Атам Отан қорғаған

Ұлы Отан соғысында  Қазақстан  халқының майданда және тылда көрсеткен ерен ерлігін паш ету жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбие­лейді. Жақында осы мақсатпен  сыныпта  «Атам Отан қорғаған»  деген тақырыпта тәрбие сағатын өткізіп, балаларға ел қорғаған майдангерлер туралы айтып бердім.Безимени-1 М
Осы сұрапыл соғысқа біздің Төлеңгіт ауылынан 46 жауынгер аттанды.
25 жауынгер майдан даласында қаза болды. Туған жерінің бір уыс топырағы бұйыр­май атаусыз қалып бара жатқан боздақтарын еске алып, бес жыл бұрын Төлеңгіт ауылының азаматтары Ұлы Отан соғысында шәһид болған боздақтарға ескерткіш-құлыптас қойып, есімдерін жазып, ас берді. Соғыстан соң елге 21 жауынгер оралған еді. Бүгінде Қостанайда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Қажи Мамановты ауылдастары мақтан етеді. Ал ауылда  көзі тірі бірде-бір ардагер қалмады.  Оқушыларым көрген, сыныптағы Ерқуаныштың атасы, ауылымыздың ең соңғы ардагері Мұса Құснетұлы Құснетов те  2010 жылы  дүниеден өтті.
Мұса Құснетұлы  1920 жылы  туған, еңбек жолын «Жаңажол» колхозында бастаған. 1943 жылы ақпан айында әскер қатарына  шақырылған. Воронеж  қаласының жанында Оңтүстік майданда алғаш рет ұрысқа қатысып, 1943 жылдың тамыз айында жараланады. Бұдан соң Курск  шайқасына қатысып, 1943 жылы қарашада екінші рет жарақаттады. Саратов госпиталінде емделіп, 1944 жылы  денсаулық жағдайына байланысты елге оралып, абыройлы еңбек етті. Жауынгерлік ерлігі үшін медальдармен наградталған.
Аяулы жары Жанисамен бірге он бала тәрбиелеп өсірді. 19 немересі, 21 шөбересі бар. Тәрбие сағатында 2-сынып  оқушысы Мұса  Ерқуаныш:
Атам Отан қорғаған.
Онда қорқақ болмаған.
Алтын жұлдыз кеудеде,
Нағыз батыр ол маған! — деп  атасына арнаған өлеңін оқып берді. «Мен атамның баласымын. Менің есімімді Ерқуаныш деп атам қойған»,  — дейді ардагер ұрпағы.
Отан үшін от кешіп, Жеңістің туын желбіреткен аталарын балалар осылайша құрметпен еске алды.
Раушан ТӨЛЕКОВА,
Төлеңгіт негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
СУРЕТТЕ: Мұса Құснетұлы немересімен.
Меңдіқара ауданы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓