Сағындым сені туған жер!

Сағыныш… бұл сағыныш басқасынан өзгеше… бұл сағыныш туған жерге, яғни Аманкелдіме деген сағыныш. Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады.   Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық  шақтан бастап-ақ адамда Отанға деген махаббат сезімі оянады. Әрбіріміз үшін Отан ошақ басынан басталады: туған жер, туған көше, туған қала немесе туған ауыл. Менің  Отаным кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат жер Аманкелді ауылынан басталады. Дәл осы жерде менің көңілді де шаттықты, уайымсыз  балалық шағым өтті. Үйдің маңындағы аулада ойнағаным және мектепке барған  көше әлі есімде. Сол кезде маған өте ұзын болып көрінетін. Ауылда көлік сирек  жүретін, бірақ серуендеп жүретін адамдар көп болатын.
Иә, туған жер ұзаққа қиып жібермейтін. Мен әрқашан өзім бармасам да, оймен қиялдап туған көшені, есіктің алдындағы ойнап жүрген балалар, «қызым үйге кір…» деген анамның сөздерін еске түсіремін. Жүректің әлсіз дүрсілі сезіледі. Сол кезде достарымызбен қыдырған көше, алтын ұя мектебім, аяулы ұстаздарым, тіпті жақынымыздай болып кеткен көршілерім еріксіз еске түседі. Қазір бойжеттім, бірақ та өмір бойы мен үшін балалық шақтағы туған аула мен көше – менің кішкентай Отаным. Сонымен бірге мен елімнің  бір бөлшегімін, оның бүгіні мен  болашағымын. Өзімнің туған жеріме деген сағынышымды жүректен шыққан шағын өлеңіммен жеткізсем деймін:
 
Таң шапағың аймалайды жүзімді,
Сағындым қысың мен жазың, күзіңді.
Жүрегіме мәңгі салған ізіңді,
Елестетіп бір тамшы жас үзілді.
Қойнауында қазына, құт-береке
Сенде өткізген әрбір күн бұл мереке.
Айналайын дархан далам, кең  далам
Бір қызыңды мақтан тұтар мен балаң.
Әсел ТӨЛЕУОВА.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓