Жұмыс ықыласқа үйіріледі
Краншы келіншек Сәбираның жас болса да өмірден түйген бір қағидасы бар. Ол алға талпыну, еңбек ету. «Төккен терің болмаса, еліңе өкпелеме» деген өмір шындығын бойына тұмар етіп таққан жас өз жұмысына дән риза. Таң атқаннан күн батысына дейін басынан каскасы, көзінен көзілдірігі, қолынан қолғабы түспейтін оған замандастары бір жағынан қызыға, екінші жағынан таңдана қарайды.
Отбасында бес баланың ортаншысы болып дүниеге келген Сәбира Есболова қаршадайынан қарапайым еңбек иелерін көріп өсті. Әкесі Төрехан слесарь болып зейнетке шықса, анасы Қалдыгүл балабақшада тәрбиеші болды. Соның әсері болар, 11-сынып бітіргенде сыныптастары жоғары оқу орнына кетіп жатқанда училищедегі есепші
мамандығын таңдады. 2005 жылы Сабыр атты азаматпен тұрмыс құрды. Дәл осы жылы Өзбекстаннан қоныс
аударды. Махаббаттың куәсіндей 3 бала дүниеге келді. Балаларының арасы жиі болғандықтан үйде ұзағырақ отырып қалды. Медет атты тұңғышы бастауыш сыныпқа аяқ басқанда жұмыс іздей бастады. Еңбексіз қарап отыру Сәбираның бойына жат. Қазір оған жылы орындықта отыратын есепші мамандығын кім бере қояды? Осылай әрі-
сәрі жүргенде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы туралы естіді. 2012 жылы №5 кәсіптік училищеге краншы мамандығын игеруге жазылды. Ол алты айлық курстан көп нәрсе үйренді. Әрине, әйел адамға ер адамға тиесілі жұмыстың ауыр тиері сөзсіз. Дегенмен тартынбады, бар ықыласымен талаптанды. Ақыры
алып машинаны меңгерді. Бүгін өзіне жұмыс болса, ертеңгі күні бүкіл өміріне азық екенін жақсы сезінді. 2013 жылы «Нұр Отанның» қолдауымен металл құю цехына краншы болып орналасты. Қазіргі уақыт-
та ол мамандығы бойынша адал еңбегінің жемісін татып жүр.
– Қыз-келіншектер тосырқай қарайтын мамандығым арқылы нәпақамды тауып отырмын. Әкем: «Еңбекпен тапқан ас – арыстанның аузындағы асты тартып алғанмен бірдей» деп отыратын. Жас кезімде ол сөздің мәнісін түсінбедім. Осы күні ойлап қарасам, еңбекқорды батырға теңеген екен. Жалқау адам оны алуға да ниеттенбейді. "Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды" деген атам қазақ. Бағдарламаның арқасында жаңа мамандық игеріп алдым. Таңертең ерте барғасын кранды қабылдап аламын. Қауіпсіздік шараларын тағы да бір шолып өтемін. Көлігімді әбден тексеріп болып, журналға қабылдадым деп қол қоямын. Киімімді ауыстырып, каска, қолғап т.б киімдерімді киемін. 5 тоннадан 10 тоннаға дейінгі ауыр металлдарды жоғары көтеріп, қажетті жеріне жеткіземін. Жұмыс қауіпті сондықтан аса мұқият болуға тырысамын. 8-9 сағаттық жұмысымда уақыттың қалай өткенін де сезбей қаламын. Үйіме шаршамай жетемін. Келесі күнді асыға күтемін – дейді Сәбира мақтанышпен жымиып.
Иә, әріптестері Сәбираның елгезектігі мен қатар мамандығына деген ынтасына сүйсінеді.
– Ол әрдайым жұмысын құлшынып істейді. Онысы кранға жеңіл мінгенінен-ақ байқалады. Ауыр екен деп жұмыстан қашпайды. Ұқыптылықпен атқарады. Расында да, әйел адам көп істей бермейтін жұмыс қой. Әйтпесе осындай мамандық иесіне жұмыс та оңай табылады. Оны істеп кету жұмысын жақсы көру керек. Сол ықылас Сәбирада жеткілікті – дейді әріптесі
Алмат.
Роза ЖАРҚЫНБЕКОВА.