Мылқаудың тілі
Көптен бері сарыаяз болып тұрған ақпан айының орта кезі. Бүгін таң ата қар жауды. Желсіз тынық ауада жауған қар жер бетіне үлбіреп түсіп жатты. Ол қаланың қалың қара түтінінен ластанған жер бетін бірыңғай аппақ ақ түске бояғандай. Ауадан көктем лебі еседі. Табиғат-ана қайта түлеп, Әз-Наурыздың – Қазақтың Жаңа Жылының әне-міне табалдырығымыздан аттағалы тұрғанын ұқтырғандай ауадан көктем лебі еседі. Қырларда қар астынан бәйшешек те бүр жарыпты. Жұмыс барысымен жолаушылап келе жатып, қар астында тұрып, дауылдан да ызғардан да қаймықпай бойын көтеріп, көгере қылтиып, бүр жарған бәйшешектің қайсарлығын көріп жұмысқа келдім.
Жұмыстағы қыз-келіншектерге күннің жылынғаны түрткі болды ма, кеңсе ішінде екінші аяқ киім киіп жүр екен. Осыны көрген мен жұмыстан соң үйге келіп, былтырғы жаздан қалған аяқ киімдерімді қопарып, әуреге түстім де қалдым. Туфлилерімнің өкшесі желінген, жөндеуді қажет етеді екен. Дәл сол қарбалас сәтте Затоболда тұратын құрбым хабарласып, туған күніне шақырды. Қарасуда етік жөндейтін адам жоқтын қасы. Сонымен жолға дайындалдым.
Мен келгенде құрбым туған күнге қызу дайындықта екен. Түрлі салаттар жасап, үйдің ішін безендіріп тастапты. Есіктен кіре сала мен одан «Мұнда аяқ киім жөндейтін салон бар ма?» деп сұрадым. «Ой, көп қой, жақын жерде бір кәріс шал бар, бірақ ол адамдармен өте қиын жұмыс жасайды. Аяқ киімің таза болмаса, лақтырып жібереді, тілі жоқ, құлағы саңырау, ымдап көрсетесің, сондықтан алыс болса да дұрысырақ жерге бар,– деді.
Жолдан шаршап келген мен жаңағы құрбым айтқан Терешкова көшесінің қиылысындағы "кәріс шалға соға кетейінші, мүмкін жақсы жөндейтін шығар» деген оймен, мұржасынан түтін шығып жатқан кішкентай күркеге бас сұқтым. Мен келгенде ол төмен қарап, етік жөндеп отыр екен. Пакеттен туфлилерімді шығарып, «мынаны желімдеп, өкшесіне тақа қағу керек еді» дегенді ымдап түсіндірдім. Ол бетіме бажырайып ұзақ қарады. Сосын қолын бір айналдырды. Бұл оның «бір сағаттан кейін кел» дегені еді.
Арада бір сағат уақыт өткенде мен оған қайтып келдім. Туфлилерім дайын болған екен. Ол маған бас бармағын көрсетті. Расымен де, жақсы жөндепті. Сосын алдына ақшаны қойдым. Ол қолымен икс жасап, ақшаны маған қайтып берді. «Артығын қайтаратын, ұсақ ақшасы болмай тұрған ғой» деп сумкамды әрлі-берлі қопарып, ұсақ ақшаларды жинап алдына қоя беріп едім, ол қолымды итеріп жіберді. Не істерімді білмей абдырап қалғанымды көрген ол бір кезде қасында тұрған кішкене шкафтың ішін ашып, бір журналды алып шықты. Әлгі журналды парақтап шығып, бір кезде маған журналға басылған кәріс қызының фотосын көрсетті де мені нұқып, кеудесіне екі қолын айқастырып, тағы да икс жасады. Ол мұның «Сен осы кәріс қызға ұқсайсың, мен сенен ақша алмаймын» дегені еді.Қолынан журналды алып, ол нұсқаған суретке қарадым. Кәрістің бір әншісі не актрисасы болу керек, қасында иероглифтермен жазылған түсініксіз жазулар. Дереу журналдын бірінші бетіне үңілдім. Етікші шал журналды пошта арқылы Кореядан жаздырып алып, оқиды екен. Иероглифтерді көрсетіп, «түсінесіз бе? деп сұрадым. Басын изеді. Мен оған бас бармағымды көрсетіп, ақшаны стол үстіне қойып, бас изеп сыртқа шықтым. Ол бұл жолы ақшаны лақтырмастан үндемей қала берді…
Сыртқа шыққанда қылаулап қар жауып тұр екен. Жауын жауып жатқандай сезілді. Менің де дәл осы сәттегі көңіл-күйім осы ауа-райы секілді жылымық еді. Не жыларымды, не күлерімді білмедім. Құлағыма жаңғырған дауыстар келді. Кинолентадай басымнан өткен оқиғалар көз алдымда өтіп жатты. Баспасөз саласында басшылықта жүргенде «сендер неге қазақша көп жазасыңдар, өйткені басқа ұлт өкілдері түсінбей қалады» деген өз қандастарымның айыптаған, жазғырған сөздері есіме түсті. Туған ана тілін түсініксіз етіп, түсінікті қылуға талпынбайтын ағаларыма қарағанда, «Сен кәрістің қызысың, сол үшін сенен ақша алмаймын» деп бауырмалдық танытқан әлгі кәріс шал көз алдымда ыстық болып бара жатты. Оның мейірімі менің жүрегімді жылатты. Ұлтын сүю де, ұлтқа деген махаббат та Аллатағаладан берілетін айрықша сезім екенін түсінбейтін қандастарым есіме түсті. Әйтпесе, халқын, тілін сүюдің ешқашан ұлтшылдық емес екенін, ондай сезімнің барлық ұлтқа тән екендігін бәрі де біледі! Аллатағала бізді қазақ қылып жаратқан екен, мейлі етікші, мейлі көше сыпырушы болайық, неге біздің ісімізден ұлтқа деген отаншылдық сезім мен бауырмалдық сезім мен мұндалап тұрмайды екен?» деп ойладым.
Қалың оймен беталды жүріп келе жатқанымда немересін жетектеген таныс әжей қарсы ұшырасты. «Сәлеметсізбе!» де амандасқан маған «Здрастье!» деп жауап қатты. Көңілім тағы да құлазыды. Бір сәт мен оның немересіне аянышпен қарадым. Осы сәт ұстазым, академик Рымғали Нұрғалиевтің айтқан сөздері жаңғырды санамда. «Қазақ не көрмеді? Бәрін де көрді. 4 млн қазақ аштықтан қырылды. Ұлы Отан соғысында қанша ер-азамат жаудың алдыңғы шебінде соғысып, оққа ұшты. Аштықта да, соғыста да сынбаған қазақтың сағын аққұлақтардың солақай саясаты сындырды. Қазақ өз тіліне өгей болып бара жатыр» деген ардақты ұстаздың сөздері есіме түсіп, елсізге біткен құба талдай егіле бердім.
Артыма қайта-қайта бұрылып қарай бердім. Әлгінде ғана көзіме түрпідей көрінген, түтіні будақтаған жаман киоскі енді көзіме бірте-бірте ыстық боп көрініп бара жатты. Себебі онда өзге елдің шаңырағына ұя салсада, ешкімнен қорықпайтын, ешкімге жалтақтамайтын, өз ұлтын шексіз сүйетін, құлағы саңырау, тілі жоқ болса да өз тілінде журнал оқитын, өз халқының мүддесін ақшадан да биік қойған, өзінің қарапайым қызметін өз ұлтының игілігіне жарата білетін қарапайым етікші тұрады!
Ақнұр МҰСАБАЕВА.
Мыкты! Жазар кобейсин!