Зейнеткер қалай алданды?
«Екі кештің арасында «Ел аралап, адам емдеп жүрміз»,-деп, бір топ адам үйдің есігін қақты. Өздері үш әйел, екі ер кісі екен. Шамасы, сыған ұлтының өкілдері-ау деймін,-деп бастады Қарамеңдіде тұратын зейнеткер Мұхтар Төкеев.- Қай қазақ келген қонағын кері итерген. Оның үстіне, адам емдейміз дегесін жан қала ма, адал асымызды ауыздарына тостық. Қазан көтердік. Үйге қондырдық. Келесі күні әлгілер: «Ал, енді емді бастаймыз, үйіңіздегі бар жиған ақшаңызды шығарыңыз»,-деді. Бізде қайбір жиған-терген бар дейсің, отын-суға деп тығып жүрген жиырма мың теңгемді қолдарына ұстаттым. Өйтпейін десем де, жаңағы емшілердің көрсеткеніне еріксіз иландым да қалдым. Көз алдымда жұмыртқаны орамалға түйіп , қабырғаға бір-екі рет соққылады да, ішінен тірі бүйі шығарды. Сосын менің ұсынған ақшамды орамалға орап, құс жастық алғызды. Жастықты ортасынан тіліп, ораулы ақшаны мамықтың арасына жасырды да қайта тігіп тастады».
Мұхтардың айтуынша, бұл «сеанс» бүкіл отбасы мүшелерінің көзінше жүргізілген. «Емшілер» ішіне «ақша жасырылған» жастықты шифоньердің үстіне лақтырып тастап, «Үш күнге дейін қозғамаңыз, содан кейін ашасыз. Бүкіл ауру-сырқау сонымен кетті»,-деп нандырыпты. Арада үш күн өткен соң жастықты алып, ішіндегі түюлі орамалды ашса, ақша орнына қағаздың қиындыларын толтырып кетіпті. Мұхаң алданғанын сезіп, сан соғып қалғанын сонда бір-ақ білсе керек.
Бұл іле-шала қарындасына телефон шалыпты. «Ол "бейсауыт адамдарды үйіңе неге қондырасың?" деп өзіме ұрысты»,- дейді Мұхаң. Соңғы ақшасынан айрылып, амалы таусылған ақсақал болған жағдайды айтып, аудандық ішкі істер бөліміне хабарласқан.
Науырзым аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Ілияс Кәрімжановтың жетекшілігімен лезде жолға шыққан төртеу – учаскелік инспектор Батырхан Қаратышқанов, полиция капитаны Өмірзақ Тұрсынбеков және істі анықтаушы Виктория Федотовалар жалған емшілердің жолын кесіп, бір тәулік ішінде әлгілерді қолға түсірген. Зейнеткердің жиырма мың теңге ақшасы да қайтарылыпты. Тәртіп сақшыларының шұғыл қимылдауының арқасында науырзымдықтарды тонап, Арқалық асып кетпек болған «емшілер» түгел құрықталды.
Сөйтсе, бұлар осыған дейін Шолақсайдағы тағы бір зейнеткердің алпыс мың теңгесін алып, зым-зия жоғалған. Кейін анықталғандай, өздерін емші ретінде таныстырып, аңқау елді алдаған тобыр Ресейден ауып келген көрінеді. Іздеуде жүрген күдіктілердің қолына кешіктірмей кісен салған полияция қызметкерлеріне Мұхтар аға алғысын білдіреді.
-Апырмай, «Бұйырған кетпейді» деген осы екен, қараптан қарап отырып ақшамнан айрылып, көмір түсіре алмай отыр едім. Полиция қызметкерлеріне рахмет. Сенсеңіз, қуанғанымнан не айтарымды да білмей отырмын. Менің осы қуанышымды Науырзым ІІБ қызметкерлеріне жеткізіңізші. Оқырмандар да біліп отырсын,-дейді сығандарға алданып қалған зейнеткер.
Айбек КӘДІРҰЛЫ