Ойланатын күн туды
Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне де ширек ғасыр болып қалды. Кеңес заманында талайлардың арманы болған – ата дінімізді қайта жаңғыртып, намазымызды оқып, Аллаға құлшылығымызды еркін жасасақ деп көксеген күніміз туып, жұрт дінге бет бұрды. Сол жылдары еліміздің біраз жерлерінде балаға дейін ораза тұтып, "үлкенімін" дегендер дін жолын ұстануға әжептәуір құлшыныс танытты. Бірақ, өкінішке қарай, арада 3-4 жыл өтпей жатып, солардың көбі намаз оқудан да, ораза тұтудан да теріс айналып шыға келді. Қазіргі кезде еліміздің барлық мешіттерінде жұма намазына қатысатын бауырларымыздың дені жастар екенін көреміз. Баяғы "мен үлкенімін" деп кеуде соғатындардың қатары 20-30 жас шамасындағы жастардың арасында ат төбеліндей ғана. Әр уақыттың өз белгісі мен құндылығы бар. Қазіргі уақыттың ең басты құндылығы – Алла Тағаланың адам баласына бұйырған тура жолынан таймау. Ал сол жастардың қадірлі тура жолды таңдауына біз қандай мүмкіндік жасап отырмыз? Дінге ұмтылған жас балаға отбасында ең болмаса дін ілімі негіздерінен түсінік беріп, жөн сілтер жан бар ма? Өйткені әке-шешесі түгелі, ата-әжесінің де діннен хабары шамалы. Міне, осындай ортада өсіп-өнген бала ілім-өнеге берер адамды қайдан табады? Өмірде әрқашанда жоқ нәрсенің орнын бар нәрсе толтырып отырады. Білім жоқ жерде надандық, жақсылық жоқ жерде жамандық жүретіні белгілі. Сондықтан дін түсінігін ізденіп, білімді, білікті ұстаз таба алмаған бала, күндердің күнінде көшеде, ақиқат діннен хабары жоқ уағыздаушыға тап болып, соның соңына ілесіп кетуі неғайбыл.
Халқымызда: "Атанға туған күн, ботаға да туар" деген сөз бар. Мүмкін сіздің де соңыңыздан ерген ұрпағыңыз бар шығар? Ертеңгі күні бұл мәселе сіздің де басыңызға келмесіне кім кепіл? Діни надандықтың залалы тек жеткіншек жастарға ғана зиянын тигізумен шектелмейді. Осыдан 130 жыл бұрын жерлесіміз Ы.Алтынсарин атамыз "Мұсылманшылықтың тұтқасы" (Қазан баспасы, 1884 жыл) атты кітабында былай деп жазған екен:
"…Ләкин (бірақ), ислам мәнісін білмек әрбір мұсылманның өз басына парыз әлгі рәуішше, мұсылманшылықтың шартын ел ішінде молдалары біліп, бөтендері білмегенмен, бұл білмегендердің мойнынан парыз түспейді. Парыз түсу түгіл, бұл мұхтаж шарттарды білмеген кісі мұсылман да болмайды. Құдай Тағала өзі сақтасын?! Соның үшін бізбен қатар татар, түркі және басқа халықтар аят, ха- дистың керекті бұйрықтарын өз тіліне көшіріп, түсінетін кітаптар шығарып, дін ғылымын жұрттарына жайды. Бірақ біздің қазақ тілінде түсініп оқитын бірде-бір кітап жоқ. Сол себептен жалғыз кітап таныған молдалар болмаса, көпшілік өзінің діні не екенін де толық түсінбейді".
Бүгінгі таңда қазақ тілінде діни кітаптар да баршылық, пайдалануды білген адам ғаламтордан да қажетті ақпарат ала алады. Бірақ сол "жабулы қазан жабулы қалпында" қалып отырған сыңайлы. Үлкендеріміз надандықтың салдарынан, жастары 60-70-тен асса да: "Мен, намаз оқымасам да, еш күнә жасамаймын, менің жүрегім таза екені бір Аллаға аян!" деп, Алланың мұсылманға парыз еткен бұйрықтарын жоққа шығарып, одан сайын ауыр күнәға батып, тіпті, діннен шығып кеткенін де білмей жүр.
Мұндай кісілер иман келтірудің мағынасын түсінбейді және түсінуге талпынбайды да. Себебі, олар күнделікті бес уақыт намаз оқымайды, зекет бермейді, ораза ұстамайды, халал (рұқсат етілген) мен харамды (тыйым салынған) ажырата алмайды. Ондай адамдар туралы қасиетті Құранда айтылған (мағынасы): "Кейбір адамдар айтады: "Аллаға және Ахирет Күніне иман келтірдік (сендік)", – деп. Бірақ олар иман келтірмейді. Олар Алланы және иман келтіргендерді алдамақ болады. Бірақ олар тек өздерін ғана алдағандарын білмейді"… "Және иман келтіргендерге кездессе: "Біз иман келтірдік!", – дейді де, ал өз шайтандарымен қалғанда, оларға: "Біз сендерменбіз, біз оларды мазақ етеміз", – дейді… Алла оларды қатаң жазалайды, және одан бетер адастырады" ("әл-Бақара" сүресі, 8, 14-15 аяттар).
Құрметті оқырман! Өмірдің мәні мен мағынасын саралап, жоғарыда айтылған мәселелерге көңіл бөліп, ой толқытар күн туды! Өткенге көз жіберіп, болашақты ақылмен өлшеп-пішіп, бір шешімге келейік?!
Жағыпар қажы ШАЙЖАНОВ.