Қазақтың Бельгері еді

IMG_3622_1Үстіміздегі жылдың 7 ақпаны күні 81 жасқа қараған шағында белгілі қоғам қайраткері, жазушы-көсемсөзші, әдебиетші әрі аудармашы Герольд Карлович Белгерьдің жүрегі соғуын тоқтатты. Г.К.Бельгер өзінің тағдырлы һәм ерлікке толы  жарқын өмірінде   ұлтын ғана емес, өмір сүрген ортасын ардақтап, құрметтеп өтті. Біз оны "Қазақтың Бельгері" деп атап кеттік.
Бельгердің Отаны, Поволжья немістерінің республикасы әлемнің әкімшілік картасынан алынып тасталды. Бірақ, дәл осы жер оның кіндік қаны тамған мекен. Ол 1934 жылы Энгельс қаласында (Қазіргі Ресей Федерация-сының Саратов облысы) қарапайым неміс отбасында дүниеге келді. Жеті жасында бала Герольд те барлық Кеңестер Одағындағы  неміс ұлты сияқты  сатқын немесе халық жауы болып шыға келді. Сол жылдары қаншама әйелдер мен үлкен кісілер, буыны әлі қатая қоймаған жап-жас балалар әп-сәтте "сатқындар" санатына енді. Оларды жүк вагондарына тиеп, алыс жақтарға жер аударды. Көбісі ауыр азапқа шыдай алмай, жол үстінде  көз  жұмғаны бүгінде ешкімге құпия емес.
Қазақ елі қуғынға ұшыраған сондай жандарға пана болды. Асын алдына тосты, қатарға қосты. Герольд Бельгер қашан көзі жұмылғанша осыны есінен шығарған жоқ. Г.К.Бельгер Қазақстанда өсті, жетілді, білім алды. Оның еңбек жолы осы байтақ далада  қалыптасты. Ол өзі сияқты жүздеген неміс ұлтына жасаған жақсылықтары үшін қазақ халқына алғыс айтумен өтті. Герольд Карлович қазақ тілін өз ана тіліндей сүйді және оны құрмет тұтты.
Біз Герольд Бельгердің қазақ, орыс және неміс тілдеріндегі еңбектері мен аудармаларын білеміз және бағалаймыз. Біздер Кеңестер Одағы мен Қазақстандағы неміс қозғалыстарын ұйымдастырудағы оның қоғамдық қызметін ешқашан ұмытпақ емеспіз. Біз неміс этносының осындай талантты ұлын тәрбиелеп, өсірген Ұлы Қазақ халқына шексіз алғысымызды білдіреміз.
Қостанай облыстық неміс мәдени орталығы Г.К.Бельгердің отбасына, оның туыстары мен жақындарына, әріптестері мен жора-жолдастарына, барлық қазақстандықтарға марқұмның қайтыс болуына байланысты қатты қайғырып, көңіл айтады. Герольд Карлович Бельгердің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Елена Шик,
Қостанай облыстық "Возрождение" неміс мәдени орталығы атынан.
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓