Керегеміз кең сияқты, ал тереземіз теңесе ме…
Темір Әміров – 2005 жылы ҚМПИ-ын математика пәні мұғалімі бойынша тәмамдады. Бірнеше жыл Қостанай қаласының автомобиль көлігі колледжінде ұстаздық етті. 2008 жылы кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Германияда "Ақпараттық технология және электроника" саласында арнайы жартыжылдық курсын, 2012 жылы Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру саласының бір топ мамандарымен бірге Сингапурдегі ең ірі "Наньянг Политекник" колледжінде білімін шыңдап келді.
Даму үдерісіндегі дәуір додасында діл я іліммен ілгерілеу бүгінгі биіктердің ең ізгісі. Себеп: мүдделі мемлекеттің ұдайы мінберден көрінетіні, таразыда бізді бағар біліммен тең түсер әлді табу әсте жеңіл болмасын бұ заманның уақыт атты талабы да ұғындырып тұрғандай. Өнер-білім бар жұрттар өркениеттің өрінде, ал біз? Керегеміз кең сияқты, ал тереземіз теңесе ме? Санамыздың сапасы тұрғысындағы сауалдарымызды ғылымның көкжиегінде жүрген, жырақта жүріп біліктілік арттырған "Қостанай таңы" газетінің социологиялық орталығының ITS-менеджері Темір Батырқанұлын әңгімеге тарттық.
– Темір Батырқанұлы, шетелдік білім жүйесінен алған бірінші әсеріңіз…
– Тәлімгер ретінде айтар болсам, білім беруде теория мен тәжірибені тиімді үйлестіре білуі назар аудартады. Олардың пайымдауынша, тұрмыста пайдаға аспайтын машықты студенттерге үйретудің қажет жоқ. Мәселен, біздің елде автобус істен шығып қалған жағдайда жүргізуші көліктің астына кіріп, оны жөндей бастайды, ал Германияда жүргізуші өз орнында отырып, арнайы қызмет орнына қоңырау шалады, олар жөндеу жұмыстарының қиындығына байланысты сол жерде реттеп беруге тырысады, не көлік жөндейтін арнайы орындарына алып кетеді. Білім мәселесінде де солай. Яғни біз әмбебап білім береміз, түлектеріміз, егер ол компьютерлік бағдарламалаушы болса, ол графиканы да, бағдарлама жасауды да, компьютерді және оның қосалқы құрылғыларын жөндеу жұмыстарын да жасай алады. Ал, Германияда егер сіз бағдарламашы болсаңыз, сіз тек бағдарламалайсыз, егер техник болсаңыз тек техниканы жөн- деумен ғана айналысасыз.
– Біздің оқыту әдістемеміз ауқымды дегіңіз келе ме?
– Дәл солай. Қазіргі таңда жұмыс орындарының жетіспеушілігіне итермелеп отырған себептердің бірі осы мәселе болуы ықтимал. Егер маман құрылғыларды жөндесе немесе компьютерлік бағдарламалар жазумен айналысса, тек сол салада ғана еңбек етеді, яғни тиісінше оның тәжірибесі артып, сол істің шебері атанады. Ал біздікілер бір жабдықты жөндеп жіберіп, дизайн ойлап тауып, кейін тағы бір істерін тындырып жатады, яғни бәрі шашыраңқы, бір жағынан әмбебаптығы қуантады, ал екінші жағынан істің сапасы запа шегеді. Егер нақты өз саламызбен жүрер болсақ, бір істі сапалы әрі жылдам жасар ма едік, әйтпесе біз түрлі жұмыстарды мойнымызға алып, оны сапалы етіп тындыруға үлгере алмай жатамыз.
– Демек, бұл әдістің өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар…
– Ия, алайда біздің экономикамыздың өсуі үшін бұл тиімсіз болуы мүмкін. Неге десеңіз, біз барлық жұмысты жасаймыз, ал жалақымыз небәрі 50 мың теңге, ойлап қараңызшы, егер ақшамызды орындайтын әр ісімізге бөлер болсақ, ол тиісінше көбейер еді. Шетелде алған үлгіме келер болсақ, елге орал-ған соң, сабақ беруді басқаша жүргізе бастадым. Менің оқитын дәрістерім көп болатын, ал мен оларды тәжірибелік жұмыстар есебінде өткізуге тырыстым. Нақ-тылап айтқанда, сабақ барысында, техниканы бөлшектеп, оның әр тетігі қандай функция атқаратындығын көрсетіп, сол ретте туындаған сұрақтарға жауап беріп отырдым. Мәселен, барлық өткізетін пәндерім бойынша теориялық дәрістерді алуға болатын өз сайтымды құрдым, білім алушылар өздеріне қажетті ақпаратты осы жерден алып отырды. Ал сабақты сұрақ-жауап ретінде өткіздік, өйткені біз бұның тиімді екенін түсіндік, себебі процесс барысында студенттердің құрылғының қалай жұмыс жасайтындығы жайлы ойлары қалыптасады.
– Сіз Сингапурмен таныстыңыз, әдетте бұл елді "компьютер-мемлекет" деп атайды, оның әлемдегі аумағы ең кішкентай елдердің қатарына жататындығын, бір мезетте астана, мемлекет, қала болып табылатынын, қоғамдық тәртіп бұзушылық қатаң жазаланатыны жайлы білеміз. Ал сіз ол жақтан қандай өзгеше-ліктерді байқадыңыз?
– Біріншіден, Сингапур десе есіме ең алдымен барлық жерден шығып тұратын ыстық асфальттың иісі түседі (жымиып). Екіншіден, ол жақ адам ресурсы министрлігі бар мемлекеттердің бірегейі, олар қаладағы білім беруді, өндіріс пен білімнің ұштасуын, адамзаттың потенциалын дамытуды қадағалап отырады. Бір қызығы, бұл елде ешқандай табиғи ресурс жоқ, дегенмен экономикалық қарқыны жөнінен көш бастап отыр. Кәсіби біліктілігімізді арттырған Наньянг политехника колледжінде, мұғалімдер бізге техникаларының өндірістегі техниканы басып озып тұрғандығын айтқан болатын, демек олардың колледждеріндегі жұмыс істейтін станоктары болашақта өндірісте енді пайда болатын құрылғылар.
– Сонда олар болашақ үшін қызмет етеді дегіңіз келе ме?
– Олар оқуда озық заманауи техниканы қолданады . Бұл ретте айта кетерлігі, студенттің дипломдық жұмысы өндірісте қолданылмаса, ол институттан шығарылмайды. Оқу барысында олар өз жұмыстарының кәсіп-орында пайдаға асуы үшін ізденеді. Оларда біздегідей "супер" диплом жазып шығу керек деген түсінік жоқ, мәселен станоктың жұмыс жасау өнімділігін арттыратын кішкентай бөлшек ойлап тапсаң, осының өзі сенің дипломдық жұмысың болып саналады.
– Сингапур егемендік алғалы бері 49 жыл өтті, осы уақыт ішінде білім сапасын биікке шығара білді. Қалай ойласыз бұның құпиясы неде? Тұтастықта ма әлде мемлекеттік құрылыста ма? Біздің сондай мүмкіндіктеріміз бар ма, болса біз оларды дұрыс қолданып жүрміз бе?
– Ең алдымен, басқару жүйесінде. Халқы заңдарына берік, елдерінің даму мақсаты айқын. Халқының 75%-ы қытайлықтар екенін алға тартсақ, өз жұмыстарына деген беріктігі, еңбекқорлығы сезіліп тұрады. Олардың пайдалы қазбалаларының жоқтығы, жер көлемінің тарлығы бәлкім осының бәрі жоқтан бар жасауға, дамытуға итермелейтін болар.
– Яғни салыстырмалы түрде бәрі керісінше болуы мүмкін, бізде бәрі бар, бірақ оны дамытуға ерінеміз, ал оларды ре- сурстарының жоқтығы алға итермелейді, солай ма?
– Біз ерінеміз. Тағы бір айта кетерлігі, ең бастысы оларда біздің жүйеге қарағанда білім әлдеқайда жоғары бағаланады.
– Темір Батырқанұлы, сіз білім алған Германия, Сингапурде кең таралған, дуалды білім жүйесі деген ұғым бар, яғни білім алушы оқу орнында бір жарым сағат теория алады да, қалған уақытында өнді-рісте жұмыс жасайды. Ол туралы не айтасыз?
– Бұл жүйені тез арада қолдануымыз керек деп айта алмаймын. Сингапурде байқағаным, білім беру әдістерінде неміс, жапон, американың жүйесінен алынған элементтер бар. Яғни, біздегідей Болон процесі шығысымен барлығын сол жүйеге икемдеу деген жоқ. Мәселен, олар өздерінде Сингапур-Жапон немесе Сингапур-Неміс институттарын ашады, ол оқу орны белгілі бір уақыт аралығында аталмыш жапон немесе неміс технологиясымен жұмыс істейді, неміс ұстаздары сол елге, Синагапур ұстаздары Германияға барып тәжірибе алмасады, осы аралықта олар неміс жүйесін өздеріне икемдеп алады. Яғни бірден бас салып қабылдамайды, зерделеп, озығын алып тозығын тастауға тырысады.
– Сіздің халықаралық "Инновация. Web-2013" білім сайт-тары байқауында "Ең үздік инновациялық сайт" аталымы бойынша жеңіске жеткеніңізді білеміз. Өзіңіздің жетістіктеріңіз жайлы айтып берсеңіз…
– Бірден айтайын, бұл сту-денттермен бірлесіп жасаған жұмысымыз болатын. Сингапурден шабыттанып оралған соң, негізгі пәндер бойынша анықтамалық жасау туралы ой туған болатын. Ең басты жетістіктерім деп түлектерімді, тәлім берген студенттерімді санаймын.
– Білім жүйемізге, оқу бағдарламаларына немесе оқу жоспарларына қандай өзге-рістер енгізу қажет деп санайсыз, қандай модульдер біз үшін тиімді болар еді?
– Меніңше, әуелі өндіріспен байланыс орнатудың жолдарын іздестіру қажет. Қажет мамандарды шамадан тыс дайындамау шарт. Қоғам жоғары білікті кадрлердің жетіспеушілігін сезінуі үшін қазірден бастап өндірісті бастап кету керек деп есептеймін. Оны жүзеге асырсақ, мамандар тапшылығы сезіле бастайды да, кейін білім беруді біреу қолға алады. Оқу бағдарламаларын бірден жүйемізге енгізіп, сол тәжірибені тез арада қолдану керек демеймін. Алдымен оны біраз саралап, сол негізде университет ашып, ол технологияны халықтың қалай қабылдайтынын байқап, оған ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, өзгерістер енгізген соң ғана жүйені пайдалану шарт.
– Сіздің түсінігіңізде ғылым деген не?
– Ғылым – ол ізденіс. Оны тапқан кездегі әсерді сөзбен жеткізу қиын. Қазір мехатроникамен айналысудамын, роботтар құ-растырамын, қолыңнан келмей жатады, біраз тер төгесің, нәтижеге қол жеткізгенде рақаттанасың. Менің түсінігім бойынша бір жағынан бұл құмарлық та шығар. Әрине бар қызық істің, студенттерге берген біліміңнің нәтижелілігінде.
– Мәнді әңгімеңізге рахмет!
Сымбат Смағұлова,
"Қостанай таңы" социологиялық орталығының маманы.