Ұлттар достығы ұлықталды

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Арқалық қаласының орталық «Наурыз» алаңында «Ұлт бірлігі – ұлы байлық!» атты мерекелік шара өтті.
Мерекеге жиналған халықты қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, бірлігі жарасқан ел ғана алға басып, халқы бақытты да, баянды өмір сүретінін алға тартты. Жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тірлік кешіп отырған Қазақстанымыздың тыныштығы мәңгілік болсын деген ақжарма тілегін жолдады. Мерекеге орай, ұлттар достығын насихаттап жүрген және өз салаларында нәтижелі еңбегімен танылған түрлі сала майталмандарына қала әкімі «Құрмет» грамотасын өз қолымен салтанатты түрде табыс етті.
Алаңда қала мектептері жанынан жұмыс істейтін ұлттық орталықтардың этноқалашығы бой көтеріп, ұлттар мен ұлыстардың салт – дәстүрі, өнері мен мәдениеті, ұлттық тағамдары насихатталды.
Салтанатты шара одан әрі қала көркемөнерпаздарының татулықты, ынтымақ пен бірлікті насихаттаған мерекелік концертік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Сондай-ақ, мереке күні «Сайора» дәмханасында қалалық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы аясында "Жастар" азаматтық бастамалар орталығы" ҚБ және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Бір шаңырақ астында" атауымен сан ұлттың өкілдеріне арналған мерекелік шара көрініс тапты. Қала әкімі Әмірхан Біркенұлы мұнда да жиналғандарды мерекемен құттықтап, ұлттар достығының маңыздылығына тоқталды. Кеш қонақтары – өзге ұлт өкілдерін әрі қарай да  бүгінгідей ауызбіршілікте болып, ортақ еліміз Қазақстанның дамуы жолында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.Шарада мерекелік мәзірлі дастархан жайылып, түрлі ұлттардың тағамдарынан көрме ұсынылып, арнайы шақырылған қонақтар дәм татты. Сан түрлі ұлт өкілдерінің әндері шырқалып, билері биленді. Мерекеге келген кеш қонақтары да сөз алып, елімізде өзге ұлт өкілдеріне көрсетіліп жатқан ерекше құрмет пен ілтипат үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да ортақ отанымыздың гүлденуі жолында сүбелі еңбек ететіндіктерін білдірді.     
Салтанатты шара барысында ұлттар достығы жолындағы еңбегі үшін бірқатар оқу орындарына қала әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
«Бүгін қаламызда Қазақстан халқының бірлігі күні жоғары дайындықпен, ерекше сән-салтанатымен аталып өтуде. Ұлттық орталықтардың көрмелерін тамашаладық.  Бірқатар жерлестеріміз қала әкімінің қолынан марапат алды. Соңғы уақытта әлемде орын алып жатқан ұлтаралық қақтығыстар, әрине, бізді ойландырмай қоймайды. Осынау күрделі заманда біртұтас ел болып, ауызбіршілік танытуымыз өте қажет. Бұл мерекенің маңызы өте зор.Өйткені, біз тек бірлік пен ынтымақтың арқасында ғана  ойлаған жоспарларымызға, алға қойған мақсаттарымызға қол жетікізе аламыз», – дейді Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі, «AMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалы төрағасының орынбасары Сабыржан Тасмағанбет.
Ұлттар достығы ұлықталып, ынтымақ пен берекені еселеген бірлік күні мерекелік сауда-саттық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, спорттық шаралар да жалауын көтерді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓