Кәдеге асқан кәсіп

Алтынсарин ауданының тұрғыны Дәркей Мұхамбетхан қолөнерді жастайынан меңгерген. Бұрындары ісмерлікпен бос уақытында айналысатын. Ал қазір қолөнердің арқасында күн көріп отыр. Қыз жасауы және тұрмысқа қажетті төсек-жабдықтардың алуан түрін жасайды.
«Тәуекел түбі желқайық, өтесің де шығасың» деген бар емес пе. Кейіпкеріміз осынау қағиданы ұстанып, үлкен істі бастағалы қашан. Былтырғы жылдың мамыр айында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Берілген қаржыға тігін машинасы мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Үйінің бір бөлмесін жұмыс істеуге ыңғайлы етіп жасақтады. Бүгіндері тапсырыс қабылдап, тұрғындардың қажеттілігін өтеуде. Этностильдегі жабдықтарға сұраныс баршылық екен. Үшінші топтағы мүгедек осылайша өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
– Қолөнерді бала күнімнен көріп, біліп өстім. Үлкендерден үйренгенім бір кәдеге асып жатқанына қуаныштымын. Ауылдықтардың тапсырысы бойынша жұмыс істеп жатырмын. Үлгермей қалған сәттері келінім қолғабыс етеді, – деді қолөнер шебері Дәркей Мұхамбетхан.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Алтынсарин ауданы.