Таныс сөздер төрліні
Алаш. "Алаш" сөзінің төркіні туралы Абай да жазған: "Әмір Темірдің нәсілінен шыққан қазақ ханы Ахмет қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рақымсыздығына қарап "мынау бір алашы болды ғой" депті, жан алушы болды дегеннің орнына. Сондықтан ол кісі Алаша хан атаныпты. Сонан соң хан бұл атты қалмақ қорыққаннан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта "алашы, алашы" деп ұран -сүрен салыңыз деп бұйырып, көп жанның айғайымен "алаш-алаш" деп кетіпті. "Алаш" сөзінің этимологиясы жайында С.Сейфуллин де пікір айтқан: "Қалай болғанда, "алаш", "алашы", "алаша"деген сөздер бір сөз, қалмақ, монғол тілінде "кісі өлтіргіш", "жау" деген сөз. "Алаш" деген сөзді ұран қылып алған ел біраздан соң ел атының өзін "алаш" деп атайтын болған". В.Радлов бұл сөзді бүкіл қазақ халқының ұраны, түбірі "ал" деген етістік деп көрсетеді. "Алаш" қазақша ел, халық деген мағынада қолданылады.
Адамның жасына байланысты атаулар
1 жасқа дейін – шақалақ, нәресте
1-10 жас – сәби
1 жастан 2 жасқа дейінгі қыз бала– бөпе, ұл бала – бөбек
2 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін
3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған, балауса
6 жастан 7 жасқа дейін – бала, балақай
8 жастан 12 жасқа дейін – ойын баласы, жеткіншек
13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала, жасөспірім
16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала, бойжеткен
20-30 жас аралығы – жас жігіт, қыз
30-40 жас аралығы – дүр жігіт, аға, еркек, келіншек
40-50 жас аралығы – отағасы, әке, көке, әйел, ана, тәте
50-60 жас аралығы – жігіт ағасы, әйел, апа
60-70 жас аралығы – қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже
70-80 жас аралығы – ақсақал, ақбұрым
80-90 жас аралығы – ақ үрпек шал, ақ үрпек ана, қарт, қария
90 мен 100 аралығы – селкілдек шал, селкілдек кемпір
100 жастан жоғары – кейуана, баба.
Бір ауыз сөз…
Алғыс сөз. Біреудің екінші біреуге ықыласын, ризашылығын білдіргенде айтылатын сөз.
Қарғыс сөз. Керісінше біреудің екінші біреуге жамандық тілеп, наразылығын білдіретін сөзі.
Бата сөз. Адал ниет, жақсы тілек білдіруде қолданылатын игі ізгі тілектер. Ақ батаны аузы дуалы кісілер, ақсақалдар берген.
Қара сөз. Қаламгердің көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін өсиетке толы шешен сөзі.
Көркем сөз. Эстетикалық мәні күшей-тілген, әсерлі, бейнелі сөз. Көркем сөз әдебиет негізін құрап отыратын мәңгілік мұра.
Маржан сөз. Халықтың өз даму тарихында басынан кешкен алуан түрлі оқиғалары жөнінде жасаған қорытынды, философиялық ойлардың ұтымды көрінісі, яғни мақал-мәтелдер.
Қанатты сөз. Тұжырымды ой, әуезді ұйқасқа құрылған сөз тіркестері. Көлемі 3-4 шумақтан артса, нақыл өлең, терме, толғауға айналады.
Нақыл сөз. Күрделі мәселелерді терең, дәл жеткізетін іші – алтын, сырты – күміс сөз төресі.
Аталы сөз. Мәнді өсиеті мол, тәрбие-леуші сөз. Аталы сөз – баталы сөз.
Дәйек сөз. Түпнұсқадан сөзбе-сөз алын-ған үзінді. Автордың ойын беделді пікірлермен тиянақтау үшін құнды дерек ретінде қолданылады.
Тыйым сөз. Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі. Бұл сөздер балаларды жаман әдет, теріс мінезден сақтандырып отырған.
Байырғы сөз. Белгілі бір тілдің өзіне тән, лексикалық құрамының неғұрлым ескі қабатына жататын етене төл сөздер.
Қарапайым сөз. Күнделікті тұрмыста қолданылатын жалпы халықтық қара дүрсін сөздер.
Көнерген сөз – күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылмайтын, бірақ тілдің сөздік қорында сақталған, көпшілікке түсінікті сөздер.
Бұдан басқа да сөз түрлері бар: бөтен сөз ("бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…"), буулы сөз ("буынсыз тілің, буулы сөзің…"), құрғақ сөз ("құрғақ сөз бас ауыртар.."), жақсы сөз ("жақсы – жанға қуат"), қызыл сөз ("қызыл сөзді сүйрік көп…"), жүйелі сөз ("жүйелі сөз-киелі"), жылы сөз ("жылы сөз-жанның шуағы"), шұрайлы сөз, тәтті сөз…
Ұяда нені көрсең…
Фразеологизмдер cайып келгенде адамның іс-әрекетін, сын-сипатын, қалып-күйін, дүние танымын өзіндік бояу нақышымен бейнелейтін танымдық мәні зор көркем сөз бұлақтарына жатады. Мысалы, бастан құлақ садаға, ит терісін басына қаптау, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, түйе үстінен сирақ үйіту, шөп басын сындыру, т.б. Ал, күнделікті өмірде көп қолданылатын, жалпыға бірдей мағынасы түсінікті болғанымен астарына сыр бүккен мақал-мәтелдеріміз де жетерлік.
"Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің" деген мақал "от басында қандай тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге көрсең, өсіп-жетілгенде де соны істейсің" деген ауыс мағынада бүгінгі педагогикалық тұжырымдаманың негізіне айналып отыр. Этнолингвистика болса, міне осындай құбылыстың мән-жайын түсіндіруге тырысады. Осы мақал о баста қыран құстар өмірін байқаудан туып, саяткерлер лексиконында қолданылған жай тіркес болған. Шынында да бүркіт өз балапандарын құз-қиядағы ұясында қара қанат болып ұшқанға (өз тамағын өзі тауып жегенге) дейін сол төңіректегі барлық аң-құстардың, мал төлінің етімен (кейде өлексесімен) қоректендіруге ты-рысқан. Бұл жайт мақалда "отбасындағы көрген тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге" мағынасына баланып отыр. Ал, бала бүркіттің өсіп, қыран болғанда, "иісін алып, дәмін татып, құштарлана жеген аң-құстарды көбірек ілетіні" ауыс мағынасында "баланың өскенде отбасында алған үлгі-өнегесін істейтін әдетіне" айналып отыр.
Осы сияқты мағыналық өзгерістерді кез келген мақалдан табуға болады. Мұндай өзгерістерді "тірек" сөздер арқылы тақырыптық топтар жүйесіне енгізу, түсіндіру тағы да этнолингвистиканың күрделі міндетіне жатады.
Айжамал Қайыпбаева,
Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ гуманитарлық-әлеуметтік факультетінің
тіл және әдебиет теориясы кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.
Кісіні аузындағы сөзінен таны
Дүниеде екі нәрсені қайтаруға болмайды екен: біріншісі – өтіп кеткен уақыт, екіншісі– ауыздан шыққан сөз. "Айтылған сөз – атылған оқ" демей ме? Сол себепті ауыздан шығатын әрбір сөзге абай болған абзал. Тілге сақ болу қателесу, жалған сөйлеу, өсек айту, екіжүзділік, былапыт сөздер айту, біреуді жамандау, қорлау және де біреудің абыройын төгу сияқты жаман әдеттен сақтайды, сондай-ақ бос сөйлемеу керек. Қалай сөйлеуді үйрену маңызды. Алайда, кейбір ретте сөйлемеуді үйрену одан да маңызды. Ақылы бар адам дау-дамайдан, кикілжіңнен, тіпті, сөйлескісі келмеген адамынан үндемей құтылады…
Үнсіздік туралы данышпандар "кейде үндемей қалу да үлкен сөз айтқанмен бірдей", "үндемеуде үлкен даналық бар" дейді. "Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық" деген мақал да осыған меңзейді. Алайда, айтылуы тиіс сөзді айтпай қалып, үндемей ішіңе жинай берсең, ол да жаман. Мұхтар Әуезов "атылмаған оқтан айтылмаған сөз жаман" деген, яғни ең дұрысы – орнымен сөйлеп үйрену.
Адамның сөйлеген сөзінен ішкі жан дүниесінің қандай екенін білуге болады, яғни дұрыс сөйлеу жүрек тазалығының, ой тұнықтығының, парасаттылықтың, мәдениеттілік пен кісіліктің белгісі. Атам қазақ "кісіні аузындағы сөзінен таны" деп бекер айтпаса керек.
Мақалада да мақал бар…
Қазақ тілінде қызық та болса, мағыналы мақал-мәтелдер жеткілікті. Ендеше, мақал-мәтелдерге кезек берейік.
Сорлы тышқан соқыр мысық бар дегенге сенбейді.
Өмір көрген түлкінің үш-үштен іні болады.
Есек семірсе иесін тебеді.
Тауықтың түсіне тары кіреді.
Өз інінде көртышқан да көреген.
Қасқырдан хал кетсе, ешкіні апа дейді.
Ақылы жоқтың, арманы жоқ.
Бүркіттің сайрағаны өлгені.
Есенің де есесі, есектің де шешесі бар.
Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айрылыпты.
Өсек сөз өгізді де өлтіреді.
Бақа батпағын сағынар.
Екі қарбыз қолтыққа сыймас.
Дүниені су басса да үйрекке не?
Жалқауға ауладағы су да алыс.
Жерден табылса, аспанға секірме.
Қарғаның "қарқ" дегені өзіне қуаныш.
Су көрмей етік шешпе.
Судағы балыққа қуанба, ол әлі сенікі емес.
Сөз жаманы – сыбырлау.
CӨЗ СОҢЫ:
Қазақ тіліндегі ең ұзын сөз қандай екенін білесіз бе? Бұл туралы ойланып көріңіз. "Сөз әлемінде" кездескенше.
Мнауара Қабдрахметова.