Гүлім ЖҮСІПБЕКОВА – әнші: «ФИНАЛҒА ЖЕТПЕГЕНІМЕ ӨКІНБЕЙМІН»
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
ЖҰЛДЫЗЫ: тауешкі
ТУҒАН ЖЕРІ: ҚОСТАНАЙ облы
сы, Аманкелді ауданы
ҰНАТАТЫН ІСІ: спортпен
айналысу; әдеби кітап оқу
СҮЙІКТІ ТҮСІ: ақ пен қара
СҮЙІКТІ ӘНШІЛЕРІ:
Айгүл ҚОСАНОВА; Ғарифолла
Құрманғалиев
– Гүлім, жартылай финалға жеткеніңіздің өзін қанағат қылып отырмыз. Жобаға қатысушы ретінде не айтасыз?
– Рахмет, Ақнұр! Мені қолдаған Торғай -Қостанай халқына үлкен алғысымды білдіремін. Жерлестерімнің қолдауының арқасында осы жартылай финалға дейін жеттім. Алайда, қиын сәттер басымнан өтті.. Бірақ, оған онша мойымадым. Десек те, елемейін десең де елейтін, мойымайын десең де мойытатын өмірдің сынағы болады ғой. Жоба барысында тәлімгерім тарапынан қиындықтар болды. Мен бұл ток-шоуға ата-анамның айтуымен келдім. «Гүлім, сен де бағыңды сынап көрсеңші» деген анамның сөзі түрткі болып, осы жобаға қатыстым. Басында үміткерлер көп болды. Сондықтан болар, жобаның әрбір кезеңі қызықты, тартысты өтіп жатты. Ең алғаш іріктеу сынына келгенде «Әдемі-ау» деген халық әнін орындадым. Тәлімгерлердің барлығы дерлік маған бұрылғанда, солардың ішінде Медеу ағаны таңдаған едім…
– Сіздің табиғатыңызға халық әндері жақын, яғни сен дәстүрлі әншісің ғой. Дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген Нұрлан Албанды неге тәлімгер етіп таңдамадың?
– Иә, дұрыс айтасыз, Нұрлан Албанды таңдауым керек еді. Бұл менің тарапымнан жіберілген үлкен қателік болды. «Қазақстан дауысы» әуел бастан халықтың еншісі, халықтың қалауымен құрылған жоба болғандықтан, талімгерлер де халық атынан сөйлейді деп сендім. Бірақ дайындық барысында әрбір тәлімгердің өз шәкірттері үшін жаны қалмай дайындық өткізіп жатқанын көріп, оларға бүйрегі бұрып тұратыны мені ойлантып тастады. Себебі Медеу ағам маған о бастан көңіл бөлген жоқ. Тек Мақсат Мақұлбековке ғана көңіл бөлді. Барлық әндеріме өзім дайындалып жүрдім. Тіпті, музыканы да ешкім таңдап бермеді. Мен тек халықтың қолдауымен жеттім осы күнге. Шамасы Медеу аға Мақсаттың жолын кеседі деп ойлаған болуы керек, менің халықтан көп дауыс алғанымды ұнатпады. Сол үшін де болар, баспасөзге мәлімдеме жасап, маған тәлімгер болудан бас тартты. Бұған дейін Медеу ағам маған тәлімгер болып та жарытпаған еді. Себебі, барлық әндеріме өзім дайындалдым ғой. Ал тәлімгерліктен бас тартқанда мен қинала қоймадым. Керісінше жігерлендім. Себебі ол кісі менің финалға өтпей қалып, Мақсаттың жолын кеспеуім үшін мәлімдеме жасаған болатын. Мен бір сәтке өзіме әділетсіздік жасаған тәлімгерім мен жобаның ұйымдастырушыларын ұялтып финалға шықпай қойып, ерлік жасағым келді. Бірақ мені қолдап жатқан елдің нендей кінәсі бар?! Экранның алдында тағатсыздана күтіп, менің тілеуімді тілеп отырған ата-анам, бауырларым, жерлестерімнің сеніміне селкеу түсіргім келмеді. Оның үстіне финалға халық әні «Қымыз құйғышты» дайындаған едім. Осы уақытқа дейін домбырамен орындап келген әнді эстрадамен алғаш орындайтыным өзіме де қызық болып көрінді. Ғаламторда жұрт сан-саққа жүгіртіп жүр. «Гүлім тәлімгерін тыңдамай қойыпты, таңдап берген әнін айтпай қойыпты» деп жатыр. Медеу ағаның тәлімгер ретінде таңдап берген әні – Жанар Доғалованың орындауындағы «Ізін көрем» әні еді. Ол ән маған мүлдем ұнамады. Сөздері де түсініксіз. Сондықтан бас тарттым. Сахнаға шығып ап «Дірілдейді-діріл-дірілдейді» деп тұрсам, маған сенім артқан халық не ойлайды? Өзімнің қазақи болмысымды, нәзіктігімді сақтап қалғым келді. Сондықтан мен бұл әнді үзілді-кесілді орындамаймын дедім. Халықтың сұранысындағы халық әнін айтқым келді. Мақсатым – дәстүрлі әндерді дәріптеу болатын. Алайда осы байламым Медеу Арынбаевқа ұнамай қалды-ау деймін.
– Ғаламторда біреулер сізді «шетел әнін орындай алмайды, бұл жобаға лайықсыз» деп жатыр ғой. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Мен шетел әнін орындай аламын. Әнде тұрған ештеңе жоқ. Оның үстіне шетел әндері қазақтың әндеріндей иірімге бай әндер емес. Шетел әнін айту керісінше оңай! Сахнаға шығып алып, қалай құбылтқың келсе, солай құбылтып айтып шығуға болады. Шетел әнін ғажап деп санайтын адамдарға таң қаламын. Сондықтан болар, «Қазақстан дауысы» жобасына мен тек дәстүрлі бай мұрамызды насихаттасам деген оймен ғана келдім.
– «Өсиет» деген әнді айта бастағаныңда жаңылып қалдың ғой…. Не себеп болды?
– Себебі осы әнді айтарда неге екенін білмеймін, қатты қобалжыдым… Оның үстіне тамағым жыртылған болатын. Содан болар, әннің басында дауысым шықпай қалды. Бірақ бойымды дереу жинап алып, әнді жалғастырып кеттім. Мүлт кеткеніме қарамастан халық маған жоғары дауыс берді. Сөйтіп жартылай финалға шықтым.
– «Қазақстан дауысы» жобасы өзіңе не берді деп ойлайсың?
– Мен осы жобаға қатысқаныма қуаныштымын. Танымалдыққа ие болдым. Бірақ, жоба барысында бір ұққаным кейде бақ шабады екен. Мен өзімді жобаға қатысқан әншілердің ешқайсысынан кем санамаймын. Жолым болмады. «Қазақстан дауысы» мегажобасының бірінші маусымы жоғары деңгейде өткенін халық біледі. Сол жолы жерлесіміз Шахаризат Сейдахметовтің бағы жанды.
Ал, мен қатысқан екінші маусымда әділетсіздіктерге жол берілді. Менің финалға өтпеуім үшін біраз кедергілер жасалды. Сахнаның артында жүріп, осыны көріп отырдым. Мен сахнаға шыққан сәтте ішкі жан-дүниемде үлкен апатия болды. Себебі адамдардың қалай өзгергенін көрдім. Елге белгілі адамдардың өнеге алатын адами қасиеттері жоқтығын білдім. Оларда адам баласы ғой, бірақ адамгершіліктен аттап кетуге болмайды ғой. Бұрын сахнаға шыққанда жанып тұратынмын. Ал, бұл жолы қиынырақ болды. Медеу ағам маған рухани демеуші де бола алмады. Жылы сөз де айтпады… Сәлемімді алмаған кездері болды. Ал менің ойымда «Мен тәлімгеріме не істедім екен?» деген сұрақ қана жүрді.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
Алдағы уақытта жоспарларым көп. Қазір КТК телеарнасында дубляж бөлімінде қызмет етемін. Жолдасым, екі балам бар. Мен елден кеткелі 16 жылдай уақыт болды. Туған жерімді сағындым. Орайы болып жатса, маған дауыс беріп, қолдау жасаған ауылдастарыма барып, шығармашылық концертімді бергім келеді. Осы күнге жеткеніме «Шүкір!» деймін. Финалға жете алмағаныма өкінбеймін. Өмір мұнымен тоқтап қалмайды ғой. Бірде жеңіске жетсең, бірде жеңіліп жатасың. Бұл – өмір заңы емес пе? Оның үстіне бұл жай ғана ток-шоу ғой.
– Гүлім сұхбатыңызға көп рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз.
Суретте : әнші Гүлім ЖҮСІПБЕКОВА