Облыс әкімі оңтүстік аудандарда
Аймақ басшысы ең әуелі Амангелді және есір ауылдарындағы сумен қамту жүйелері құрылысының барысымен танысты. Сумен қамту жүйелерін жаңғырту Өңірлерді дамыту жобасы аясында қолға алынды. Оны жүзеге асыруға 852 млн теңге бөлінген. Тұрғындар бұған дейін тіршілік нәріне арнайы кесте бойынша қол жеткізіп келсе, енді ауызсу үзіліссіз беріледі.
Одан кейін аудан орталығындағы М.Мәметова, 23А мекенжайында бой көтерген 8 пәтерлі аз отбасылы тұрғын үйге бас сұқты. Жас отбасыларға арналған баспана демеушілер қаржысына салынған. Сондай-ақ, аймақ басшысы осы жылы ашылған "Жастар" саябағына ат шалдырды. А.Бегежанұлының жұмыс сапары Жангелдин ауданында жалғасын тапты. Биыл мұндағы тұрғындар үшін ең маңызды оқиға 150 шақырымдық Торғай-амангелді тас жолы құрылысының аяқталуы болды. Қатынас бар болғаны 1 сағаттық уақытты алатын бұл күре жол 40 жыл бойы жөндеу көрмеген еді. Мұнымен қоса, Қарасу өзені үстімен өтетін көпірді, 1 шақырымдық "Шұбалаң-Қарасу" автожолын жөндеу қолға алынды. 1979 жылы салынған көпір апатты жағдайда тұрған болатын. Оны қалпына келтіруге 128,3 млн теңге жұмсалды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждық жұмыстар жүріп жатыр.
Торғай ауылын сумен қамту жұмыстары да бақыланды. Бұл мақсатқа 538,9 млн теңге бағытталған. Сондай-ақ, облыс әкімі аудан орталығындағы әкімшілік ғимаратпен және жабық автотұрақпен танысты.