Ауылда тұратын суретші

Балабақшаның боялған қабырғаларына қарап, сіз мультфильм көргендей әсерде қаласыз. Мұндағы бейнелердің бәрінің де бояуы қанық, жарқын және түрлі-түсті. Ал бұл сиқырды Қарамеңді ауылының тұрғыны Ботагөз Мәметова бейнелейді. Бұл – оның жұмыстан тыс уақытта айналысатын хоббиі.
Ботагөзге суретшілік табиғатынан берілген. Бала кезінде қылқалам мен бояуларды жанындай жақсы көретін.
– Мен бейнелеу мектебін бітірген жоқпын, өйткені біздің ауылда ондай оқу орыны  болған жоқ. Маған бұл талант анамнан дарыған. Әлі есімде, анам әртүрлі тақырыптағы плакаттар, тіпті картиналарды салатын. Қазір анам бұл іспен сирек айналысады. Себебі зейнетте, көзі де бұрынғыдай көрмейді, – дейді Ботагөз.
Біздің кейіпкеріміз картина салумен шектелмеді. Шабытын қанаттандыру үшін тұрғын үйлердің қабырғаларын бояйды. Ол аудан орталығындағы «Балдырған» балабақшасында жұмыс істей жүріп, балалар мекенін керемет суреттерімен көмкерген. Өйткені бүлдіршіндер балалық шақтың атмосферасын сезіну керек. Осыдан кейін ол балалар тақырыбына сәйкес қабырғаларға түрлі-түсті мультфильмдердің кейіпкерлерін салу идеясын ұсынды.
– Балабақша ұжымы менің идеямды қолдап, жұмысқа кірісіп кетті. Шамалы уақыттың ішінде балабақша бөлмелері құлпырып шыға келді. Ондағы балдырғандар бақшаға ерекше қызығушылықпен келетін болды.
Ботагөз бұған дейін Науырзым ауылшаруашылық колледжінің жатақханасында да жұмыс істеді. Онда студенттерге қарайласты. Олар оқитын орындардың қабырғаларына ашық түстерден кемпірқосақтың суретін бейнеледі.
Қазіргі күні Ботагөз «Балапан» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді, онда келушілерге қуанышты көңіл-күй сыйлайды. Айта кету керек, Ботагөз бұл жұмысына ақы алмайды, тек қана суретшіні қажетті бояу, басқа да материалымен қамтамасыз етсе болды.
Бірақ оның қиялынан туындаған суреттері бағаланып та жатады. Жаз айында  Ботагөз Шолақсай ауылындағы мәдениет үйі фойесінің қабырғасын қалпына келтірді.
– Онда мен бір аптадай жұмыс істедім. Күн сайын таңертең Шолақсайға барып, үйіме күн бата қайтушы едім. Өзіме бұл кәсіп ұнайды, мен одан лаззат аламын. Тіпті, уақыттың да қалай зырлап өткенін байқамай қаламын, – дейді суретші.
Бірақ Ботагөз Мәметованың шығармашылығы алуан түрлі. Ол сондай-ақ темір қақпаларға да өз қолтаңбасын қалдыра алады. Кейбіреулер оның бұл еңбегіне ақысын бермесе де, сурет салуға қажетті материалдарын сатып алып береді.
Кейіпкеріміз кез келген іс-шараларға суреттер, плакаттар салып береді. Шығармашылықпен түбейгелі айналысуға көбіне уақыты жетіспей жатады. Өйткені, ол көпбалалы ана. Жұбайы Мираспен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр.
Үлкені Айымкүл биыл 11-сыныпты үздік бітіріп, Алматыдағы белді оқу орындарының біріне түсті. Үлкен ұлы Жалғас 9-сыныпты үздік бітіріп, биыл Қостанай педагогикалық колледжінде оқып жүр. Болашақта ол информатика пәнінің мұғалімі болғысы келеді. Мәметовтер отбасының кіші ұлдары Алмас пен Диас әлі де мектеп оқушылары. Алмас 7-сыныпта оқиды, ал Диас биыл мектеп табалдырығын аттады. Ата-аналары балаларының жетістіктеріне қуанады.
– Өкінішке қарай, балаларымның ешқайсысының да сурет салуға бейімі жоқ, олардың бойынан бейнелеу өнеріне деген қызығушылықты байқамадым, – дейді Ботагөз бізбен әңгімесінде.
Ауыл тұрғыны ауыл-аймақтарда сурет байқаулары мен көрмелердің өтпейтінін айтады. Алайда, осындай қылқалам шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылса, өз туындыларын қоюға құштар науырзымдықтар көп. Балалар арасында көрмелер ұйымдастырылып жатады, бірақ ересектер назардан тыс қалып жатады. Ауылдағы тұрғындар арасында мұндай іс-шаралар әлі де өткізіледі деген үміттеміз. Өйткені, шын талант жерде қалмайды.
      
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓