«Мәңгі өшпес полк»
Дәл осындай акция Қазақстан мен Ресей қалаларында ғана емес, басқа да алыс-жақын шет елдерде зор маңызға ие болып, жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде өткізіліп жатыр. Соған байланысты Қостанай қаласы әкімдігінің бастамасымен 9 мамыр күні сағат 10.00-де облыс әкімдігі алдындағы алаңда «Мәңгі өшпес полк» азаматтық-патриоттық акциясы ұйымдастырылады. Шараға кез келген адам қатыса алады. Жас шамасына ешқандай шектеу жоқ.Аталған іс-шараның мақсаты – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің бейбітшілік жолында жасаған ерліктерін дәріптеу. Бұл майдангерлерге құрмет көрсетудің жарқын үлгісі іспеттес.
Қала тұрғыны Мақсат Амантаев атасы Әбдірахман Қапанов туралы естелікті мәңгі есте сақтау үшін осы акцияға қатыспақ. Ә.Қапанов – украин фронты, 57-ші Сталинград атқыштар дивизиясы, 8-ротаның командирі. Мақсаттың айтуынша, атасының жауынгерлік жолы 1942 жылдың қаңтар айынан басталған. Ерлігі мен әскери шеберлігі үшін II дәрежелі «Қызыл жұлдыз» ордені беріледі.
«Мәңгі өшпес полк» сапында жүріп өту үшін екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер-туыстарының суреттерін даярлап, алып шығу қажет. Сурет алыстан анық, сапалы көрінуі үшін А3 форматта (30х40) әрі штендерде (қолға ұстайтын таяқша) орнатылуы тиіс. Ал егер де фото мұрағатта жауынгер атаңыз немесе әжеңіздің суреті сақталмаса аты, тегі немесе әкесінің аты жазылған штендер жасатуға болады. Сондай-ақ, төртбұрышты тақтайшаға бабаңыздың әскери атағы жазылса, құба-құп.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ