Жас дизайнерлер бақ сынады
Қаламызда алғаш рет оқушылар арасында дизайнерлердің байқауы өтті. Келешекте өздерінің киім үлгілерін шығарамын деген жастар бұл байқаудан тыс қалмады. Әр мектептен келген үміткерлер бірнеше сатыдан өтіп, шеберліктерін көрсете білді.
Алғашқы сынақта оқушылар қолдарынан шыққан түрлі дүниелерін көрсетті. Сан алуан киімдер күнделікті өмірде киіп жүруге икемді. Келесі сынақта оларға бірдей футболка берілді. Қарапайым заттан ерекше дүние шығару керек еді. Бұл жолы жас жеткіншектердің қиялына еш шектеу қойылмады. Және де ойлану үшін екі күн уақыт та берілді. Жай ғана футболканы ерекше киімге айналдыру үшін оқушылар барын салып бақты. Бала қиялы ұшқыр да биік. Бұл жолы да олар өздерінің шеберліктерін көрсете алғандай.
Жас дизайнерлерді сынға алғандар оларға өз деңгейлеріне қарай баға беріп жатты. Қазылар алқасында сән әлемінде қолтаңбалары бар «Сұлтан» сән үйінің директоры М. Төлемісова, Қостанай педагогикалық колледжі дизайн кафедрасының оқытушысы А. Ковбица және «Палитра» студиясының жетекшісі А. Бірназарова бар.
Олар байқауды қорытындылай келе жас жеткіншектерді жастарына қарай 3 топқа бөліп марапаттады. Қалалық балалар шығармашылығы үйі ұйымдастырған мұндай байқаулар оқушыларға жақсы бастама болары сөзсіз.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА