Әсия айтыпты
Әсия Беркенова – қазақ айтысының ақиығы, жыр бұлбұлы. Биыл ақтаңгердің мерейтой жылы. Жерлесіміз хақында ел аузында жүрген езу тартар әңгіменің бір парасын кейіпкеріміздің келісімімен назарларыңызға ұсынамыз.
Қарындастың қалжыңы
Ұлы Жамбылдың 150 жылдығына арналған айтысқа Ресейден омбылық Аманкелді деген ақын келіпті. Өзі ақкөңіл, даусы гүрілдеген кісі екен. «Қазақстан» қонақүйіндегі лифтен шыға бергенде, Әсияға сол кісі қарсы жолығып қалады да:
– Ой, айналайын қарындасым-ай, – деп бетінен сүйеді. Несібелі туған ағасының аузына бір беті тұтас сыйып кеткендей болған Әсия:
– Аға-ай, бұлай сүйгенше бетіме банкі сала салмадыңыз ба? – депті.
Қойнымда жатса да…
1987 жылы Әсия солтүстік қазақстандық ақын Бүркіт Бекмағамбетовпен Қарағандыда телеайтысқа шыққалы кеншілер сарайына келе жатады. Бүркіт:
– Әсекеңнің қасына жақын жүрейінші, сөз шеберлігі жұғар ма екен? – дейді. Сонда Әсия:
– Жақын жүргеннен жұққанды естігенім жоқ. Қойнымда жатса да біреу әлі үндемей жатыр, – депті.
«Адам өлтірген» әзіл
Павлодар облысында төкпе ақын Иса Байзақовтың 90 жылдығына арналған айтыстан соң қонақасы беріледі. Сонда ұлтаралық қатынастар бөлімінде істейтін бір орыс азаматы Әсияның орыс тілі маманы екенін естіген болуы керек «ақаңа» тойып алып:
– Асия, ты молодец… Еще ваш Абай говорил, чтобы казахи изучали русский язык, уважали русских, – дейді. Сонда Әсия:
– Каких русских знал наш Абай?! Он знал Пушкина, Достоевского. Имел ввиду их язык. Если бы он видел тебя, Ивана, он бы нам другое завещание оставил, – депті. Иван:
– Ты меня «убила», – деп зытып беріпті.
Құлақ пен манты
Егемендіктің бір жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында Әсия бірінші айналымда тараздық Шорабек Айдаровпен шығады. Бір кезектен кейін Шора Әсияның айтқандарын «естімеймін» деп сахнада безек қағады.
Сонда Әсия:
– Десең де маған «жүзің салқын еді»,
Тыңдауда алты Алаштың халқы мені.
«Естімеймін» дейсің сен, жағыңдағы
Жабысқан құлақ емес, манты ма еді? – депті.
Айтыс бітіп, қорытындысы жарияланғанда төраға болған Фариза Оңғарсынова апамыз: «Шорабектің құлағының мүкісі бар екен. Әсияға обал болды, бірақ көтермелеу сыйлығына 400 рубль береміз», – дейді. Сонда Әсия сыйақыны алып тұрып:
Ашылмай айтысқанмен жыр бұлағы,
Шабытым шынар құздан бір құлады.
Шорабек тұтасымен қымбат шығар,
400 сом тұрады екен бір құлағы, – деген екен.
Дүлдүл мен Тұлпар
Халық ақыны Әсия Беркеноваға Санай телефон соғып:
– Айтыс қашан болады? – деп сұрайды, Әсия айтыс өтіп кеткенін айтады. Санай:
– Қап, онда менің Дүлдүлім мен Тұлпарым қалып қойған екен ғой, – депті. Әсия:
– Сіз қайдағы ат жарысын айтып отырсыз? – дейді. Сонда Санай реніш білдіріп:
– Ат жарысын айтып отырған жоқпын, ақындар айтысын айтып отырмын. Дүлдүл мен Тұлпар менің балаларымның аттары! – депті.
«Онша страшный емессіз»
Үлкен бір республикалық айтыстан соң Әсия мен Қанша екеуі қонақүйге келе жатыпты. Әсияның көңілсіз күйде екенін байқаған Қанша:
– Әсеке, жүлделі орын алдыңыз ғой енді, неге мұңайып келе жатсыз? – дейді.
– Қайтейін, бәрі «қар қызы», «көк мұз», «қатып қалған», «бір жібімейді», «күлмейді» деп тиісіп қоймайды. Маған осы сөздер оңай дейсің бе? – десе, Қанша жұбатып:
– Ой, қойыңызшы! Ештеңе етпейді, онша страшный емессіз ғой, – депті.
***
Әсия айтыстарға барғанда қашан да талдықорғандық ақын Қаншамен бір бөлмеде жататын көрінеді. Әсияның көзін байлап ұйықтайтын, Қаншаның қорылдайтын әдеттері бар екен. Әсия: «Әй, Ханша, қорылдамасаңшы!» – деп түнімен бірнеше рет оятыпты. Таңертең Әсия оянып, көзін ашса, Қанша оның бетіне үңіліп отыр екен.
– Неге маған сонша үңіліп отырсың? – депті Әсия. Сонда Қанша нығыздай сөйлеп:
– Түнде сіздің көзіңізді байлағанша, аузыңызды байлап тастау керек екен! – депті.
***
Бірде ақын Ақылбек Шаяхметтің үйінде қонақта бір топ ардагерлермен Әсия да болыпты. Бір-екі тостан кейін ардагерлердің біреуі: «Ал, енді мен бір өлең айтып берейін», – депті де – «Пой, солдат, пой» деп әндете жөнеліпті. Тағы біраздан соң ақсақал осы әнді екінші рет айтыпты. Енді үшінші рет айтпақшы болып бастай бергенде, Әсия: «Ағай, «Қой, солдат, қой» деген ән білмейсіз бе?» – деп жиналған жұртты ду күлдіріпті.