АЯН

(болған оқиға)
Старик на кладбище_1Қабылда ақсақал бүгін Аманкелді  ауданы  орталығынан Торғай маңындағы Қалам-Қарасу ауылына жолаушылап шықпақшы. Қар аттың тобығынан сәл ғана асады әрі жұмсақ болған соң, Қабекең ол жаққа атпен бармаққа бел буып отыр. Себебі, жетекке бие алып, Қалам-Қарасуда тұратын інісі Кенжебайдың үйіне жеткізіп салу қажет. Не керек, Торғай  қайдасың  деп   тартпай ма. Жасы жетпістің жетеуіне келсе де, отырып-тұруы әлі тың ақсақал Торғай атырабын жастайынан аз шарламаған, атқа отырып, 100-150 шақырымдағы аралыққа тәуекел деп жүре беруі әдеті оның. Бұл жақтың өзен-көлі, жері-тасы таңсық емес ол кісіге, себебі ертеректе жеті-сегіз жылдай жылқышы болғаны бар.
Аманкелдіден шыққан Қабылда ақсақал Қабырға өзеніне қарай бет алды. Осы өзеннің бойы Торғайға төте апаратын жол. Қабырғаны жағалап келе жатқан кезде даланы қалың қою тұман басты. Бала күнінен жер-суды жетік білетін адам адасамын деп ойласын ба, артқа бұрылмастан, алған бетінен қайтпай жүре берді. Бағдардан адаспас үшін тура бағытты ұстап келеді.
Қай мезгіл екенін тап басу қиын, бірақ жетекке жылқы ерт-кен ақсақалдың көз алдында қараңдаған бірдеңе көрінді. Жақындап келсе, айдаладағы зираттардың үстінен шыққан екен. Атынан түсіп, құран аяттарын оқып, жаңағы тамдардағы адам аттарын, тегін, руын оқыды. Сөйтсе, ол Қабырғадан алыстап, оңтүстік батыстағы Айырқұм бойындағы Ағытай қыстағына бір-ақ жеткенін сонда білді. Енді не істемек керек? Қап-қара тұманның басылатын түрі жоқ. Артқа  Қабырғаға бұрылып бара алмайсың. Ал қыстың күні иен далада тұманда адассаң аман қалуың екіталай.
Бастапқыда Қабекең күннің сәл де болса ашылғанын күтіп еді. Зират басында болған соң құбыла қайда, түстік қайда, теріскей қайда екенінен жаңылмайсың әйтеуір. Тек айналаң жарықтанса болғаны. Не керек, ауа-райының оңынан келетін сәтін күтемін деп, жапан далада бір-екі күн қонып та алды. Аттарды қашып кетпейтіндей етіп тұсаулап, байлап қойған. Ауық-ауық зираттың сыртындағы ескі жолды қарап келеді. Өйтетіні, әлгі жолдан біраз уақыт бұрын жүрген көлік ізінің табы білінеді. Мұндай жерде тек дала жануарларын қорғайтын мекеме инспекторлары ғана жүруі мүмкін. Солар келіп қала ма деген үміт бар. Әйтпесе, қыстың күні бұл маңға адам аяғы бассын ба. Оның үстіне күннің райы мынандай болса.
Ақсақал төңіректі бір шолып келеді де, зират қабырғаларын ықтайды. Қорымның арасынан биіктеу қаланған екі тамның арасына кіріп, ерді басына қойып, аз-аз уақыттан көз іліндіріп алып жатыр. Жатса-тұрса күбірлеп құран оқып, дұға қылумен ғана болды. Аязда қатты ұйықтап кете алмайды. Бұл жақта қасқыр да көп.
Ақсақал осылай бір араны айналсоқтап, шыға алмай жүргенде, бірнеше тәулік өтті де кетті. Бір жағы суық қысып, екінші жағы ашыға бастады. Түз далада қорек қылар енді не бар дейсің. Оның үстіне "қырсық бір айналдырса – шыр айналдырады" демей ме, осылайша ұйықтап-тұрып жүрген кезде, мініп келген аты босап, қашып кетті. Қолында мылтығы да жоқ ақсақал ақыры көп ойланбастан, жетектегі биені союға бел буды. Қолында аяқ тұсауға жарайтын шылбырдан басқа ештеңе жоқ. Оның өзі алдыңғы екі аяқты орағанға әзер жетеді. Сексенге таяған адам тұрмақ, тепсе темір үзетін зіңгіттей жігіттердің өзінің жуан малды жалғыз өзі шандып байлап жығуы екіталай.
Не керек, Қабекең әлгі биемен ұзақ уақыт алысты. Өлдім-талдым дегенде жарықтықты құлатып, бауыздап тастады. Өзі де іркілдеп тұрған семіз неме екен, қазысын тіліп жіберіп, майын шикілей сора берді. Қанша дегенмен қазының аты – қазы емес пе, бағанағыдай емес, бетіне қан жүгіріп, аяқ-қолы жыли бастады. Оның үстіне, жануарды жығамын деп біраз ентігіп те қалғаны бар. Түн ортасы ауған кез болса керек, ақсақал аздап көз шырымын алайын деп жантая кеткені сол екен, ұйықтап кетіпті.
Шалқалап қалса керек, бір заманда өзі ықтап жатқан екі зираттың біреуінен ақ жаулықты кейуана шығып: "Балам, тұр да, тез жолға шық. Сені әлдебіреулер іздеп таба алмай жүр" деді де, ғайып болды. Қабекең басын көтеріп, жан-жағына қарады, ешкім жоқ. Өңі екені, түсі екені белгісіз, не болғанын түсінбей сәл отырды да, жаңа ғана егде адам айтқан сөздер есіне оралып, жалма-жан жолға қарай жүгірді. Анадайдан жарық келе жатыр. Құдайдың құдыреті десеңізші – "УАЗ" көлігі! Машина да адамды көріп, бірден тоқтады. Бұлар дала аңдарын қорғайтын инспекторлар екен. Олардың зират маңында қорықпай, бірден тоқтады дейтіннің жөні бар, бұған дейін жолдан бір рет өткенде, адам ізінің жатқанын көреді. Қабекең болған оқиғаны түгел баяндап берді.
– Ақсақал, сіздің көрер жарығыңыз бар екен. Біз сізді аяқ іздеріңізбен іздеп жүрміз. Осы маңайды айналып, ұзап кете қоймапсыз. Суықтан аман қалғаныңыз бір бөлек. Бірақ неге екені белгісіз, соңыңыздан жүрген қасқыр аяғының табы бар. Сіз жүріп өтесіз, артыңыздан түз тағысы еріп отырған, – деді инспекторлардың бірі таңданғанын жасырмай. Ғажап емес пе!
Иен далада алты күн бойы аштық пен аязды көрген Қабылда ақсақал сол күні Амантоғай ауылына жеткізілді. Әйтеуір Алла Тағаланың мейірімі болар, сыз тартып, суық тигеннен аман.  
Міне, осы бір оқиғадан бері сегіз жылға жуық уақыт өтті. Бүгінде сексеннің бесіне қараған тыл ардагері Қабылда Есенғұлов Арқалық қаласында өмір сүріп келеді. Ақсақалдың басынан өткен  осы  бір баян туралы Торғай  өңірі ұмыта қойған жоқ. Кейіпкерімізді тегін адам емес дейтіндер де көп. Сонау зират басындағы әйел адамның ескерткен сөзі аян болуы мүмкін бе? Инспектордың да қасқыр ізі туралы айтқанына қалай сенбейсіз? Оның үстіне, Торғай жері құпия-сырын ішіне бүгіп жатқан бір әлем болса. Ал осындай жаратылысы бөлек ерекше адамдар аз ба арамызда?
Қыдырбек
      ҚИЫСХАНҰЛЫ
Коллажды жасаған Денис ВЛАСЕНКО.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓