Елес

Мәдина деген бір қыз кішкентай кезінде жертөледен көкөніс алып жатқан әке-шешесіне жоғардан қарап тұрып, жертөленің жер қабырғасынан маймылдың бейнесін көреді, басы, кеудесі, сұлбасы түгел көрінеді. Тек… жартылай мөлдір ар жағынан топырақ көрініп тұр екен. Содан секемденген бес жасар бала "әне, әне маймыл ұстап көрші" дейді. Ұстап көрген анасы да, әкесі де ештеңе таппайды, "қой көзіңе көрінген ғой" дей салады. Сол М. одан кейін бірнеше айдан соң қолын сүлгіге сүртіп тұрып бұрыштан өзіне қарап ыржиып тұрған ауылдағы бір бұзақы баланың басын көреді. Көздері қап-қара, шаштары бұйра, сотанақ бала болатын. Неге басы ғана көрінеді? Кенет осы ойдан шошып кеткен ол басқа бөлмеге жүгіріп барып дабырлап ағасына айтып, жүр-жүрлеп сүйрей жөнеледі. Келіп қараған ағасы ештеңе көрмейді. Ол келгенде де тұрған жаңағы бас бір кезде дереу жоқ болып кетіпті. Тағы да ешкім сенбейді, өйткені ол біреуге көрінсе біреуге көрінбейді. Айтқандай, аластағанда бұрыш-бұрышты түгел аласта деп жатады, тегін емес, бұрыштарды паналауды жын-пері ұнататын көрінеді.

Жұртына сыйлы бір әжей қайтқанда сол бөлмеде ол кеткен соң барып қонған түні оның бос кереуеті жақтан "ух, Алла-ай" деген күрсініске толы әже даусын естіген бала шошып кетіп, шамды жағып таңға дейін ұйықтай алмапты. Рух па, ол кім? Не себептен күрсінді?
Пештің иығына тамызықты үйіп қойып қара күзде қалың ұйқыда жатқан бір қыз, тамызық тұтанып пеш маңында жанып, үйдің іші көк ала түтінге толғанын сезбей жата береді. Кенет мойнына көбелектің қанаты секілді әлсіз бірдеңе қайта-қайта ұрған кезде ғана дереу оянып кетеді. Үйді желгертіп, пешті сөндіріп, аман қалады. Оятқан кім? Үйде ешкім жоқ еді ғой. Тіпті үй жануары да жоқ.
Ділнәр ДҮЙСЕНҒАЛИ.