САНДАЛҒАН САУАЛ
Жасым 70-ке жақындап қалды. Ауылымыз 50-60 шақты үйден тұратын шағын еді. Құрдастарымның бәрі "ана жаққа" "асығыс" аттанып кетті. Алдыңда үлкен кісілердің болмағаны қиын екен. Енді үлкен кісілердің ішінде "ана жаққа" аттанатындардың кезегінде бірінші болып мен тұрмын. Жатсам-тұрсам көз алдыма әзірейіл елестеп, алып кететіндей болады да тұрады. Ол жақта мені не күтіп тұрғанын бір құдай біледі. Күнәларым да аз емес еді. Кім маңдайымнан сипай қояр дейсің. Сондықтан "осы жақта" әлі де жүре тұрғым келеді.
Құрметті "Усойқы", көсемсіп әркімге ақыл айтып жатасың ғой. Маған не айтасың? Мен байғұсты жұбататын сөзің бар ма?
Құрметпен, Сандалбай.
Құрметті Сандеке,сіздің де шығармайтыныңыз жоқ екен. Қайдағы-жайдағыны айтып, адамның басын қатырып қойдың ғой. 70-ке жетсеңіз енді немене, желпілдеп, селкілдеп жүре бермексіз бе? 70-ке жеткен науқасты ауруханалар да алмайды, керек қылмайды, қарамайды. Дәрі-дәрмекті шығындап, уақытын кетіріп қайтсін. "Өлмесе өрем қалсын" – дейді де. Дұрыс емес пе? Ал сіз болсаңыз ұялмай-қызармай әлі де жүре тұрғым келеді дейсіз. "Қай бетіңізбен" жүрмексіз?
Ауылдағы құрдастарыңның бәрін "құртқан екенсіз". Енді "ана жаққа" бірінші кезекте тұрмын деп зар қағасыз. О, күнаһар пендем! "Ол жаққа" жасына қарап, кезекпен алады дегенді қайдан естіп едіңіз?
Жарайды, менен ақыл сұраған екенсіз, айтайын, бірақ ақысын төлерсіз. Қазір тегін ештеңе жоқ қой. Ауылыңызда "ана жаққа" бірінші кезекте тұрмын деп күнде зәреңіз ұшатын көрінеді. Ендеше Қостанайға көшіп келіңіз. Мұнда қазағы, орысы, басқасы бар, 70-іңіз немене, 90-нан асқандар да аз емес. Так что, дұрыстап пара берсеңіз, кезегіңізді 200-ші орынға жаздыра саламыз. Сосын құдайға сыйынып,қорықпай, зәреңіз ұшпай, асықпай, кезегіңізді күтіп жүре бересіз. Мүмкін 100-ге де жетіп қаларсыз.
Құрметпен, "Усойқы".
* * *
"Алқаштар" партиясының өзіміздің кәсіпорындағы бастауыш партия ұйымының мүшесі едім. Біздің партия кеңестер заманында құрылған болатын. Ол заманда ойхой, ішкіштер көп еді ғой. Кәсіпорын басшысынан бастап, бәрі сілтейтін. Ол кезде "Ақаңның" құдіреттігі сондай, оның сапасына да өте жоғары мән берілетін.
Мен осы партия қатарында 40 жыл бойы адал еңбек еттім. Партия мүшелігіне қаншама адамды тарттым. Оларды "ішуге" тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек сіңірдім. Сол қызметім үшін Ішкіштер министрлігінің мәртебелі наградалары – "Ардақты алқаш" медалімен және "Ішкіштер министрлігінің құрметті қайраткері" атағымен марапатталдым.
Соңғы кездері ауырыңқырап, екі-үш тойда бір грамм да ұрттамап едім. Соны біреулер: "Өзі "Алқаштар" партиясының мүшесі, өзі арақ ішпейді, осындай да партия мүшесі бола ма?" деп үстімнен арыз сүйкеп жіберіпті. Содан бастауыш партия ұйымы мүшелерінің бәрі бөрідей шулап: "Күндемастың арақ ішпегені – партиямыз үшін аса қауіпті дерт. Оған қатаң жаза қолданбасақ, бұл дерттің ішімізді әбден жайлап кетуі мүмкін. Бұл біз үшін ақырзаманның белгісі" деп мені сыртымнан иттей қылып, сырттай қатаң сөгіс беріпті.
Құрметті "Усойқы"! Сіз бұл мәселеге қалай қарайсыз? Бастауыш партия ұйымының маған қатаң сөгіс беруі дұрыс па?
Құрметпен, Күндемас.
Құрметті Күндемас! "Алқаштар" партиясына өлшеусіз еңбек сіңірген екенсің. Оны алған медаліңнен және дардай атағыңнан біліп отырмыз. Осындай абырой-атағың бола тұра ауруыңды сылтау қылып, бір емес, үш тойда бірдей арақ ішпеуің – ұят, масқара, өлім. Сол жерде "жүріп кетсең де" партияның абырой-беделін сақтауың үшін сілтеуің керек еді ғой. Ал енді не болды? Тойда болғандар бұл партия туралы не ойлайды? Өзің алқаштарыңның жүзіне қай бетіңмен қарайсың? Қарайтындай бет қалды ма сенде?
Партияластарым мені жиналыста иттей қылып, қатаң сөгіс берді деп бұртиясың. Осынысы дұрыс па деп мәңгіресің. Әрине, дұрыс. Қайта осындай беделді партия қатарынан шығарып жібермегені үшін оларға басыңды иіп, алғыс айт. Ат шаптырып, той жаса. Сол тойға мені шақыруды да ұмытпа. Бірге сілтейік.
Құрметпен, "Усойқы".