Қызымның тағдырына алаңдаймын…
Қазақ қыз баланы жат жұрттық санайды. Үйде жүргенде төрін беріп, қонақ екенін де естен шығарған емес. Мен қыз тәрбиелеп, өсірген анамын. Былтыр бұлаңдап өскен қызымыз тұрмысқа шығамын деді. Жасы бар болғаны 19 жаста болатын. Әлі жассың, асығыстық танытпа деп ақыл айтсақ та, бақытымды таптым деген қызды ұстап тұрудан да қорықтық.
Жастар өздері шешім қабылдаған соң екі жақ та келістік. Құда түсу, сырға салу сияқты салт-жоралғылары кезегімен өтті. Қызымызды қолымыздан ұзатып, ұясына қондырдық. Бірақ, қызым әлі жас-ау, барған жеріне көндігіп кете алар ма екен деп іштей уайым жеп жүрдім.
Алғашында бәрі жақсы болды. Қызыма келін болу, жар атану ұнаған сияқты. Әлі жас қой. Уақыт өте келе қызымның қабағынан бір отбасының міндетін алып жүрудің ол ойлағандай оңай еместігін түсінгенін көрдім. Енесін жақтыртпай жүргенін де сездім. Өзі ашып ештеңе айтпаған соң мен де үндемей, тек бар ақылымды айтумен болдым. Үйренер деген ойым болды. Бірақ, қателесіппін. Уақыт өте келе отбасында туындайтын кейкілжіңге бола киімдерін жиып алып, үйге келе беретін "өнерін" шығарды. Басында ақыл айтып, үйіне қайтарып жібердім. (екі рет). Бәрін түсінгендей болады. Енді қызым осы бір жаман әдетке бой үйретіп ала ма деп қорқамын. Не істесем болады. Ақыл қосыңыздар. Әрі өзге де жас ке-ліндерге үлгі болса деймін.
Ажар Баймолдина.
Қостанай қаласы.