Қойын дәптерден
Көңілі даладай, мінезі баладай қазағым-ай.
* * *
Болдым деп таспа, болмадым деп саспа.
* * *
Алысты жақындатып, туыс еместі туыс етіп жүреді.
* * *
«Дүниенің төрт бұрышына қыз бен қой кетеді».
* * *
Жәмиге бір ақынсымақ: мен бүгін түсімде Қызыл Ыдырысты көрдім. Ол менің аузыма түкірді. Енді менен өткен ақын жоқ дейді. Сонда Жәми тұрып: – Қызыл Ыдырыс ақылды еді ғой. Ол сенің бетіңе түкіргісі келгенде, сен аузыңды тоса қойғансың ғой депті.
* * *
Көп жылдар партия қызметінде істеген Темірбек Садуақасов (26.VI.1991) Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мырзашев қайтыс болғанда, сүйегін орыс бейітіне қою керек деген әңгіме көтерілді. Марқұмның туған-туысқандары: енді Мырзашев член ЦК емес, елімізге апарып қоямыз деп қиғылық салды…Артынан білсем Мырзашевті орыс бейітіне қою керекті шығарып жүрген Колбин екен. Қайта-қайта телефон шалып айтқанымды істейсіңдер деп отырып алыпты. Колбиннің бұйрығы орындалды. Бұлар өлік көмуде де орыстандыру саясатын ұстануды ұмытпайды. Біз ғой, аңқау қазақ, алдымыздағыны әкетіп жатса да, ләм демейтін.
* * *
Тахауи Ахтанов: Қостанайы қызыл сөз…Бұлар шетінен шешен. Тіпті жағы түсіп қалғандары жағын байлап алып сөйлей береді.
* * *
Бауырсаққа көңілі шауып отырған бір қазақ: атамнан ат сұрап алып, ағамнан арба сұрап алып, апамның ауылына барып ұн сұрап алып, жеңешемнен май сұрап алып, көршінің қазанын алып, бір бауырсақ пісіртпесем! – депті.
* * *
Брежнев Қостанай обкомының бірінші хатшысы Бородинге: «Андрей, пить надо меньше!» – деп звондайды. Сонда Бородин: «Поздно, Леонид Ильич, даете совет», – депті.
* * *
Көкжал Барақ батырға: «Өзіңіздің қандай ерлігіңізге сүйсінесіз?» – дегенде, – «ешкі қотыр боп ауырғанда киімімді шешпей, қасынбай бір ай жүріп жазылғаныма!» – депті.
* * *
Қожанасырға хан: «екеуміздің қайсымыз жақсымыз?» – дейді. Қожа: «Әрине, Сіз жақсысыз» – дейді. –Неге олай ойлайсың? Қожа: тақсыр, мен ойланған жоқпын. Ойланып сөйлесем, басымнан айырылып қаламын ғой!»
* * *
«Ашынған мысық арыстанның көзін шығарады».
* * *
Ахмет Байтұрсыновты ұсталарынан екі ай бұрын Әліби Жанкелдин үйіне қонаққа шақырады. Басқалардай емес, Әліби ешкімнен қорқа қоймайтын. – Әли, – дейді, – Ахмет біраздан соң. – Менің басыма тағы да бұлт үйіріле бастады. Осы – соңғысы болар. Бұған Әліби: Бәрі белгілі іс қой. Бұрын тәмәм етілген. Қорқа бермеңіз. – дейді. Екеуі өткен-кеткенді айтысады. Ахмет: Біз патшалық Ресейге өз еркімізбен қосылғанымызбен, отар есебінде ұсталдық қой. Қазір Совет өкіметі тұсында не боларын кім біледі. Мәдениет, әдебиеті өркендегенімен, бодан қалпында қалып қоятын түріміз бар, – дейді. Батырға да жан керек. Әліби қысылыңқырап, әңгіме арнасын өзгертуге тырысады. – Оны қайтесіз, Аха… Біздің жеріміздің кеңдігі де оңайға соғып тұрған жоқ қой дейді.
Осы кездесуден соң екі ай өткен соң Ахмет Байтұрсынов ұсталды. Қайтып оралмады.
* * *
Қызын күйеуге берер той қарбаласында Жүкең уһілейді: бәйбішеміз екеуміз көрінген нәрседен шатақтасып қаламыз. Осы екеуін қосамыз деп жүріп өзіміз айырылысып кетпесек жарады.
* * *
Қалтай Мұхамеджанов басқыштан көтеріліп келе жатып сүрініп кетіп, тізесін жаралап алады. Миына да аздап зақымы тиген бе, дәрігер: «Вы получили еще и легкое сотрясение мозга» дейді. Қал-ағаң қуанып қалады: «Вот и хорошо!.. Мұны естіген дәрігер таңырқайды: «А что в этом хорошего?» Қал-ағаңның жауабы: «Вы сказали, что у меня сотрясение мозга. Значит у меня есть мозг. А то жена, когда ругается, твердит: «ты – безмозглый!» Я действительно думал, что я безмозглый…
* * *
Ұлтыңды біл – ұлтшыл болма, руыңды біл – рушыл болма.
* * *
Бейімбет Майлин: «Біздің қазақтың сүйекке сіңген екі түрлі жаман мінезі бар: бірі – жек көрген, өштескен адамын балағаттайды, жерге тығып жібере жаздайды, екіншісі – көңілі жаққан адамының түймедей ісін түйедей етіп мақтап, аспанға көтереді. Не нәрсені болсын өз қалпында айту қазаққа бұйырмаған. Міне, осы мінез газет тілшілерінен де арылып бітпеген… Елден келген хат та екі-ақ жақты: я мақтау, я боқтау». «Ауыл» газеті.1924. №60.
* * *
Бетіңнен сүйіп тұрып, бүйрегіңді суырып алады.
* * *
Зейнолла Қабдолов: Жас нәрестенің тамағына пышақ таяп апарсаң ол ешнәрсе сезбейді, талпынып күле береді. Сіз екеуміз әнеу бір іші тардың тамағымызға пышақ таяйтынын сезбейміз, нәресте секілдіміз.
* * *
Бір нәрседен тарығып, қарызға ақша сұрап, ағамызға жылап барып едім, ол еңіреп қоя берді: сені қойшы, мені айтсаңшы! – деді.
* * *
Тіл – ұлт келбеті. Құсты даусына қарай айырсақ, халықты тіліне қарай айырамыз.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.
(«Жұлдыз» № 1.2015)