Ақиық ақынға арналды
Ақпанның тоғызы – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Небары қырық бес жыл ғұмыр кешкен Қарасаздың қыраны бүгінде Алаштың ардақтысына айналды…
Мұзбалақ ақынның туған күніне арналған еске алу шарасы Соналы орта мектебінде «Мұқағали Мақатаев – ғасыр ақыны» деген атпен аталып өтті. Бір айта кететіні, бұл күнді мерекелеу алты жылдан бері дәстүрге айналған.
Әдеби-сазды шара аясында балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген ақынның өмір жолы мен еңбектегі еселі жетістіктері баяндалды. Бір топ оқушы жүрекжарды жырлары арқылы қазақ поэзиясының биік шыңына шыққан тұлғаның туындыларын мәнерлеп оқыса, енді бірі ән жазылған өлеңдерін тебірене шырқады. Сондай-ақ, Соналы ауылының ардақты азаматы, білім ордасының бұрынғы директоры Қаду Сақауов та автордың «Ұят болды-ау» өлеңін нақышына келтіре оқыды. Ал құрметті қонақтар қатарынан көрінген Сарыкөл орта мектебінің директоры Ерлан Сманов пен Тәгіл ауылдық округінің әкімі Сағынбай Сүндеталиндер айтулы шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Жалпы, қазақтың қара өлеңін өзімен егіздей көріп жырлаған ақынның отты, рухы асқақ жырлары халық жадында мәңгі жасай бермек.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.