Балалық шақ балдәурен
Кеудемді кернеп басты мұң,
Күн бетін жапқан бұлттардай.
Балалық дәурен жастығым,
Қол бұлғап қырда тұрғандай.
Аңсарым ауып әп–сәтте,
Құлазып көңіл қалғандай.
Сағыныш кетті сағым боп,
Қол жетпес асқақ арман–ай.
Тұрғандай бейне бағын деп,
Дүние шіркін жалған–ай.
Бала күнгі бақытым,
Қалықтап көкте самғады–ай.
Ат қып мініп шыбықты,
Басына байлап қара сым.
Жылқы ұстайтын құрықты,
Әкем таппай қалатын.
Орнына қой деп қайтадын,
Ұрысып кейде алатын.
Асық ойнап азаннан,
Жүруші едік күн батқанша,
Қайнаған құрт қазаннан.
Алушы едік ел жатқанда.
Асық бермей қойғанбыз,
Айтып қойып сатқанға.
Жалаң дене – жалаң аяқ,
Жүретінбіз далада.
Үлкендерден жесек таяқ,
Тығыламыз қораға.
Соның бәрі қызық болып,
Көрінетін ағаға.
Сол баяғы қызық еді,
Бала күнім есімде.
Дейді біреу бұзық еді,
Бағынбайтын ешкімге.
Асыр салдық тай–құлындай,
Туған жердің төсінде.
Қойнауында байлығы,
Сары алтындай дала құм.
Ержеткенде қайғылы,
Кеуделерге салар мұң.
Балалық шақ балдәурен,
Қайта оралмас бала күн.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ.