі орныққан шақта, аққан жұлдыздай болып ортамыздан кете барды. Бірақ бұның бәрі жеке әңгіме…
Сонымен Байғоныс аға филармониядағы жұмысын тастап, отбасымен Қостанайдан елге келді. Ауылнай болып қызмет етті. Өзі де жұмыс бабымен ауыл-ауылды аралайды, ауылнайдың үйі деп атбасын бұрып келетін кісі аяғы да қысы-жазы бір толастамайтын. Қыз бала болсам да келген кісінің атын өңгеру, ер тоқымын алып суыту, таң асырып жем-суын беру менің міндетімде болды. Оның сыртында алты-жеті шақырым жерден иін ағашпен күніне бірнеше рет су тасимыз. Кешкілік ұйықтар алдында үйдегі балалар май шамды ортаға қойып отыра қалады мен оларға «Мұңлық-Зарлық», «Көрғұлы», «Аяз би», «Алтын сақа» ертегілерін айтып беремін. Ертеңіне күні бойы кеш батқанын күтіп «Сара тағда ертегі айтып берші» деп кекілі желбіреп Орал соңымда жалынып жүреді. Орал көрші-көлемнің балаларымен бірге қыста сырғанақ теуіп, жазда асық ойнатын, көлге шомылатын. Бір ерекшелігі әкесі үйде болған күні «әлгі бала қайда жүр» дегізбеуші еді. Ол күні әкесінің жанынан бір елі кетпейтін, домбыра тартқанына қызыға қарап, айтқан әңгімесін үлкен адамдарша ұйып тыңдайтын.
Байғоныс аға аққұба өңді, ұзын бойлы, иықты, тәкәппар кербезділік пен қарапайымдылықты қатар ұстаған, тазалық пен ұқыптылықты сүйетін, жақсыға жаны құмар, әдебиет пен тарих төңірегінде әңгіме айтқанда «жілігін шағып майын ішкен», адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленген кісі еді.
Жылдар өте әкесінің осы қасиеттерінің бәрі де Оралдың бойынан табылды.
Орал бала күнінен зерек, ынталы, ұқыпты болды. Байғоныс аға осыны байқады ма, әлде қызмет етіп жүріп бір жайдан ой түйді ме, әлде алысты болжағаны ма әйтеуір Оралды орысша оқытуды ойлады. Сөйтіп Ушаков ауылындағы орыс кемпір мен шалдың үйінде тіл үйреніп Оралдың бір жыл қыстап келгені есімде. Байғоныс аға шай үстіндегі әңгімесінде «Ушаковтағылар енді бір жыл бола тұрсын деп баламды өзіме қайтарғылары келмейді, әбден бауыр басып қалған», – деп күліп әңгімелеп отыратын.
Орал менен сегіз жас кіші болса да, менімен тең сөйлесіп, әзілдеп күлдіруші еді. Жас күнінде Орал Бүйректалға жиі келіп «Сара, үйдесің бе? Қалдарың қалай?» деп еркін сөйлеп, есіктен еркелей кіретін, он-он бес күн болып қайтатын. Сол Бүйректалдан Жұмағали, Еркін, Сапар сынды жақын жора-жолдас тапты. Олармен өмірінің соңына дейін араласып, үзбей сыйласты.
Орал екеуміз кездесе қалған кездегі әңгімеміз де қызық болушы еді. Ол менің жеке басымды, балаларыңды қойшы өзің қалайсың деп денсаулығымды сұрап құрақ ұшушы еді. Мен болсам отбасы ошақ қасындағы әйел адаммын. Көбіне өзімді ұмытып балалардың қамын ойлаймын. Себебі балаларымның бірі оқуды бітіріп, бірі оқуға түскен кезеңі қайта құрудың аласапыран уақытына тұспа-тұс келді. Бірде Оралмен ойда-жоқта кездесіп қалып тәп-тәуір әңгімелесіп отырғанбыз. Сөзден сөз туындап бір баламның жұмысын айттым. Бірде болмаса бірде ойыңда жүрсін, саған айтпағанда кімге айтамын деп жатырмын. Ол үнсіз тыңдап алды да, шорт кескендей етіп:
– Әй, Сара, мен саған трактористке күйеуге шық, – деген жоқпын демесі бар ма.
– Ойбу, манадан бері несіне тыңдап отырсың. Желге кеткен сөзім-ай деп күліп жатырмын. Маған қосылып ол да күліп жіберді.
Қалай болғанмен де Оралдың маған деген көңілі де, ықыласы да ерекше болды. Көрген жерде құшақ жайып амандасатын. Телефонының нөмірін беріп «амандығыңды білдіріп тұр, жұмыстан қолым қалт етсе өзімде хабарласамын» деп мені жас балаша арқамнан қағып, бауырына тартатын еді. Оралдың әр жайды бақылап, назарында ұстап, жарылғанды бүтіндеп, құлағанды көтеріп, қамыққан көңілді жұбата білетін қамқоршылдығы, қарапайымдылығы мен кеңпейілділігінің арқасында Биажан екеуіміз Қостанайдың Сосновый бор шипажайында демалдық. Оралымның бір ауыз сөзін жерге тастамай, шипажайдың қызметкерлері бізді алақандарына салып күтті. Сый-сияпаттарын аяған жоқ.
Орал соңғы жылдарда анасын көп есіне ала беруші еді. Анасының құлпытасын жаңартты. Елге барып ас берді, дұға қылып, құран бағыштады.
Неге екенін білмеймін, сонда да оның көңілі тыныштамағандай болды. Олай дейтін себебім Орал екеуіміздің соңғы кездесуімізде де ол анасы жайлы сөз қозғады. Ол былай болған еді. Орал қайтардан бір жыл бұрын менің денсаулығым да сыр берді. Дәрігерлер жақсы ауру емес екендігін айтты. Кезінде 11 құрсақ көтердім, оның үстіне ауылдың қырық жылғы бейнеті бар, 73-ке қараған жасымда операцияны көтере аламын ба, жоқ па деген ойда жүрген едім. Күндіз балалар жұмыста, өзім үйде жалғыз қаламын. Жаз айы, күндізгі он жарым он бірлердің шамасында керегімді алып келейін деп үйдің маңындағы дүкенге бардым. Аз-мұз саудамды жасап, үйге қайтып келе жатсам, ауладан бір таныс бейне көрінеді. Мына кісі Оралға ұқсайды екен деп ойладым. Ол да мені байқап қалып:
– Ау, Сара қайдан келе жатырсың, айналып үйіңді таба алмай жүрмін, – деді.
– Адасқан жоқсың, дұрыс келгенсің, үй осы ғой алдың да тұрған.
– Қай уақытта өзгертіп үлгерген сырты бұндай емес сияқты еді ғой?
–Үкіметтің жаңа бағдарламасына осы қалада алдымен біздің үй ілігіп, жақында ғана жөндеді. Менен сауатты адамсың, манадан бері адасып жүргенше, телефоныма звондап үйіңнің нөмірі қандай еді деп сұрамайсың ба? Осы сендер елді қалай басқарасыңдар, осындай ұсақ-түйекті білмейсіңдер дедім күліп.
– Сол ойыма келмепті,– деп ол да күліп жатыр.
Екеуіміз үйге көтерілдік. Амандық-саулық сұрасып болған соң:
– Сара, бәрі жақсы деп менен жасырып айтпай отырсың ғой, бірақ сенің сырқаттанып жүргеніңді естіп, келіп отырмын. Қазір медицинаның жетілген заманы. Қандай ауруға да ем табады. Әлдеқалай болады деп уақытты өткізіп алма. Дәрігерлер қалай емдейміз десе де келісіміңді бер. Қалғанын өзім қадағалаймын, оған күмәнің болмасын деді.
Сөз арасында ол: – Сара, менің анам қандай адам болып еді?– деп тағы да сұрады.
– Оралтай-ау, ол кезде сен ес біліп қалған баласың қалай есіңде жоқ дедім.
– Ұмытып қалыппын, қанша тырмыссам да есіме түсіре алмаймын, алыстан сағым сияқты ыстық бейнесі ғана елес береді. Тірі болғанда менің жанымда болып, Еркінімнің тойында төрде отырар еді, – деп көңілі босады.
– Сендердің аналарың, Бикен жеңешем аққудың көгілдіріндей көрікті, мінезі жібектей адам еді. Оның қонақжайлығы сондай қай мезгілде келсе де кісіні қабақ шытпай күтіп алатын. Әрі шебер болды, оның қолдан тіккен киімдері дүкеннен алғанмен теңдей еді. Қайтейін жаратқан иеміз қысқа ғұмыр берді. Төртеуіңді дүниеге әкелген соң, небары 29 жасында бақилық болды ғой. Ана деген қашанда тілекші емес пе, аруағы желеп-жебеп жүрер. Бикен жеңешемнің көрмеген қызығын көріп, жасамаған ғұмырына жетіңдер, – дедім. Осыдан кейін ана-мынаны айтып жарты сағаттай отырдық. Ол кетуге ыңғайланғанда –«Сенің қант диабетің бар, ақ нан жемейсің, майда жеуге де болмайтын шығар енді не ауыз тиесің» деп ас бөлмеге қарай жүрдім. «Сара сен қызықсың, сары май жегеннен өліпті деге қазақты естіп пе едің. Майың мен наныңды әкеле бер» деп күлді. Кетерінде қолымнан қысып «Сара, денсаулықтан асқан еш нәрсе жоқ. Жаңағы айтқан сөздерімді ұмытпа. Аман болайық» деді. Осынша жасқа келсем де Оралдың айтқан әр сөзі, оның күлгені, қарапайым отырысы жаныма қуат беруші еді, оның бар болғанының өзін үлкен демеу көретінмін. Өзі сырқаттанып жүріп, мені ойлады. Телефон соғып «Сара, көктем келді көкке аузың жетті ғой, – деп әзілдеп. Енді бәрі жақсы болады. Әлі де он-он бес жыл жаса. Тілектеспін» деген сөздері ойымнан шықпайды.
Оралым, Оралтайым… Жаратушы ием бақ берген, жақсы-жайсаңдармен тең жүріп, дәмдес болуын нәсіп еткен әкесінің емес, халқының ұлы болуы несібесіне жазылған құлыным. Әттең, дәм-тұзың ерте таусылды. Өкініштің орны толмайды. Иә, өткен күндер елес. Жалған дүниеде біз бір жол кезген жолаушымыз… Қайран бауырым, Алла иман байлығын беріп, жаның жұмақтың төрінде болсын.
Сара Кәкімжанқызы Ыдырысова
Астана қаласы.