Игі істерге толы «Тайқазан»
Елімізде ақпан айының алтысында Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы салтанатты түрде ашық деп жарияланды. Қоғамдық институттың жиырма жылдығына орай жер-жерде түрлі іс-шаралар басталып кетті. Ассамблея жылына астықты аймақтың да қосар үлесі бар. Бұл туралы Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Бағытұр Дәндібаевтың қатысқан дәстүрлі брифингте айтылды.
Ақпан айының төртінші жұлдызында Елорда төрінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 игі іс» жобасы бастау алды. Республикалық эсафетаның символы-Тайқазан. Бірлік пен молшылыққа баланған Тайқазан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясына дейін еліміздің барлық облыстарын аралайтын болады. Бұл эстафетаны 6 сәуірде ақтөбелік делегация Қостанай облысына табыстайды.
Үш күннен соң аталмыш жоба Қызылорда облысында жалғасын таппақ. Сондай-ақ облыстағы он сегіз этномәдени орталықтың қатысуымен қайырымдылық шаралары жалғасын таппақ.
Мәселен, тәжік ұлттық орталығы жылдағы дәстүр бойынша «Жанұя» балалар үйі және қарттар үйіне барып, көмек беретін болады.– Қилы заманда қазақ даласына түрлі этнос өкілдері қоныс аударды. Олар жергілікті тұрғындармен біте қайнасп, бір шаңырақ астына топтасты. Қостанай облысын мекендеген өзге ұлыс өкілдерінің арман-тілегі, мақсат-мүддесі бір. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан дүниежүзі елдеріне бірліктің, татулықтың үлгісін көрсетіп отыр. Ата-баба аңсаған азаттығымыз мәңгілік болсын,-деді ҚХА төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Бағытұр Дәндібаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретте: ҚХА төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Б.Дәндібаев
























