Бұлақ көрсең, көзін аш…
Алтынсарин ауданындағы балалар шығармашылығы үйі өткен жылдың 1 қыркүйегінде ашылған болатын. Ал, бұған дейін ауданда балалардың шығармашылық ізденістерін жетілдіретін мұндай мектептен тыс мекеме болмапты. Әрі бұған лайықты ғимараттың да сәті түспеген көрінеді. Әйтеуір, аудандық прокуратура жаңа ғимаратқа көшіріліп, босаған екі қабатты бұл ғимарат аудан әкімінің қолдауымен қайтадан күрделі жөндеуден өткізіліп, балалардың игілігіне жаратылды. Жас жеткіншектерді өнерге баулитын осындай мекеменің ашылуына мұрындық болған аудан басшылығына ұжымның да айтар алғысы шексіз.
– Жалпы, мектеп оқушыларына рухани, адамгершілік тәрбие берудің басты құралы ол өнер деп есептеймін. Ал, осы өнерді үйретіп, оқушыларды әдемілікке, әсемдікке үйретуде, олардың бойларына адамгершілік пен әдептілікті дарытуда, шығармашылық ізденістерін жетілдіруде мұндай шығармашылық үйлері-нің берері мол. Бұл мекеменің ашылуына аудан әкімі Батырбек Мықансалықұлының ерекше қолдау білдіргендігін де айта кеткеніміз жөн. Ол кісі кезінде Жанкелдин ауданының әкімі болып тұрғанда да аудан орталығында өнер мектебінің ашылуына мұ-рындық болған еді. Бүгінде ау-дан басшылары біздің өтініші-мізді жерде қалдырмай, қолдан келгенше жәрдемдесуде. Мәселен, Обаған мектебінің оқушылары үшін арнайы транспорт мәселесін де шешіп берді. Қазір балаларды селолық әкімдіктің Газель көлігімен тасып жүрміз. Алдағы уақытта өзіміздің жеке көлігіміз де болады деген үмітіміз де жоқ емес, – дейді шығармашылық үйінің директоры Нұрсұлтан Шүленов.
"Өнер – таусылмас азық" демекші, өнерлі, талантты балалардың шығармашылығын шыңдау мақсатында ашылған бұл шығармашылық үйіне қазір 65 бала келіп жүр. Бастапқыда тек домбыра мен вокал үйірмесі ғана жұмыс жасаса, бүгінде қобыз, тоғызқұмалақ, би, сурет және қолөнер үйірмелерімен толығыпты. Қазір әр үйірмеге жазылушылардың қатары да артып келеді. Балаларды домбыра мен вокалдан тәрбиелеп жүрген ұстаз Асыл Хамзинаның айтуынша, шығармашылық үйіне келген балалардың дені күй тартып, ән айтқанды жақсы көреді екен. Әсіресе, домбыра үйірмесіне қызығушылық танытатындар көп. Балалардың дені қазір ұлттық аспаптың пернесін басып, шанағын қағып үйреніп жатқан көрінеді. Домбыра тартып, ән айтуға деген ынталары өте зор. Еңбегінің жемісі болар, қазірдің өзінде Асылдың шәкірт-тері аз да болса жетістіктерді бағындырып үлгеріпті. Өткен жылы Алматыда өткен "Ақкөгершін" республикалық байқауында Диана Мырзағалиева есімді оқушысы вокалдан бі-рінші орынды, ал Ерназар Рамазанов атты шәкірті республикалық "Ғұмырдария" байқауында екінші орынды иеленіпті. Сондықтан, үйірме жетекшісі шәкірт-терінің алдағы уақытта талай белестерді бағындыратынына да, болашақта олардың бірінен мықты әнші де, күйші де шығатынына сенімі мол. Өйткені, Жанкелдин ауданындағы өнер мектебінде жұмыс істеп жүрген Асылдың Алтынсарин ауданына ауысып, шығармашылық үйіне келген мақсаты да осы болатын. Арқалық қаласындағы пединститутқа түсіп, музыка мамандығын алып шыққан ол алғашқы еңбек жолын Жанкелдин ауданындағы Өнер мектебінде бастаған екен. Сонда бес жыл істеді. Осы аралықта шәкірттерінің облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларда да жүлделі орындарды иеленіп, Торғай елінің ғана емес, жалпы еліміздің атын шығарғаны әрине ұстаз үшін мәртебе.
– Осы шығармашылық үйінің директоры Нұрсұлтан бәріміз бірге оқыған едік. Ол осында шығармашылық үйінің ашылғандығы туралы айтып, мені шақыр-ған болатын. Торғай елінің балалары онсыз да шеттерінен өнерлі ғой, таланттарды тәрбиелейтін ұстаздар да жетіп артылады. Ал, мына жақтағы балалардың шығармашылығын шыңдайтын өзің сияқты ұстаздар ауадай қажет деп шақырған соң келген едім. Әрине, Торғай елімен салыстыр-ғанда, мұндағы айырмашылықты да байқадым. Ол жақта талантты балалар көп, әрі олардың өнерге деген құлшыныстары да зор. Сондықтан, олар "маған үйретіңізші" деп үнемі біздің артымыздан жүгіріп жүретін, ал бұл жақтың балаларын басында біз өзіміз сүйреп жүретінбіз. Әрине, тек домбыра үйретіп, ән айтқызып қана қоюға болмайды, балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырайын, талантын ашайын деген ниетпен оларды байқауларға қатыстыруды жөн санадым. Дайындығымыз аз болса да, нәтижесі жаман болған жоқ, екі шәкіртім республикалық байқаулардан жүлделі орындарды еншілеп қайтты. Сол байқаулардың бірінде мен "Үздік педагог" атағымен марапатталдым. Құдайға шүкір, қазір үйірмелер саны көбейген сайын балалардың ынталары да артып келеді, – дейді Асыл Хамзина.
Қобыз үйірмесінің жетекшісі Жанерке Сәрсенбаева да Жанкелдин ауданынан арнайы шақыртумен келіп, бүгінде осында еңбек етіп жатыр. Торғайдағы өнер мектебінде он жылдан астам ұстаздық еткен тәлімгердің шәкірттері де талай облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі орындарды бағындырды. Қазір Жанерке Астанада өтетін халықаралық "Ақ-көгершін" байқауына өз шәкірт-терін дайындауда.
Шығармашылық үйіндегі қолөнер үйірмесінің жетекшісі Гүл-нұр Қапышева да жас жеткіншектердің ұлттық қолөнерге деген қызығушылығын арттыруда аянбай еңбек етуде. Оның айтуынша, талабы бар оқушылар шүберектен киім тігіп, ою ойып, құрақ құрауды үйренгілері келеді екен.
– Жалпы, балаға дер кезінде бағыт беріп, оның бойындағы қабілетін анықтау алдымен ата-ананың, онан соң ұстаздардың міндеті. Ал, жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуіне осындай үйірмелердің пайдасы көп. Әрине, көзмайын тауысатын қолөнерге де шыдамдылық пен зеректік қажет. Менің үйірмеме келіп жүрген оқушыларымның талабы таудай, ынтасы мен арманы да зор. Басында үйірмеге 5-6 ғана бала келуші еді, қазір олардың саны он беске жетті. Денис есімді ұл бала киім тігуді үйренгісі келеді екен, үнемі бір сабағымды қалдырмай қатысып жүргені. Жалпы, аптасына төрт рет сабақ беремін, – дейді тігінші Гүлнұр Қапышева.
Шығармашылық үйіндегі өзге де көптеген үйірмелер әрбір оқу-шының ынта-талабына қарай жұмыс істеуде. Әрі оларға мұнда барлық жағдай жасалған. Десе де, жаңадан ашылғандықтан әлі де жетіспейтін дүниелер баршылық. Шығармашылық үйінің директоры Нұрсұлтан Шүленовтың айтуынша, қазіргі күні би үйірмесіне хареограф маманы қажет көрінеді. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап жаңадан тағы да үйірмелер ашылады деп күтілуде. Сондықтан пианист, баянист, гитарашы тәрізді мамандықтар да қажет болуы мүмкін. Сол себепті, келемін, жұмыс істеймін деген мамандарға есігіміз ашық дейді мекеме басшылығы. Жалпы, биыл аудандық бюджеттен шығармашылық үйінің қажетіне деп 965 мың теңге бөлініпті. Бұған мекеме ұжымы би үйірмесіне арналған киімдер мен қобыз, домбыра, музыкалық синтезатор, суретке, қолөнерге қажетті заттар сатып алуды жоспарлап отырған көрінеді.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Алтынсарин ауданы.